Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Қазақстанда 40 градусқа дейін аптап ыстық болады: бірнеше өңірде дауылды ескерту жарияланды

Қазақстанда 40 градусқа дейін аптап ыстық болады: бірнеше өңірде дауылды ескерту жарияланды
pixabay.com

1 маусым күні Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылып, бірқатар өңірде қатты ыстық, найзағай, бұршақ, жел және өрт қаупі күтіледі. Бұл туралы синоптиктердің болжамына сүйенген дерекке сәйкес хабарланды, деп жазады Arasha.kz.

Еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында күн күрт ысиды. Жамбыл облысында ауа температурасы 38-40 градусқа дейін көтеріледі. Таразда күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Сондай-ақ оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді.

Түркістан облысында да аптап ыстық сақталады. Күндіз өңірде ауа температурасы 40 градусқа дейін жетеді. Облыстың бірқатар ауданында өткінші жаңбыр, найзағай және қатты жел болжанып отыр. Шымкент пен Түркістан қалаларында да күндіз найзағай ойнап, жел күшеюі мүмкін.

Жетісу облысында күндіз 35-38 градус ыстық болады. Алакөл маңында желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал. Талдықорғанда да ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріледі.

Алматы облысында 35-38 градус ыстық күтіледі. Алматы қаласында күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін жетуі мүмкін. Қонаевта 36-38 градус аптап ыстық болады. Таулы аймақтарда күннің екінші жартысында жаңбыр жауып, найзағай ойнауы ықтимал.

Бірқатар өңірде жауын-шашын мен найзағай күтіледі. Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Ұлытау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарында жаңбыр жауып, кей жерлерде бұршақ түсуі мүмкін. Кей өңірлерде желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.

Астанада түнде аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Күндіз елордада жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.

Маңғыстау облысында кей жерлерде қатты жаңбыр, бұршақ және найзағай болжанған. Батыс Қазақстан облысында да күндіз қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл болуы мүмкін. Оралда күндіз найзағай ойнап, бұршақ жаууы ықтимал.

Синоптиктер бірқатар аймақта өрт қаупі жоғары екенін ескертті. Қызылорда, Маңғыстау, Жетісу, Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан, Қостанай, Алматы, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Мамандар тұрғындарға ауа райы ескертулеріне назар аударып, қатты жел мен найзағай кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.