29-08-22 |
820 рет қаралған
Қазақстанда балалар құқығы қалай қорғалып жатыр?.
Қазақстанда балалар құқығы қалай қорғалып жатыр?

Кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау Қазақстанның мемлекеттік әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Бүгін еліміздегі балалар мүддесі қалай қорғалып жатқаны туралы баяндаймыз.

Кәмелетке толмаған балалардың құқықтарына арналған құқық нормалары алғаш рет Қазақстан заңнамасында «Неке және отбасы туралы» ҚР Заңының қабылдануымен пайда болды. Бұл заң қабылданғанға дейін балалардың құқықтары ата-аналар мен балалар арасындағы құқықтық қатынастар призмасы арқылы қарастырылды.

Бұл ретте балалардың әрекетке қабілетсіздігі себепті ата-ана қамқорлығының пассивті нысаны жағдайында болды. Заңға кәмелетке толмағандардың құқықтары туралы жеке тараудың енгізілуі осы көзқарасты еңсеру жолындағы маңызды қадам болды десек, артық емес.

2002 жылғы 8 тамызда елімізде «Қазақстан Республикасы балаларының құқығы» жөніндегі Заң қабылданды. Ол баланың Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген негізгі құқықтары мен мүдделерін іске асыруға байланысты туындайтын қатынастарды реттейді.

Бұл заң балалардың мүдделеріне сай мемлекеттік саясаттың мақсаттары, олардың негізгі құқықтары мен міндеттері айқындалды. Онда баланың отбасындағы, бала және қоғамдағы қарым-қатынасы, мүгедек баланың құқықтары және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары туралы жеке тараулар бар.

Сонымен, балалар мүддесіндегі мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаттары болып табылады:

– балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, оларды кемсітуге жол бермеу;

– олардың құқығы бұзылғанда қайта қалпына келтіру;

– бала құқықтарының кепілдендірілген құқықтық негіздерін қалыптастыру;

– балалардың физикалық, интеллектуалдық, рухани және адамгершілік дамуына ықпал ету.

Баланың қандай құқықтары бар

Баланың өмір сүруге, қорғалуына, денсаулығын қорғауға, тұрғын үйге, білім алуға, жеке басын анықтауға және оны сақтау құқығы, мемлекеттік көмекке құқығы бар.

– отбасымен тұрып, тәрбие алуға;
– өз ата-анасының кім екенін білуге;
– ата-анасымен бірге тұруына (бұл оның мүдделеріне қайшы келетін жағдайларды қоспағанда), олар тарапынан қамқорлыққа ие болу үшін;
– ата-анасының тәрбиесінде болуға, ал олар болмағанда немесе ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайда – қорғаншы, қамқоршы немесе балаларды тәрбиелеу мекемесінде тәрбиеленуге;
– жан-жақты дамуға;
– адамның қадір-қасиетін құрметтеуге;
– ата-анасы, ата-әжесі, аға-інілерімен, апа-сіңлілермен және басқа да туыстармен қарым-қатынас жасауына;
– өзінің жеке пікірін айтуға;
– тегін, атын, әкесінің атын алуға;
– күнкөріс пен жүріп-тұруы үшін қаражат алуына.

Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның айтуынша, Қазақстандағы балалардың кейбір негізгі құқықтары бұзылып жатыр. Мұның себебі, заңнаманың жетілмегендігінде емес, онда барлығы тайға таңба басқандай анық жазылған, бәр гәп оны сол жерде іске асыруда болып тұр.

Денсаулық сақтау құқығы

Аружан Саинның айтуынша, әсіресе мүмкіндігі шектеулі балалар қажетті ем-домын ала алмай жатады екен.

«2019 жылдың тамызынан бері маған 667 ата-ана жүгінді, оның 113-і 2021 жылы болды. Ата-аналар түрлі мәселе бойынша хабарласады. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтары медициналық көмек пен дәрі-дәрмек алуда, әлеуметтік көмек, білім алу, қорғаншылық пен қамқоршылық, алимент өндіру, спорт пен өнерге қолжетімсіздігі, құжаттама және басқа да мәселелер бойынша бұзылып жатыр», – деді Аружан Саин өз сөзінде.

Өз кезегінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғаният ерекше қажеттілікті қажет ететін балалардың жағдайы жаңадан құрылған «Қазақстан халқы» қорының арқасында жақсаратынын айтты. Оның үстіне, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қор нақты проблемаларды шешумен айналысатынын айтқан болатын. Оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау мәселесі бар. Өйткені, Мемлекет басшысы атап өткендей, көптеген отбасылар үшін емделуге кететін шығын төзгісіз.

Денсаулық сақтау министрлігі «Қазақстан халқы» қоғамдық қорының қаражаты есебінен ерекше қажеттілігі бар балаларды емдеуге арналған дәрілік заттардың тізбесі мен сметалық шығындардың есебі бойынша ұсыныстар енгізбек.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.