27-12-18 |
8530 рет қаралған
Өз-өзін жұмыспен қамтушылар салық төлеуге міндеттелді.
Өз-өзін жұмыспен қамтушылар салық төлеуге міндеттелді

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз-өзін жұмыспен қамтыған және бейресми жұмыс істейтін адамдарды 1 қаңтардан бастап бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеуге міндеттейтін заңға қол қойды.

Заң жобасынқарашаның соңында парламент мәжілісі, ал желтоқсанның 20-сы күні сенат мақұлдаған. Сенат баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Қазақстанның жұмыспен қамту жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда 1 қаңтардан бастап бейресми жұмыс істейтін азаматтарды салық органдарында жеңілдетілген тәртіппен тіркеу жайы қарастырылған.

Қазақстан билігінің ұстанымы бойынша, бейресми жұмыс істейтін азаматтар бірыңғай жиынтық төлем жасау арқылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қосыла алады.

Биыл сәуірде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бейресми жұмыс істейтін азаматтарды бірыңғай жиынтық төлем жасауға міндеттейтін арнайы салық режимі жобасын таныстырған. Бірыңғай жиынтық төлемді жылдық табысы жүз ең төменгі жалақы мөлшеріне жетпейтін кез-келген азамат жасай алады.

Биыл тамызда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мемлекеттік органдардың мәліметтер базасынан тіркелмеген 2,7 миллион «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» адам анықталғанын айтқан. Министрдің сөзінше, олардың 55 пайызы Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстары мен Алматы қаласында тұрады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтыр қыркүйекте парламентте өзін-өзі жұмыспен қамту – «салық төлеуден жалтару» екенін айтып, үкіметке мұндай санаттағы азаматтарды анықтауды тапсырған.

Дереккөз: Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.