Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Қырғызстанда төрт баланың анасы қаза тапты: Күйеуі күдікке ілінді

Қырғызстанда төрт баланың анасы қаза тапты: Күйеуі күдікке ілінді
Аурухана. Көрнекі фото: Pramote Polyamate/Getty Images

Қырғызстанның Ош облысында 36 жастағы төрт баланың анасы отбасылық жанжалдан кейін қаза тапты. Әйелдің өліміне оның 37 жастағы күйеуі күдікті деп танылып, қамауға алынды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қайғылы оқиға 20 қарашадан 21 қарашаға қараған түні Ош облысының Алай ауданында болған.

Полицияның алдын ала мәліметінше, 37 жастағы ер адам алкогольдік масаң күйде жұбайымен жанжалдасқан. Тергеу нұсқасы бойынша, жанжал кезінде ол әйелін тұншықтырып өлтірген болуы мүмкін.

Оқиғадан кейін ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қырғызстан Қылмыстық кодексінің 122-бабы, яғни "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қаза тапқан әйелдің есімі – Айгерім. Ол небәрі 36 жаста болған. 22 қарашада Алай ауданының Қызыл-Қорған ауылында марқұммен қоштасу рәсімі өтті. Айгерімнің артында үш ұлы мен бір қызы қалды.

Ош облыстық ішкі істер басқармасының мәліметінше, бұған дейін бұл отбасынан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты полицияға арыз түспеген.

Марқұмның туыстары Turmush басылымына оның 2019 жылдан бері Алай ауданындағы жалпы дәрігерлік практика орталығында еңбек еткенін айтқан. Алғашында оператор қызметін атқарған Айгерім кейін кадр бөлімінің инспекторы болып жұмыс істеген. Әріптестері оны жауапкершілігі жоғары, өз жұмысын жақсы білетін маман ретінде еске алды. Олардың сөзінше, Айгерім қызметкерлерге қазақ емес, қырғыз және орыс тілдерінде құжаттарды рәсімдеуге көмектесіп жүрген.

Жарияланған мәліметтерге сәйкес, марқұм отбасымен бірге жалдамалы пәтерде тұрған. Олар ипотекалық бағдарлама арқылы жеке баспана сатып алудың мүмкіндіктерін қарастырып жүрген. Алайда қайғылы оқиға төрт баланың анасын өмірден алып кетті.

Қазіргі уақытта әйелдің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр.