12-03-23 |
590 рет қаралған
Банкроттық жайында не білеміз?.
Банкроттық жайында не білеміз?

Банкроттық жайында заң қабылданса да, әлі күнге дейін көпшілігі оны толғымыен түсінбей жатқаны бар. Оның артықшығы немесе кемшілігі түгілі, қоғамдағы көптеген мәселені шешуге мүмкіндік беретінен де біле бермейді.

Наурыз айының басынан бастап осыған байланысты жүзеге асатын заң бойынша банкроттықтың үш түрі қарастырылуда. Олар: соттан тыс, сот арқылы, төлем қабілетін қалпына келтіру. Жалпы, кейбір азаматтар өзін банкрот деп жариялау үшін басындағы баспанасы мен көлігін өзге біреудің атына жазып жатады. Ондай жағдай анықталса, ол азаматтың әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ұмытпау керек.

Негізі азаматты банкрот деп тану үшін борышкердің төлем кестесі бұзылуы тиіс. Оған қоса, он екі ай өтеуі керек. Ал 12 айда несиесін жартылай өтегендер өзін банкрот деп жариялай алмайды. Кейде іске сот орындаушылар араласып, несиені 10-20 мың теңгемен болсын өтеуге міндеттейді. Бірақ жаңа заңда несиенің аз ғана бөлігін өтеген болсаңыз да, төлем жасалған болып есептеледі. Дегенмен егер несиені төлеу қиын болса, не болмаса ай сайынғы несиенің төлемі көп болса, төлем жасау қабілетін қалпына келтіруге өтініш бере алады. Нәтижесінде, сауатты жазылған арыздың арқасында ай сайынғы төлем 150 мыңнан 70-80 мыңға азаюы мүмкін. Екіншіден, азаматтың мүлкі, көлігі, жері және басқа да қандай табысы бары – бәрі тексеріледі.

Жоғарыда айтылған сот арқылы, яғни сот банкроттығын 5,5 млн теңгеден асатын борышы бар азаматтар ғана қолдана алады. Ол кезде борышкердің бар мүлкі сауда-саттыққа қойылады. Сөйтіп түскен қаражат белгіленген кезектілікке сәйкес кредиторлар алдындағы борышты өтеуге жіберіледі. Сот банкроттығы рәсімі аяқталғаннан кейін сот қаржы басқарушысының, яғни төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы рәсімдерін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын азаматтың қорытындысын бекітеді. Сондай-ақ осының негізінде сот азаматты борыштан босату немесе босатпау туралы шешімді қабылдайды.

Ал банкрот болып танылған азамат 3 жыл бойы шетелге шыға алмайды. Оған қоса, 5 жыл ішінде қайтадан несие ала алмайды. Алдағы 7 жылда өзін тағы банкрот етіп қайта жариялай алмайды. Сонымен бірге, үш жыл бойы оның кірісі, табысы және қаржылық жағдайы мониторинг жасалып отырады.

Сондықтан кәсіпкер өзін-өзі банкрот деп жариялағысы келсе, электронды үкімет порталына немесе Қаржы министрлігінің қосымшасы арқылы өз өтінішін ұсына алады. Негізі банкроттық рәсіміне өтініш бермес бұрын қарыз алушылар несиенің шарты бойынша проблемалық берешекті реттеу үшін банкке немесе микроқаржы ұйымына жүгінгенін растауы керек. Ал кредитор өтінішті 15 күннің ішінде қарап, жауап беруі тиіс.

Ержан Болатбек заңгер

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.