Logo
Іздеу
Айдарлар

Бұған дейін «мәмбет» деп мазақтаған қанша адам сотталды?

Бұған дейін «мәмбет» деп мазақтаған қанша адам сотталды?

Әлеуметтік желіде «мәмбет» сөзін қолдана отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тіліне қатысты «жартылай калбит тілі» деп жазған Қарағанды тумасы, модель Алика Мұхамадиева (Alika_Augustova) қамалды. Бірақ қазірше бұл бейресми ақпарат. Себебі, ең қызығы, осы уақытқа дейін не Ішкі істер министрлігі, не Бас прокуратура бұл іске қатысты ресми ақпарат беріп үлгерген жоқ. Алика Мұхамадиеваның тергеуге шақырылғаны туралы қоғам белсенділері, танымал журналистер мен заңгерлер Руслан Түсіпбеков, Айбар Олжай мен Сырым Итқұловтың фейсбуктегі парақшасынан көпшілік оқып білді. Бұған себеп Руслан Түсіпбеков пен Айбар Олжай құзырлы органдарға хабарласып, жазылған мәтінге құқықтық баға берілуін сұраған. ҚР-сы Қылмыстық кодексінің 174-бабына сәйкес, ұлттық алауыздық тудырып, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлағаны үшін 2000-нан 7000-ға дейін АЕК айыппұл салуға, не 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады. 

Қайдан, қайдан? Неге Қарағандыдан көп шу шығады? 

Өкінішке қарай, соңғы жылдары ұлтаралық араздықты қоздырушылар әлеуметтік желіде жиі бас көтеретін болған. Осыған дейін олардың бір бөлігі кешірім сұрап құтылса, енді бір бөлігіне қарсы қылмыстық іс қозғалып, сот оларды кінәлі деп тауып, көбі қамалған. Егер google қосымшасынан ақпараттарды жинақтасаңыз, бұған дейін көбіне Қарағанды мен Петропавл қалаларынан «ұлтаралық араздық» бабы бойынша іс қозғалып, белгілі бір ұлтқа, нәсілге қатысты төзімсіздік танытқан адамдардың жазаға тартылғанын байқайсыз. Бұған не себеп? Қарағанды тұрғыны, белгілі заңгер, тарихшы Руслан Түсіпбеков мұны былай түсіндіреді: 

- 1989 жылы кеңес одағының ең соңғы санағы болды. Тәуелсіздікке екі жыл қалған заманда Қарағандыда 700 мың адам болған. О заманда Қазақстан халқының саны небары – 16 млн, яғни 700 мың адамы бар қала үлкен боп саналатын. Алматының өзі 1 млн 200 мыңнан енді асып тұрған кез ғой. Санақта сол 700 мың халықтың небары 11 пайызы қазақтар болған. Бірақ сол 11 пайыздың 5 пайызы студенттер екен. Сол кезде оңтүстіктен келетін студенттердің арқасында қала тілі біраз қазақшаланды. Бірақ жергілікті халықтың ішінде тіркеуде тұрған қазақтың нақты саны 6 пайыз болды. Қазір соның салдарын көріп отырмыз. Әрине, ол кезеңде саны бойынша  орекеңдер бірінші орында, немістер екінші, украиндар үшінші орында тұрды. Еуропалық орыстілді ұлт өкілдерінің саны басым болды. 1989 жылы мен 15 жастамын, сол санақ нәтижесін оқып, қатты таң қалған едім - дейді.  

Танымал сарапшы тәуелсіздік жылдары жағдайдың оңтайлы өзгеріп жатқанын да жасырмайды. Бұл орайда заңгер Руслан Түсіпбеков: 
- Алла қаласа биыл тәуелсіздік алғанымызға 34 жыл болады. Әрине, осы жылдар ішінде жағдай қатты өзгерді, қазақтардың саны көбейді. Қалаға ауыл тұрғындары көшті. Қандастарымыз көшіп келіп жатыр. Қала қазақыланып жатыр, бірақ осындай келеңсіздіктер орын алуда. Білмеймін, бұл идеологиялық жұмыстың жоқтығының салдары ма, әлде Қарағанды облыстық, қалалық әкімдігіндегі тиісті департаменттер идеологиялық жұмысты дұрыс атқармай жатыр ма деп те ойлаймын. Себебі не шықса да, осы Қарағандыдан шығады. Қайта Қарағанды Астананың арқасында қазақыланды. Егер ел ордасы Астанаға, Ақмолаға көшпегенде, бұл қала таза орыстілді боп қала берер еді. Астананың дамуы Қарағандыға қатты әсер етті: ұлтшылдық, мемлекетшілдік жағынан...» - дейді. Сарапшының ойынша, идеологиялық жұмысты мүлдем жоқ деуге болмайды, бірақ қазірше аз жүргізіліп жатыр. Сондықтан бұл жерде ұлттық идеологиялық жұмысты күшейту керек. Ұлттық-патриоттық тәрбиені алға қойып, жастарды мемлекетшілдікке баулу керек.

Руслан Түсіпбековтің айтуынша, сөздері қоғамда үлкен дау туғызған Аурика Мұхамадиева 2002 жылғы жап-жас Қарағанды тумасы екен. Бірақ тәуелсіздік таңында туған қыз Қарағанды балабақшасы, мектебі мен университетінде мемлекеттік тілді үйренбек түгілі, патриоттық тәрбиеден де өтпеген сияқты. Неге Қазақстанда орысша тәрбие алған бала 3-4 жыл балабақшада, 11 жыл мектепте, 5 жыл университетте оқыса да мемлекеттік тіл – қазақ тілін білмей шығады? Ал жылда патриотизмді көтеруге бағытталған шараларға жұмсалатын миллиондаған қаржының сұрауы қайда? Әрине, «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» дейді. Бұл ең алдымен отбасындағы тәрбиенің нәтижесі. Екіншіден, бұл білім жүйесіндегі үлкен идеологиялық олқылықтың барын аңғартады. 

«Мәмбет» деген мазақ сөз бе?
 
«Мәмбет» сөзінің тарихына келсек, әлеуметтанушылар мен дінтанушылар, тарихшылар мен тіл мамандары отарлау мен орыстандыру саясатының бір тетігі болғанын алға тартады. Біреулер бұл сөз тың игеру жылдары шыққан, орысша білмейтін ауыл қазағын мазақтау үшін ойлап табылған сөз десе, енді бірі оның тарихы арыда жатыр дейді. Өкінішке қарай, 1939 жылдардан бастап ерекше қарқынмен жүргізілген русификацияның салдарынан көптеген қазақ мектептері жабылып, бірыңғай орыс мектептері көбейіп, тіпті, ауыл қазағы қалаға келгенде орысша білмейтін артта қалған біреу боп көрінбес үшін бөгде тілде барынша акцентсіз сөйлеуге тырысты. 1937-1938 жылдары қазақ мемлекеті, бостандығы мен дербестігі үшін күрескен саяси элита, интеллигенция – Алаш қайраткерлері түгелдей жойылды. Бассыз қалған елге совет үкіметі өз идеологиясын оңай жүргізді. «Колониалды сана» пайда болды. Оған сәйкес, орысша сөйлеу прогрессивті, білімді, заманауи адамның келбетіндей көрініп, қазақша сөйлеу «бұратана халықтың тілінде» сөйлеп, артта қалудың белгісіндей болды. Ең қызығы, сол Ресейдің құрамында болған халықтардың көбі, әсіресе Кавказ бен Азия халықтары өз ана тілдерінде сөйлеуден танбады. Тіпті, әлі күнге дейін Ресей құрамында қалып отырған Шешенстан мен Ингушетия да өз ана тілдерінде сөйлейді. Ал неге Қазақстанда қазақша сөйлеу ар саналды? Бұған басты себептердің бірі – Кеңес одағы тұсында қолдан жасалған коллективизацияның салдарынан болған ашаршылық пен жаппай репрессияның кесірінен қазақ ұлты өз елінде азшылыққа айналды. Бірақ қазір көпшілікке айналсақ та, тіл мәселесі неге түбегейлі шешілмей отыр? 1989 жылы алғаш қабылданған Тілдер туралы заң заман талабына жауап бере ме? Неге әлі күнге дейін елімізде арнайы «Мемлекеттік тіл туралы» заң жоқ? Тіпті, Ресей, Украина, Қырғызстанда «Мемлекеттік тіл туралы» бөлек заңдар қабылданды ғой. Осы тектес сұрақтар әлі де қоғам назарында.    

Кейбір дінтанушылар Мәмбет сөзі  Мұхамед (с.ғ.у.) пайғамбарымыздың парсыша бір аты дейді, олар «Мәмет» деп қысқартып сөйлейді. Ал қазақтар Махамбет, Махмет, Мәмбет десе де, түп төркінінде ардақты пайғамбардың аты тұр. Тарихта Аңырақай шайқасына қатысқан Мәмбет батыр болған. Бұдан бөлек атақты шешен, Орынбор шекаралық комиссия бастығы Татищевтің қабылдауында болған Әбілқайыр ханның 12 биінің бірі Мәмбет Бұлғақұлы бар. Мәмбет батыр Күнбасұлы, Мәмбет әулие Олжабайұлы туралы қазіргі ұрпақ көп біле бермейді. Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен шайқасқан Мәмбет Садырбайұлы мен тарихшы Мәмбет Қойгелдіні қайда қоямыз? Қазақ үшін Мәмбет тек адам аты ғана емес, рудың да аты. Бұл ру Орта жүзге жатады. Бірақ көпшілік үшін Мәмбет ардақты ат, тарихи тұлғалардың есімі мен ру атауынан гөрі қоғамдық санада әлі де «артта қалған, орысша білмейтін адам» дегендей мазақ сөздей көрінеді.  

Белгілі жазушы, ұлты неміс, жаны қазақ Герағамыз – Герольд Бельгер бір сұхбатында: «Мен өзім де мәмбетпін, былайша айтқанда ауыл қазағымын. Мәмбет деген – дала қазағы. Ондай қазақ мен үшін өте қымбат» деген еді. «Мәмбет» сөзін мазақ сөзге айналдырғандар мұндай мемлекетшіл, елшіл, патриот азаматқа айналар ма екен, әлде ескі көзқараспен кеңестік теріс саясаттың құрбаны боп өмірден өтер ме екен? Ең қызығы, Англияның атақты ВВС қоғамдық арнасы Қазақстандағы «Сана деколонизациясы» тақырыбына тоқталып, онда спикерлермен «мәмбет» сөзінің теріс мағынасы жайлы жазған еді. ВВС-дің мәліметінше, «колониалды сана қазақтардың өз салтынан, тілінен, дәстүрінен безініп, ұялатындай күйге жеткізді. Бірақ жағдай жыл өткен сайын өзгеріп жатыр. Ағылшын арнасы «Қазақстандағы тіл сегрегациясына қатысты «Мәмбет» толықметражды фильм-мокьюментариді түсірген Сүйінбике Сүлейменова жайлы да мәлімет берген. Ресейдің Украинаға баса көктеп кіруінен кейін көптеген орыстілді қазақтардың өз ана тілін үйренуге құлшынысы артқанын жеткізген.         
    
Ресей СІМ-і: «Мәмбет» және «калбит» сөзін неге қолдануға болмайды? 

Айтпақшы, Қазақстанда қазақ ұлты мен тіліне қарсы «мәмбет» сөзін қолданған біраз блогер, тиктокер сотталып үлгерді. Олардың арасында ресейліктер де бар. 2023 жылы  Тиктокта Э. Лю есімді 21 жастағы азаматша одан қазақша сөйлеуді сұраған жастарға қазақ тілін ұнатпайтынын айтып, «бұл тілде тек ауылдан келген мәмбеттер сөйлейді» деп жауап берген. Сотта «мәмбет» сөзі қазақ ұлты мен тілін кемсіту деп бағаланып, ұлтаралық араздық тудырғаны үшін 2 жылға сотталды. 

Сондай-ақ Қазақстанға қашып келген Хилми Фокс лақап атымен белгілі ресейлік трансгендер-блогер спорт алаңқайында ойнап жүрген балаларды балағаттап, видео түсірген. Press.kz-тің мәліметінше, ол балаларға «Ресейде сендейлерді жақсы көрмейді, қараңдар маған, мәмбет. Менен қорқыңдар» деп айқайлаған. Полиция департаменті бұл дерек бойынша тексеріс жүргізіле бастағанын мәлімдеген еді. Бір айта кетерлігі, дәстүрлі емес қарым-қатынасты насихаттағаны үшін бұл блогерге қарсы Ресейде қылмыстық іс қозғалған болатын. Қазақстанға қашқан блогер тыныш жүрудің орнына кішкентай балаларға тіл тигізіп, қоқан-лоққы көрсеткен. Бұл істің немен аяқталғаны туралы мәлімет жоқ. 

2018 жылы Алматыда Мега сауда үйінің жанында болған жағдайда ресейлік Д.Перегуда есімді жауапкер жәбірленуші Әсел Назарбаеваға «мәмбет» деп айқайлап, қол көтергені үшін екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Перегуданың қорғаушылары сотта «Мәмбет сөзі Мұхаммед пайғамбардың қысқартылған аты, көп кездесетін есім» деп ақтауға тырысқан екен. Бірақ сотта бұл сөздің мазақтау, балағаттау мақсатында айтылғаны дәлелденді, сондай-ақ 1 млн теңге моральдық шығын төленді. 

2017 жылы Ресей Сыртқы істер министрлігі Орталық Азия елдерінде қандай сөздерді қолдануға болмайтыны туралы жадынама шығарды. Онда «мәмбет», «калбит» сөздері Орталық Азия елдерінің этностары ауыр қабылдап, жергілікті ұлтты кемсіту мақсатында айтылатын сөздер екенін ескерткен. Қазақстанда «Мырқымбай» сөзінің «Иван-дурачоктың» синонимі екенін келтірген. Ал Өзбекстан мен Тәжікстанда тіпті әйел адамдарына комплимент айтуға болмайтынын қаперге алуды сұраған. Тиісті жадынамада Қазақстанда «топас», «ақымақ», «Мырқымбай», тағы басқа сөздерді қолданбауға кеңес берген.

Заңгерлер де егер сізді біреу балағаттаса, бұл мәселені заң аясында шешуге кеңес береді. Белгілі тарихшы, заңгер Руслан Түсіпбеков: 
    - Әрине, мұндайда бірінші кезекте құқықтық баға берілуі үшін арыз жазылуы керек. Бұл құқық шеңберінде шешілетін мәселелер. Сол заңның үстемдігінің арқасында ғана мұндайды тоқтатамыз. Себебі бұлар тек қана заңнан қорқады. Кеше бұл қыз (авт. Алика Мұхамадиева) екінші рет кешірім сұрағанында қылмыстық іс қозғалатынын біліп, жылап отыр. Ал мұндайлар 1-2 жыл түрмеде отырып шыққаннан кейін басқаша сөйлейді. Тіпті, абақтыға отырғызбай, шартты түрде соттағанның өзінде біраз адамға сабақ болады. Сондықтан мен мұндай мәселелердің заң аясында шешілгенін қолдаймын. Бұл жерде басында арыз жазасыз, сосын желіде жазба қалдырасың да мемлекеттің реакциясын күтесің. Қазір мемлекет мұндайға бірден назар аударады, - деп ойын түйіндейді. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында аяғы ауыр 35 жастағы Жансұлу Дарханбаеваны ҚК-нің 174-бабы бойынша соттаған еді. Отандық БАҚ-тардың мәліметінше, жүкті келіншектің жағдайына қарамастан сот оны кінәлі деп тауып, екі жылға соттайды. Қоғам белсенділері бұл жерде Жансұлудың Путинге қарата сөйлеп, «Біздің жерімізді қайтар, жалға алу уақыты бітті, қайтармасаң Аллаға тапсырдым» деген сөзінде ешқандай қылмыстық құрам жоқтығын айтып, тіпті, Жансұлуды босатуды сұраған петиция да жариялаған еді. Қоғамдық резонанстан кейін жазасын өтеу мерзімі екі жылға кейінге шегерілді. Бірақ сот үкімі әлі де күшінде.  


Кәмшат ТАСБОЛАТ