Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Адвокаттар Боқаевты түрмеге отырғызбауды сұрап, жарыссөз барысында өз дәлелдерінің бірқатарын өздері жоққа шығарды

Адвокаттар Боқаевты түрмеге отырғызбауды сұрап, жарыссөз барысында өз дәлелдерінің бірқатарын өздері жоққа шығарды

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаев пен Мадияр Қалменовтің ісі бойынша өткен тараптардың жарыссөзінде олардың адвокаттары екі сотталушыға да бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Алайда қорғаушылар ортақ ұстаным білдірудің орнына, бір-біріне қайшы келетін пікірлер айтып, өзара дауласты, заң баптарын шатастырды және кей тұста өздерінің дәлелдерін өздері жоққа шығарды.

Боқаевтың өзі соңғы сөзінде гранит тақталар мен Баум тоғайындағы ағаштардың кесілуіне қатысты эпизодтарды айналып өтуді жөн көрді. Ал оның қорғаушылары аудиожазбалардың жол берілетін дәлел ретінде танылуына күмән келтіруге тырысты. Алайда ондағы әңгіменің мазмұнына қарсы нақты уәж келтіре алмады. Сонымен қатар адвокат Асқаров гранит тақталарды «құрылыс қалдықтары» деп атады. Осылайша, ол Боқаевтың өзінің әшкерелеу мақсатында түсірілген бейнероликті іс жүзінде құнсыздандырып жіберсе, ал оның әріптесі Куряченко тақталардың ұрлығын «бақылау мақсатындағы сатып алу» деп сипаттап, оқиғаның алдын ала ұйымдастырылғанын жанама түрде растады.

Куряченко Баум тоғайындағы ағаштардың кесілуін де қала тұрғындарының игілігі үшін жасалған «ізгі мақсатпен» ақтауға тырысты. Ал адвокат Мусина Хамракуловтың бұл іске қатысуын күштік құрылымдардың арандатуымен түсіндірді. Алайда «менің ойымша», «сірә» деген сөздерден басқа ешқандай дәлел келтірмеді.

Мұндай жағдайда қорғау тарапының тағы бір әрекеті тіпті қисынсыз көрінді: Боқаевтың ағаш кесуге кінәлі екенін жоққа шығара отырып, адвокаттар бір мезгілде «Медеу паркімен» медиация рәсімін бастауды ұсынып, келтірілген залалды өтеу үшін төлем деректемелерін сұратқан.

«ҚазТрансГаз» кәсіподағы мен автошеруге қатысты эпизод бойынша қос сотталушының қорғаушыларының ұстанымы тіпті екіге жарылды. Қалменов жарыссөзде сөз сөйлеуден бас тартты. Ал оның адвокаты Жолдасбаев қорғауындағы азаматтың «BM Trust» ЖШС-нің тек номиналды директоры болғанын және ақша қаражатын бақыламағанын ашық мәлімдеді. Осылайша, ол жауапкершілікті іс жүзінде Боқаевтың мойнына жүктеді.

Мусина да жағдайды ушықтыра түсті. Ол автошеруді қаржыландыруға қатысты кәсіподақ отырысы жалған болуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Мұндай мәлімдеме қорғау тарапының мәмілелердің заңдылығы туралы негізгі уәжіне қайшы келді.

Жолдасбаев BM Trust компаниясының шығындарын растау үшін келтірген дәлелдердің арасында қызықты жайт болды. Адвокат 2018 жылғы қыркүйекте сатып алынған-мыс деген «Нұр-Сұлтан – Бейжің» бағыты бойынша әуе билеттерін көрсетті. Алайда ол кезде Астана әлі Нұр-Сұлтан болып өзгертілмеген еді: елорда бұл атауды тек жарты жылдан кейін алды.

Жарыссөз барысында өрескел қателіктер де болды. Адвокат Асқаров айыптаудың бір бабын шатастырып, жалған ақпарат таратуға қатысты 274-баптың орнына ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабын – әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру бабын атады.

Мусина әуелі қорғау тарапының іс материалдарындағы бейнежазбаларға қол жеткізу мүмкіндігі шектелгеніне шағымданды. Алайда сол сөзінің барысында қорғаушылардың аталған видеоларды қарап, талдап шыққанын өзі мойындады. Бұған қоса, ағаштарды кесу әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабын елемей, әкімшілік айыппұл деңгейіндегі құқық бұзушылық ретінде көрсетуге тырысты.

Боқаевтың қоғамдық қызметінің ашықтығы және жаяу жүргіншілер өткелдеріне қатысты бейнероликтерінің шынайылығы туралы қорғаушылардың уәждері «IZI Company KZ» ЖШС мердігерінің айғақтарымен де, үшінші айыпталушы Нүсіпқожаның сөздерімен де үйлеспеді. Бұған дейін Нүсіпқожа Боқаевтың өзіне WhatsApp-тағы хат алмасуды өшіруді тапсырғанын айтқан болатын. Ал соңғы сөзінде ол кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген еді.

Бөлісу