10 ақпанда Үкімет үйінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында Президент Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке отандық жасанды интеллект өнімдерінің тиімділігіне қатысты сын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Президенттің айтуынша, қазақстандық KazLM тілдік моделіне сұраныс әлі де төмен. Бұған оның сапасындағы кемшіліктер себеп болып отыр. Мемлекет басшысы азаматтардың көбіне ChatGPT-ге жүгінетінін атап өтті.
"Сіздер модельді іске қостық деп мәлімдедіңіздер. Алайда менің білуімше, оған сұраныс жоғары емес. Себебі ақаулары әлі көп. Халық ChatGPT-ні қолданады, ал KazLM-ге көшуге асықпайды. Сондықтан KazLM-нің айналасында нақты не болып жатқанын білгім келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Жаслан Мәдиев қазіргі уақытта қазақ тіліне бейімделген KazLM және AlemLM жасанды интеллект модельдері 40-тан астам жүйеге енгізілгенін айтты. Министрдің сөзінше, бұл платформалар IT компанияларына, стартаптарға, студенттер мен ғылыми-зерттеу институттарына қолжетімді.
"Дегенмен, бұл модельдердің сапасын әлі де жетілдіру қажет. Осы бағытта халықаралық сарапшылармен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз", – деді министр.
Президент министрден анық кемшіліктерді мойындай ма деп нақты сұрағанда, Жаслан Мәдиев жүйелерді жетілдіру бойынша жұмыс жалғасып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ ол қазақстандық жасанды интеллект модельдеріне 600 мыңнан астам сұраныс түскенін мәлімдеді.
Алайда Мемлекет басшысының ChatGPT-ні Қазақстанда қанша адам қолданатыны туралы сұрағына министр нақты жауап бере алмай, тек "шамамен 13 пайыз" деп болжам айтты. Бұл жауапқа қанағаттанбаған Президент: "Нақты анықтау керек!" – деп ескертті.
Сонымен қатар, министр AITU базалық платформасын бүгінде 700 мыңға жуық адам пайдаланып отырғанын атап өтті.
Айта кетейік, соңғы жылдары Қазақстанда цифрлық даму мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Электронды үкіметті жетілдіру, деректерді орталықтандыру, жасанды интеллект пен тілдік модельдерді енгізу арқылы басқару жүйесін цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Елде сондай-ақ Alatau City, Smart City секілді ауқымды "ақылды қала" жобаларын іске асыру жоспарланып отыр.