08-04-24 |
5840 рет қаралған
Қарғын су басқан аймақтардағы иесіз үйлерді тонау туралы хабарламалар тарауда.
Қарғын су басқан аймақтардағы иесіз үйлерді тонау туралы хабарламалар тарауда

Қарғын су басқан аймақтардағы иесіз үйлерді тонау және қаңғыбастар мекендеп алғаны туралы хабарламалар әлеуметтік желіде тарап жатыр.

«Су басып жатқан не басуы мүмкін аймақтағы иесіз қалған үйлерді панасыз жандар яғни қаңғыбастар мекендеп, кейбірін ұры-қарылар тонап жатыр екен. Шатырға шығарып қойған дүние-мүлікті қайықпен келіп үптеп кететін көрінеді», – деп жазады Батыс Қазақстан облысында тұратын ақын Бауыржан Халилолла.

Сондай-ақ блогер Оңғар Қабден де иесіз үй-жайды тонау әлеуметтік желіде тарап жатқанын, өзге де келеңсіз жайттар барын жазады.

«Су тасқынының астында қалған дүкендер мен үйлерді тонап жатыр деген видеолар жүр Тик токта.

Адамдарды эвакуациялаған жерлерде ұйымдастырылған мектептер мен спорт кешендеріндегі жиналғандарға арналған тамақты үй-үйге бөліп беріңдер дегендер мен гуманитарлық көмек беріп жатқан жерлерден күніне бір алған адам 3-4 рет келіп алып жатқандығының шет жағасын да көрдік . Су кіріп құлап қалған үйлерге ұрлыққа түсіп жатыр.

50 теңгенің қабын 300 теңгеден, мың теңгенің күрегін 3 мың теңгеден сатқаннан байып кеттің бе? Соны тегін-ақ берсең де халық ертең орнын толтырып беретін еді ғой? Тегін бермей-ақ қой, өз бағасына сатсаңшы! Не қылған қанағатсыздық?», – деп жазады ол.

Бұған дейін президент Тоқаев су тасқынына байланысты үндеуінде су басқан аймақтарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық тәртіптің сақталу мәселесіне де тоқсталған еді.

7 сәуірде брифингте ішкі істер министрлігінің арнайы өкілі Шыңғыс Алекешев: «Абай, Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қостанай, Павлодар, СҚО, Ақмола облыстарының 39 ауданында зардап шеккен елді мекендер қоршауға алынды. Қараусыз қалған 1 266 тұрғын үй мен басқа да нысандар күзетілуде. Тонау, ұрлық сынды қылмыстарға жол берілмеді», – деп мәлімет берген.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.