Танымал мектеп директоры Ақмоншақ Нұртазақызы жеке өміріндегі ең ауыр әрі әсерлі кезеңді еске алды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның айтуынша, тұңғышы Бейбарыс күтпеген жағдайда дүниеге келген. Жаңа жылды ғана атап өткен сәтте қан қысымы күрт көтеріліп, дәрігерлер шұғыл ота жасауға мәжбүр болған. Ол кезде небәрі 19 жаста болған жас ана отадан кейін сәбиін алғаш көрген сәттегі күйін әлі күнге ұмытпайды.
"Отадан оянып, алғаш көрген сәтте Бейбарыстың түрінен шошып кеттім… Тұңғышымды аяқ астынан босанып қалдым. Жаңа жылды ғана атап өткен едік, дәрігерлер жоспар бойынша қаңтардың аяғы деп отырған. Бірақ қан қысымым көтеріліп, дереу ота жасалып, Бейбарыс өмірге келді. Ол кезде небәрі 19 жаста едім. Алғаш көргенде көз алдымда қалған бейне әлі күнге дейін ұмытылмайды: көкпеңбек болып туған, көзі қып-қызыл, кіндігіне оралып қалған кішкентай сәби… Жас болдым, отадан кейінгі ауырсыну да бар, не болып жатқанын түсінбей, есімді жия алмай қалдым. Бірден аналық махаббат оянды деп айта алмаймын – ол да шындық. Қиындық үйге келген соң жалғасты. Бейбарыстың іші алты айға дейін ауырды. Жел қарысып, тынымсыз жылайтын. Ол жыласа, мен де бірге жылайтынмын. Бала бағу маған оңай болмады, қатты қиналдым. Ал нағыз сынақ әлі алда екен…
Бейбарысты алты айлығында ауылға апарып тастауға тура келді. Ол кезде ата-енем де, өз ата-анам да ауылда тұратын, жұмыс істейтін. Сол жерде Алма апай Бейбарысқа няня болды. Сол кісіге әлі күнге дейін алғысым шексіз – балажан, мейірімді адам еді. Бейбарыстың аузы үлкен, жылағанда адам шошитын. Екі жасқа дейін жылауық болды. Ал екі жасқа толғанда Қаусарды босанып, Бейбарысты қалаға алып келдік. Қиындық сол кезде басталды… Екі атасы, екі әжесі бар, махаббатқа шомылып өскен бала бізге келіп қатты қиналды. Ал біз жаңа туған сәбиге алаңдап, оған жеткілікті көңіл бөлмеппіз. Мұны кейін ғана түсіндім. Ол кезде екі жасар баланың кризистік кезеңде жүргенін аңғармаппын. Балабақшаға бердік, бірақ жүрегіме жақын тарта алмадым. Уақыт өте келе өз қатемді түсіндім. Иә, екі жас – көп есте қалатын жас емес. Бірақ сол кезде ес жимасам, балам қасымда жүрсе де, маған жат болып кетуі мүмкін еді. Ата-әженің қолында өскен кейбір балалардың өз әке-шешесіне "ана", "әке" деп айтуға қиналып жүргенін көргенде, жүрегім ауырады. Ата-әже тәрбиесі – байлық. Бірақ баланың екі ортада қалып қоюы дұрыс емес деп ойлаймын. Содан бастап Бейбарысқа барынша махаббатымды, уақытымды арнадым. Домбыраға, биге, логикаға, шахматқа бердім. Ашық-жарқын, жан-жақты, шығармашыл баламның өмірге келгеніне, міне, 16 жыл болыпты… Балам ғұмырлы бол, сенімен мақтанамыз", – деп жазды Ақмоншақ Нұртазақызы.