Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Дауыл, бұршақ, шаңды жел және 39 градус ыстық: 9 маусымға арналған ауа райы болжамы

Дауыл, бұршақ, шаңды жел және 39 градус ыстық: 9 маусымға арналған ауа райы болжамы
pixabay.com

"Қазгидромет" мамандары 9 маусымға арналған ауа райына байланысты Астана мен еліміздің 17 өңірінде ескерту жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Синоптиктердің болжамынша, сейсенбі күні Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылады. Бірқатар аймақта жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсіп, дауыл тұруы мүмкін. Кей өңірлерде шаңды дауыл күтілсе, оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарда аптап ыстық сақталады.

Түркістан облысының солтүстігі, оңтүстігі, таулы және тау бөктерлі аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың солтүстігінде шаңды дауыл тұруы мүмкін. Желдің екпіні кей жерлерде 15-20 м/с-қа жетеді. Өңірде жоғары өрт қаупі, ал орталығында төтенше өрт қаупі сақталады. Шымкентте де өткінші жаңбыр, найзағай және екпінді жел күтіледі.

Қостанай облысының батысы, солтүстігі мен шығысында нөсер жаңбыр жауып, бұршақ түседі, дауыл тұрады. Түнде және таңертең кей аудандарда тұман болуы мүмкін. Қостанай қаласында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды деп болжанып отыр.

Ақтөбе облысында да ауа райы тұрақсыз болады. Түнде облыстың солтүстігі, оңтүстігі мен орталығында, күндіз солтүстігінде қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ пен дауыл күтіледі. Ақтөбе қаласында жаңбыр, найзағай және күндіз бұршақ болуы ықтимал.

Астанада 9 маусымда кей уақыттарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз шаңды дауыл тұрып, бұршақ түсуі мүмкін. Желдің екпіні 15-20 м/с, кей сәттерде 23 м/с-қа дейін жетеді. Қалада жоғары өрт қаупі сақталады.

Маңғыстау облысының солтүстік-шығысы мен орталығында аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең облыстың батысы мен орталығында тұман күтіледі. Ақтауда да түнгі және таңғы уақытта тұман болуы мүмкін.

Қызылорда облысының солтүстігінде жаңбыр, найзағай, бұршақ және шаңды дауыл болжанып отыр. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады. Қызылорда қаласында да жоғары өрт қаупі бар.

Атырау облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың шығысында желдің екпіні 15-20 м/с болуы мүмкін.

Алматы облысында күндіз тау бөктері мен таулы аудандарда аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Өңірде жел күшейіп, екпіні 17-22 м/с-қа дейін жетеді. Күндіз ауа температурасы 35-39 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық болады. Қонаевта да 36 градусқа дейін ыстық күтіледі.

Жетісу облысының таулы аудандарында күндіз аздаған жаңбыр мен найзағай болжанады. Өңірде күндіз 35-38 градус қатты ыстық болады. Талдықорғанда ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі.

Синоптиктер тұрғындарға қолайсыз ауа райы кезінде сақтық шараларын ұстануға, жел күшейген уақытта далада абай болуға және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға кеңес береді.