Logo
Іздеу
Айдарлар

Рамзан Қадыров 20 жастағы үлкен ұлын Шешенстанның вице-премьері етіп тағайындады

/
Рамзан Қадыров 20 жастағы үлкен ұлын Шешенстанның вице-премьері етіп тағайындады
Сурет: ашық дереккөзден

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров өзінің 20 жастағы ұлы Ахматты Шешенстан вице-премьерінің міндетін атқарушы етіп тағайындағанын мәлімдеді. Сонымен қатар, ол Шешенстанның Дене шынықтыру және спорт министрі қызметін де қатар алып жүреді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Шешенстан үкіметі төрағасының орынбасары міндетін атқарушы болып аймақтың ұлттық саясат, сыртқы байланыстар, баспасөз және ақпарат министрі Ахмед Дудаев та тағайындалды.

Қадыров екі тағайындалушының да «басқарушылық тәжірибесі мол, ерекше кәсіби қасиеттерге, жұмысқа жүйелі тәсіл мен жоғары жауапкершілікке ие» екенін, сондай-ақ «өз бағыттарын терең түсінетінін және республиканың дамуына елеулі үлес қосқандарын» атап өтті.

Қадыровтың балалары мен туыстары Шешенстанда үнемі маңызды қызметтерге тағайындалып, жоғары аймақтық марапаттарға ие болып тұрады. Мысалы, Рамзан Қадыровтың қызы Хадижат 24 жасында Шешенстан басшысы мен үкіметі әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары болып тағайындалған болатын. Ахмат Қадыров 18 жасында Шешенстанның Спорт вице-министрі және Жастар ісі жөніндегі министрі, сондай-ақ «Ахмат» футбол клубының президенті болды. Қадыровтың тағы бір ұлы Адам 16 жасында әкесінің «қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің бастығы» және Шейх Мансур атындағы батальонның кураторы атанды, кейін Рамзан Қадыров оны Гудерместегі Владимир Путин атындағы Ресей арнайы жасақ университетінің кураторы етіп тағайындады. Сондай-ақ, ол Газа секторының тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін ақша жинау ісіне жетекшілік етеді.