22-04-23 |
3890 рет қаралған
Еңбек адамы.
Еңбек адамы

Мақала да ерен еңбекті қажет ететін айтулы мамандық пен маман иелерінің қиын да қызықты қызметі жайында сөз болады. Мамандығына деген құрмет пен адалдықты ұстанған маман иелерінің жұмысының астарында үлкен еңбек жатыр. Біз тек нәтижені ғана көреміз. Маман иесі болу мен сол мамандыққа бар жан-тәнімен берілу, қиындығына төтеп беріп, қызмет ету бір бөлек.

Әрбір мамандықтың қиындығымен қатар қызықты тұсының болары анық. Мамандық таңдаудан жаңылыспау, таңдаған мамандығыңды, жасаған жұмысыңды шын ниетпен, беріліп жасау, мақсат пен міндет қойып, діттеген нәтижеге қол жеткізуді көздеу маңызды. Еңбек адамының ерен еңбегі мен әрбір жетістігі елеусіз қалмауы тиіс. Әр үздік нәтиже мен қиын жұмыстың астарында бір адамның үздіксіз қызметі мен маңдай тері жатыр. Мамандықтар көп. Менің сөз ететінім баршамыз күнделікті естіп, көріп жүрген мұғалім, дәрігер мамандықтары емес, көп айтыла бермесе де ең маңызды саналатын теміржолшы, қоғамдық орындардың тазалығына жауап беретін жұмыскерлер мен ІТ мамандары.

Теміржол – қиын әрі аса қауіпті мамандықтардың бірі. Бар өмірін темір жолдың бойында қызмет етумен өткізіп жүрген теміржолшылар халыққа қызмет етіп жүрген мамандық иелері. Маңғыстау облысының тумасы Айжарық Теңгірбековтің теміржол саласында қызмет етіп жүргеніне 40 жылдан астам уақыт болған екен. Еңбек жолын теміржол саласынан бастап, жұмыстың ауырлығына қарамастан, халыққа қызмет етіп жүр. Ел экономикасында елеулі маңызға ие темір жол саласы ел мен жерді, қала мен ауылды байланыстырады. Ер немесе әйел деп бөлінбейтін жұмыстың басы қасында жүргендердің бірі Атырау облысының тұрғыны – Гүлжамал Еділбайқызы. 37 жыл жұмыс жасаған ардагер теміржолшы жұмысының қиын, дегенмен өзіне ұнайтындығын алға тартады. Ел ықыласына бөленіп жүрген арыстық теміржолшылардың бірі – Талғат Әбдісаметұлы. Мамандығының қыр-сырын толық меңгерген маманның қызмет етіп жүргеніне 40 жылға жуық уақыт болды. Теміржол саласы үшін тиянақтылық, еңбекқорлық пен мұқияттылық аса маңызды. Себебі, мұнда адам өмірі бар.
«Мамандық таңдағанда ойланып таңдау қажет. Сондықтан жастарға айтырым: теміржолға келсеңдер, ұнатып келіңдер», – дейді, Талғат Әбдісаметұлы.

Қала көшелерінде арнайы форма киіп, тазалық жұмыстарын жасап жүрген жұмыскерлерді жиі кездестіреміз. Қаланы қоқыстан тазартып, сыпырып, тазалық жұмыстарын жүргізіп жүргенімен көп елене бермейтіні рас. Ауыр жұмыстың басы қасында жүрген жандардың бірі – Жұмагүл Мұсағұлова. Таңғы 6-дан кеш қарайғанға дейін жұмыс жасап, қаланың тазалық жұмыстарына өз үлесін қосып жүрген 50 жастағы апайымыз адамдардың қоғамдық ортада қоқысты жөнсіз лақтырып, ластауына артық ештеңе айта алмайтындығын, себебі бұл өзінің жұмысы, міндеті екендігін жақсы түсінеді. Жастарды былай қойған да үлкендердің де мұндай әрекетке баруы өзіміз өмір сүретін ортаны ластау, денсаулығымызға қауіп төндіру болып саналады. Өз жұмысын адал атқарып, қиындығына қарамастан мойыған емес. Үлкен кісілердің ерен еңбегін бағаласақ екен деймін.

Бүгінгі күні қоғам қажеттілігіне орай ауқымы кеңейген, жастардың қызығушылығы артып отырған мамандықтардың бірі – ІТ. Сұранысқа ие мамандықты елімізде дамыту, білікті мамандарларды дайындау ісіне ерекше көңіл бөлінуде. ІТ мамандарлары компьютерлік бағдарламаларды құрастыру, платформалар жасау секілді жаңа технологияларды пайдалана отырып жұмыс жасайды. Жаңа технологияны толық меңгеруді, жұмыс жасай білуді талап етеді.

Сөз соңында айтарым, нәтижені ғана емес, ерен еңбекті, сол қызметті жүзеге асырған маман иелерінің қызметін бағалап, құрметпен қарауымыз қажет.

Альбина Асылбек,

1 курс студенті

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.