31-03-21 |
870 рет қаралған
Сапарбаевты 16 миллион теңгеге күзете ме?.
Сапарбаевты 16 миллион теңгеге күзете ме?

Соңғы кездері бюджеттің ақшасын оңды-солды шашатын шенеуніктердің әрекеті жиі жарияланып, қоғамның ашу-ызасын тудырып жүр.

Шымкент қаласы әкімдігі пандемияның кезінде 595 млн теңгеге наурыз тойын ұйымдастырып, айды аспанға шығарды. Өкінішке қарай бюджеттің ақшасын әкесінің қаржысы секілді жұмсайтын шенеуніктер Шымкентпен шектелмейді.

Мәселен caravan.kz сайты шенеуніктер пандемия кезінде бюджеттің ақшасын қалай оңды-солды шашып жатқанын сөз етіпті. Нақтырақ айтсақ, «Жамбыл облысы әкімінің аппараты» КММ күзет қызметіне мемлекеттік бюджеттен 16 164 285 теңге жұмсаған. Аталған қаржыны алған күзет мекемесі Жамбыл облысы әкімінің резиденциясын күзететін болады.

Бір қарағанда әкімдіктің сақтанып, әрекет етуінде ешқандай әбестік жоқ болуы мүмкін. Оның үстіне 16 млн теңге – «Қазақ еліне мың тағызым» (158 млн теңге) және «Біз біргеміз» (197 млн теңге) монументіне жұмсалған қаржыдан әлдеқайда аз. Былтыр Бердібек Сапарбаев өзі сән-салтанатпен ашқан қос монументке 301,3 млн теңге қаражат жұмсаған болатын. Аталған қаржының жанында 16 млн теңге қайыршыға беретін садаға секілді болып көрінеді.

Бір қызығы мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған лоттың сипаттамасында күзетшілерде мылтық пен тапанша болуы тайға таңба басқандай жазылыпты. Мұздай қаруланған күзет қызметкерлері аумақты күзетіп, резиденциядағы адамдарды тәулік бойы қорғауы керек. Сондай-ақ техникалық сипаттамада арнайы құралдармен және қару-жарақпен жабдықталған күзет қызметкерлерінен тұратын мобильді жедел әрекет ету тобы қажет екендігі көрсетілген.

Бердібек Сапарбаевтың облыста қос бірдей резиденциясы бар. Оның бірі Тараз қаласындағы №5 орта мектептің жанында болса, екіншісі Гродиково ауылының іргесінде орналасқан. Құпия дерек көздің айтуынша, қаладағы резиденцияның қызығын облыс әкіміне ең жақын басшылар көретін көрінеді. Мұны біз облыс әкімімен ілесе келген шенеуніктер шығар деп түсіндік. Сондай-ақ ол күзет қызметіне бөлінген 16 млн теңгеден бөлек ас-суға және тағы да басқа қажеттіліктерге миллиондап қаржы аударылатынын ескертті. Қос бірдей монументке 301 млн теңге шашқан әкімнің әрекетінен кейін бұған әрине таңғалмаймыз.

Бірақ бізді Бердібек Сапарбаевтың жеке қауіпсіздігі үшін 16 млн теңге жұмсап отырғаны қызықтырып отыр. Күзет мекемесі аталған қаржыға қос бірдей резиденицияны күзете ме, жоқ әлде бір ғана ғимаратқа қарай ма, ол жағы анық жазылмаған. Бірақ бізге бір белгісі күзет қызметкерлерінен тұратын мобильді жедел әрекет ету тобы 16 млн теңгеге жыл бойы резиденцияны күзетпеуі мүмкін. Өйткені жоғары санаттағы әрі мұздай қаруланған күзет мекемесі бұдан әлдеқайда қымбат бағада қызмет көрсетсе керек-ті.

Еуропаның көптеген басшылары Германия канцлері Ангела Меркель секілді дүкенге өзі барып, көшеде емін-еркін жүреді. Ал біздің елде мемлекет басшысын айтпағанда, облыс пен аудан әкімдерінің дүкен аралағаны былай тұрсын, тіпті көшеден көрмейсің. Әлемге әйгілі Ангела Меркель емін-еркін көшеде жүргенде қазақтан басқа тірі жан баласы танымайтын Бердібек Сапарбаевты жау ала ма?

Серік ЖОЛДАСБАЙ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.