03-04-21 |
1460 рет қаралған
Жапон баласы өскенде кім болуды армандайды?.
Жапон баласы өскенде кім болуды армандайды?

Жапонияда 1 сыныпқа келген оқушылардың дені спортшы, полиция қызметкері, өрт сөндіруші болуды армандайды. Ал олардың ата-анасы баларының мемлекеттік қызметкер және дәрігер болғанын қалайды. Бұл туралы Жапон оқушыларының арасында сауалнама жүргізген KURARAY CO LTD компаниясы хабарлайды.

Жапонияның ірі KURARAY CO LTD компаниясы 2 сәуірде биыл көктемде алғашқы сыныпқа барған (Жапонияда жаңа оқу жылы 1-сәуірде басталады) бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары арасында жүргізген сауалнамының нәтижесін жариялады.

Сауалнамада «Өскенде кім болғың келеді?» және «Балаңыздың өскенде кім болғанын қалайсыз?» деген екі сұрақ балалар мен олардың ата-анасына қойылған.

Нәтижесінде ұл балалардың арасында 1-орында «Полицей болғым келеді» деп (17.2%), 2-орында «Спортшы болғым келеді» деп (13.0%), 3-орында «Өрт сөндіруші болғым келеді» (7.6%) деп жауап беріпті. Спортшы болғысы келетін ұлдар 1999 жылдан бері алғаш рет екінші орынға түссе, көлік жүргізуші болғысы келетін ұлдар алғаш рет 4-орынға түсіпті.

Сауалнама жүргізген компанияның пайымдауынша, коронавирус індетінің кесірінен спорт ойындарының өтпей қалғаны және туризм саласының тоқырауға ұшырап отырғаны бүлдіршіндердің келешектегі арманына әсерін тигізіп жатқан көрінеді.
Ал былтыр алғаш рет ондыққа кірген «Ютубер болғым келеді» деген ұл балалардың саны биыл 7-орынға көтеріліпті.

Қыз балалардың арасында 23 жыл қатарынан 1-орында «Торт, нан пісіретін аспаз болғым келеді» деп (26.7%), 2-орында «Өнер адамы, әнші, модель болғым келеді» деп (6.4%), 3-орында «Медбике болғым келеді» деп жауап беріпті. Полицей болғысы келетін қыз балалар алғаш рет 6-орынға көтеріліп, ұл бабалар арасында да, қыз балалар арасында да полицей мамандығына қызығушылық артып отырғаны белгілі болды.

Ал енді осындай арманы бар балалардың ата-анасы олардың келешекте кім болғанын қалайды екен дегенге келер болсақ:

Ұл балалардың ата-анасы арасында 1-орында «Мемлекеттік қызметші болса деймін» деп (25.3%), 2-орында «Компания қызметкері болса деймін деп (10.3%), 3-орында «Дәрігер болса деймін» деп (6.1%) жауап берсе, 1-орындағы ұлдарының мемлекеттік қызметші болғанын қалайтындардың саны алдыңғы жылдары да бірінші орында болғанымен, алғаш рет бұндай жоғыры көрсеткішке жетіп отыр екен.
Компанияның айтуынша, ата-аналар арасында ұлдары үшін келешекте тұрақты қызметті қалайтындардың саны өсіп отырғанын байқауға болады;

Ал қыз балалардың ата-анасы арасында 1-орында «Медбике болса деймін» деп (17.3%), 2-орында «Мемлекеттік қызметші болса деймін» деп (13.9%), 3-орында «Дәрігер болса деймін» деп (7.2%) жауап берсе, 4-орында «Фармацевт болса деймін» деп (6.9%), 5-орында «Медицина саласының маманы болса деймін» деп (6.4%) деп жауап беріп, медицина саласына қызығушылықтың басым екені белгілі болды. Дегенмен 2-орындағы қыздарының келешекте мемлекеттік қызметші болғанын қалайтын ата-аналардың саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда ең жоғарғы көрсеткішке жетіп отыр екен.

Бұл сауалнама былтырғы шілде мен биылғы қаңтар айларының арасында интернет желісі арқылы осы сәуірде алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған төрт мың бүлдіршін мен олардың ата-аналары арасында жүргізілген.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.