26-10-22 |
710 рет қаралған
Жыл басынан бері мыңнан астам Ресей қазағы қандас мәртебесіне ие болған.
Жыл басынан бері мыңнан астам Ресей қазағы қандас мәртебесіне ие болған

2022 жылдың 1 қаңтары мен 18 қазан аралығында 1079 Ресей қазағы қандас»мәртебесіне ие болды. 592-сі – мобилизациядан кейін, яғни 21 қыркүйектен бері алған. Бұл жөнінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Жыл басынан бастап кандас мәртебесін алғандар саны – 14 715 адам. Оның ішінде Ресейден келгендер саны – 1079 адам, 21 қыркүйектен бастап [Ресейден келген] 592 адам қандас мәртебесін алған» деп жазылған министрліктің баспасөз қызметі жіберген хабарламада.
LS сайтының жазуынша, Ресей қазақтарының басым бөлігі Астана мен Батыс Қазақстан облысына шоғырланған. Олар негізінен Ресейдің Астрахан, Орынбор, Омбы, Саратов, Волгоград, Челябинск, Тюмен облыстарынан келген. Министрлік бұл бойынша ақпаратты анықтайтынын хабарлады.

2022 жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша жыл басынан бері Қазақстанға 13 362 қазақ оралып, қандас мәртебесін алған. 1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн 101,2 мың қазақ оралған. Биыл келгендердің жартысынан астамы – Өзбекстаннан (68,7%), 10% – Қытай, 7,9% – Түркіменстан, 4,6% – Моңғолия және 8,8% басқа елдерден келген.
Келгендер негізінен Алматы (29,9%), Маңғыстау (16,7%), Түркістан (9%) және Жамбыл (6,5%) облыстарына, сонымен бірге Астана (7,8%), Шымкент (7,3%) және Алматы (5,8%)қалаларына қоныстандырылған.

Ресей билігі Украинадағы соғысқа байланысты 21 қыркүйекте мобилизация жариялаған соң Қазақстанға 300 мыңдай ресейліктің қашып келгені, олардың жартысы елден кеткені хабарланған еді.

Бұған дейін Қазақстан ішкі істер министрлігі 21 қыркүйектен бері тұрақты тұру құжатын алуға 2177 шетел азаматының өтініш бергенін, 998-і – Ресей азаматы екенін мәлімдеген. Осы уақыт аралығында Қазақстан азаматтығын алуға 1398 шетел азаматы өтініш берген, 221-і – Ресей азаматы.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.