Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Қазақстанның 16 өңірінде дауылды ескерту жарияланды: 29 шілдеге арналған ауа райы болжамы

Қазақстанның 16 өңірінде дауылды ескерту жарияланды: 29 шілдеге арналған ауа райы болжамы
Көрнекі фото: depositphotos.com

29 шілдеде Қазақстанның 16 өңірінде ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Синоптиктердің болжамынша, еліміздің бірқатар аймағында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ, қатты жел мен шаңды дауыл болуы ықтимал. Сонымен бірге жекелеген өңірлерде аптап ыстық пен жоғары өрт қаупі сақталады.

Астанада күндіз қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Желдің екпіні секундына 15 метрге дейін жетуі мүмкін. Алматыда жоғары өрт қаупі сақталады. Ал Шымкентте солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.

Абай, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және өзге де бірқатар облыста жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл болжанып отыр. Кей өңірлерде желдің екпіні секундына 20–25 метрге дейін жетуі мүмкін.

Маңғыстау және Түркістан облыстарында шаңды дауыл күтіледі. Түркістан облысында күндіз ауа температурасы +40…+41 градусқа дейін көтерілсе, Ұлытау облысының батысында +40 градус ыстық болады.

Сондай-ақ Атырау, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Қостанай, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

«Қазгидромет» тұрғындарды ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын ұстануға, қатты жел кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға және өрт қаупі жоғары кезеңде табиғат аясында барынша абай болуға шақырды.