Жаңа Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды
Logo
Іздеу
Айдарлар

Алматыда тұрғындарды қорқытып жүрген қайыршылар тобы ұсталды

/
Алматыда тұрғындарды қорқытып жүрген қайыршылар тобы ұсталды
ашық дереккөзден

Алматы қаласының полициясы соңғы уақытта тұрғындарға қоқан-лоқы көрсетіп, қоғамдық орындарда мазасын алған қайыршылар тобын анықтап, қолға түсірді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Әлеуметтік желілерде қала орталығында, әсіресе 28 панфиловшылар саябағында жүрген қыздарға қатысты шағымдар жиілеген еді. Тұрғындардың айтуынша, олар тек ақша сұрап қана қоймай, агрессивті әрекеттерімен жұртты шошытқан.

Жәбірленушілердің сөзінше, топ мүшелері өтіп бара жатқан адамдарға тиісіп, олардың заттарын тартып алуға тырысқан. Ақша бермегендерге су шашып, тас лақтырған. Сондай-ақ дәмханаларда отырған азаматтардың сөмкелерін жұлып әкетпек болған жағдайлар да тіркелген. Тіпті әйелдер мен балаларға қол көтерген деректер бар.

Желіде тараған бейнежазбалар мен тұрғындардың арызынан кейін полиция жедел шаралар жүргізіп, күдікке ілінген қыздарды бөлімшеге жеткізді.

Анықталғандай, олардың барлығы Тәжікстан азаматтары екен.

Полиция мәліметінше, кәмелетке толмағандар арнайы бейімдеу орталығына орналастырылып, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бұдан бөлек, аталған тұлғаларға қатысты көші-қон заңнамасына сәйкес ел аумағынан шығару шаралары қолға алынған.

Қала тұрғындары бұл жаңалықты оң қабылдап, мұндай әрекеттердің қала қауіпсіздігіне және Алматының имиджіне кері әсер ететінін атап өтті.