26-05-23 |
1650 рет қаралған
Саяси өзгерістер әділ бәсекеге дем береді.
Саяси өзгерістер әділ бәсекеге дем береді

Парламент тек заң шығарушы ғана орган емес. Бұл   билік пен бұқара арасындағы байланыстың негізгі буыны.

Демек Парламенттің cаяси бәсекеге қабілеттілігі және оның көппартиядан түзілуі заң шығарушылық қызметтің сапалы болуын қамтамасыз етеді. Бұл орайда отандық парламентаризм тарихында тұңғыш рет 6 партиядан құрылған Мәжілістің жұмысына жұртшылық зор сеніммен қарап отыр. Сарапшылар да жаңа жүйемен құрылған төменгі палата мен жергілікті мәслихаттар жұмысындағы жаңалықты әрбір қазақстандық сезіне алатынын алға тартады.

Саясаттанушы Әлішер Тастеновтің пікірінше, наурыз айындағы  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары сайлауы саяси жүйені түпкілікті қайта жаңғырту, мемлекеттік басқарудың жаңа формасын қалыптастыру ісінің бастауына айнала алды.  Ол саяси аренадағы жұрт күткен өзгерістер Президент мысал еткен «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет»  тұжырымдамасына сай келеді.

Өткен жылдың басындағы оқиғалардан сабақ ала отырып жүргізілген өзгерістер  саяси және экономикалық саладағы барлық заманауи сын-қатерге төзімді сапалы жаңа теңгерімді саяси модель құруға бағытталады.  Бұл өзгерістерді біз Мәжілісті жасақтау кезінде де байқадық, – дейді сарапшы.

Расында наурыз айында өз таңдауын жасаған отандастарымыз заң шығарушы органға лайықты кандидаттарға дауыс береді. Бұл тұрғыдан партияларға жасалған жеңілдік те жаңа деңгейдегі саяси бәсекені түзудің алғышартына айнала алғаны даусыз. Саясаттанушы Әлішер Тастеновтің де пікірі осыған  саяды. Ол сайлау жүйесіндегі жаңашылдық саяси бәсекенің көркін қыздырғанына сенімді.  

Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім бойынша, 30 пайызы бір мандатты округтер бойынша сайланады. Бұған дейін партиялардың Мәжіліске өтудегі шекті кедергісі 7-ден 5 пайызға дейін төмендетілген болатын. Саяси партияларды тіркеу тәртібі айтарлықтай жеңілдетілді. Атап айтқанда, тіркеу шегі 4 есеге – 20-дан 5 мың мүшеге дейін қысқартылды. Партиялардың аймақтық өкілдіктерінің саны 600-ден 200 адамға дейін қысқартылды. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлау да аралас сайлау жүйесі бойынша 50-де 50 арақатынаста өтеді. Бұл ретте, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлауда қазақстандықтар тек бір мандатты округтердегі кандидаттарға ғана дауыс береді,  – дейді ол.

Саясаттанушы сайлау заңнамасындағы өзгерістер мемлекеттік органдардағы қоғамның пікірін, көзқарасын, сұранысын ескеруді  қамтамасыз ететініне сенімді. Өз кезегінде бұл жаңашылдық азаматтық қоғамның тиімді дамуына да ықпал етеді.

Мәжілістердегі көппартиялық жүйенің парламентаризм институтына серпін беретіні сөзсіз. Саяси әділ бәсеке төменгі заң шығарушы палатаға халықтың барлық санатының үнін  жеткізудің кепілі саналатындығына күмән жоқ.

Ал жергілікті жерлерде құрылымы 50 пайыз бірмандаттық округтен құрылған мәслихаттарға артылған жауапкершілік жүгі салмақты. Жергілікті-өкілді орган бүгінде нағыз саяси бәсекенің алаңы деуге болады. Өйткені бұған дейін депутаттар партиялық тізіммен партия атынан сайланған бір сессия бойы мандатқа иелік ететін болса, ендігі кезекте бұл құрылымның жұмысы мүлдем жаңа арнада өрбіді. Оның себебі бұл жолы сайлаушылар бірмандаттық округтен сайланған депутатты мандаттан айыру құқығына ие. Демек депутаттар үшін ендігі кезекте сессиядан-сессияға дейін құр уақыт өткізуден бұрын, сайлауалды бағдарламасының іске асырылуына күш салу маңызды. Сәйкесінше олардың тарапынан жергілікті атқарушы орган жұмысына қоғамдық бақылау күшейе түседі.

Ең бастысы былтыр жалпыхалықтық референдумнан кейін облыс және республикалық маңызға ие қала әкімдерін баламалы сайлау тәсілі енгізілді. Яғни Президент бұл қызметке екі бірдей кандидат ұсынады. Ал облыс және оған қарасты аудан мәслихат депутаттары Мемлекет басшысы ұсынған кандидаттардың лайықтысына таңдау жасайды.

Демек сайлауға дейін бұл салада жүргізілген өзгерістердің өзіндік мәні болса керек. Әуелі бұл өзгерістер ашық, әділ саяси бәсекеге жол ашты. Бұл тәсіл Мәжіліс пен мәслихаттардың құрамындағы бұрынғы «жетекші» партия өкілдерінің үлесін азайтуға мүмкіндік берді. Есесіне саяси аренаға қоғам алдында беделі бар, ұйымдастырушылық қабілетке ие азаматтар шықты. Екіншіден бірмандаттық округтен сайланушылар арқылы Мәжіліс пен мәслихаттың құрамын белгілі бір деңгейде тәуелсіз кандидаттар толықтырды. Бұл да тәуелсз қоғамдық бақылау жүргізудің алғышартына айнала алды. Ең бастысы сайлау процесіне деген азаматтардың сенім жоғарылады. Ендігі кезекте Мәжіліс пен мәслихат депутаттары халық артқан сенімнің үдесінен шығуға барын салғаны керек.

Arasha.kz

ФОТО: Тұрар Қазанғапов

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.