Серік Сәпиевтің аты аталған даулы оқиғадан кейін белгілі қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов әлеуметтік желідегі сторисінде өз ойын ортаға салды. Ол нақты не болғанын, қақтығыстың неден шыққанын білмейтінін айтқанымен, пікірінде бірқатар даулы тұстарды атап өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Елеусіновтің айтуынша, Серік Сәпиев әлі күнге дейін шамамен 70 келі салмақта, ал оның қарсыласы әлдеқайда ірі адам болған. Осыған байланысты боксшы "итермеледі де, күш жетпей қалды" деген нұсқаның өзіне түсініксіз екенін жеткізді.
Бұдан кейін Данияр Елеусінов әңгімені спорт тақырыбына бұрып, өз тәжірибесіне тоқталды. Ол ешқашан бетпе-бет "төбелесте" балуаннан жеңілмегенін айтты. Себебін атасы қазақша күреспен айналысқан, "арқасын жерге тигізбеген" адам болғанымен байланыстырды. Осы арқылы ол күресті де, боксты да жақсы түсінетінін, ал қаласа кез келген боксшы балуанды жеңе алатынына сенімді екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар Елеусінов бокстың Олимпиадалық спорт түрі екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы бокс Қазақстанды әлемге танытып, елге талай жеңіс әкелді. Ол аты аңызға айналған чемпиондарды еске алып, кезінде бүкіл ел таңнан тұрып жанкүйер болған спортшыларды атады – Василий Жиров, Геннадий Головкин, Жәнібек Әлімханұлы. Сондай-ақ Данияр Елеусінов биыл өзі де қайтадан рингке шығатынын айтып, боксты ешқашан кемсітуге болмайтынын жеткізді.
Алайда боксшының бұл пікірі әлеуметтік желіде бірден теріс реакция тудырды. Көпшілік оның сөзінен боксты асыра дәріптеп, күресті кемсіту байқалатынын жазды. Әсіресе "5-6 ел жиналса, күрестен әлем чемпионатын өткізуге болады" деген тұсы сынға ұшырады.