04-12-20 |
760 рет қаралған
Сапарбаев өтірік айтудан да кет әрі емес екен.
Сапарбаев өтірік айтудан да кет әрі емес екен

Күні кеше Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар орталығында есеп берді. Осы кездесуде arasha.kz сайты көтеріп жүрген мәселені Бердібек Машбекұлына сұрақ ретінде қойған болатынбыз. Облыс әкімі жауаптан жалтарып, нақты ақпарат бермеді. Мәселен, өзі бас болып салдырған монументке қанша қаржы бөлінгенін Сапарбаевтың білмеуі мүмкін бе?

 – Қордай дауынан кейін Жамбыл обысы әкімдігі мемлекеттік бюджеттен 158 млн теңгеге «Қазақ халқына мың алғыс» және әлі пандемияны еңсермей жатып «Біз біргеміз» монументін ашты. Бірақ «Біз біргеміз» монументіне қанша қаржы бөлінгені бізге белгісіз. Баспасөз хатшыңыз «демеушілердің қалтасынан шығарылды» дейді, ал кейбір деректерге қарағанда қала бюджетінен ақша бөлінген көрінеді. Осының қайсысы рас? Содан кейін екі жылдан бері Меркі ауданының тұрғындарын мазалап келе жатқан Кенесары ескерткіші қашан жаңғырады. Оны халық өз қалтасынан көтерген екен. Бірақ арнайы мүсін өнерінің талаптарына сәйкес келуі үшін, бұған қосымша қаражат қажет екен. Облыстық әкімдік Кенесарыға қашан мойын бұрып, ескерткішті жаңғыртады?

Қазіргі таңда Қордайда жағдай тұрақты. Барлық залалдар қалпына келтірілді. Биылғы жылы тек Қордай ауданына 35 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 4 300 жұмыс орны ашылып, жол, ауыс су секілді көптеген мәселелер шешілді. Қазір Қордай ауданында халықты газбен қамтамасыз ету 95 пайызға жетті. Жылдың басында 47 пайыз болған. Кәсіпкерлік жөнінен де өсім бар. Баспасөзде жазып жатқандай «Дүнгендер басқа жаққа көшіп кетті. Кәсіп жасауына кедергі жасалып жатыр» деген сөз – негізсіз. Біз оны зерттедік. Олар Қордай, Шу аудандарында және көршілес Алматы, Қарағанды облыстарында жұмыс істеп жатыр. Бірде-бір дүнген Ресейге немесе басқа бір мемлекетке көшіп кеткен жоқ

Ескерткіштер жөнінен, барлығына қарайлайтын болсақ, онда біз ешнәрсе жасамай отыруымыз керек. Оның үстіне біз үшін қазіргі таңдағы ең керегі – көп ұлтты Қазақстандағы тұратын барлық ұлттардың бірлігі. Қазақ халқы әр уақытта, ашаршылық, соғыс, репрессия болсын өзінің бір үзім нанын қасындағыларға бөліп берген. Ол жөнінде Елбасының берген тапсырмасын жақсы білесіздер. Сондықтан да біз «Қазақ халқына – мың алғыс» атты монумент аштық. Ол жерден тек бюджеттен емес, кәсіпкерлердің демеуші ретінде берген қаржысы бар.

Әрине, сіз айтқандай індет қашан бітеді деп күтіп отыратын болсақ, ол да болмайды. Мұнда біз бірге екендігімізді және қиындықтарды бірліктің арқасында жеңгенімізді көрсетуіміз керек. Содан кейін індеттің кезінде жұмыс жасаған дәрігер, полицей, еріктілерге өзіміздің рахметімізді айтуымыз керек. Өйткені, оның үлкен тәрбиелік мәні бар. Әсіресе өсіп келе жатқан жастарға бірлік пен отанды сүю жөнінде үлгі көрсетеміз. Қазір менің нақты есімде жоқ, бірақ монументке жергілікті кәсіпкерлер де көмектесті.  

– Мен сұраққа жауап алған жоқпын. Кенесары ханның ескерткіші қашан ашылады? Ақша үнемдеу мақсатында монументтердің ақшасы әкімдік пен кәсіпкерлерден шықты дедіңіз. Бізге осы екі үлкен ескерткіштің нақты қаншасы бюджеттен, қаншасы демеушілерден екенін ашып айтып берсеңіз. Жазбаша түрде де жауап беруге болады? 

Береміз жазбаша жауап.

– Сіз жылдың басында «Алаш мұражайын ашамын» деп уәде берген екенсіз. Бұл туралы жергілікті зиялылар хабарласып бізден сұрап жатыр. Алайда Үкімет бөлген ақшаның тапшылығына әрі үнемдеуге байланысты бұл жоба тоқтағанын хабарлапсыздар. Сонда монументке және жазда пандемия кезінде тур ұйымдастыруға ақша табылады да, ал өзіңіз уәде еткен Алаш мұражайына неге іске аспай қалады?

Біріншіден, Алаш мұражайы, Алаш ескерткіші туралы мен ешкімге уәде еткен жоқпын. Егер мен уәде берсем – орындаймын. Екіншіден, Кенесары ескерткішіне қатысты айтқаныңыз – дұрыс. Мүсінге байланысты сұрақтар бар. Сондықтан мүсінге баға беріп, шешім шығаратын комиссияға тапсырма берілген. Сол комиссия шешім шығарғаннан кейін барып, ол ары қарай қолға алынатын болады. Бірақ бұл жерде тек қана бюджеттен ақша болмайды, демеушілердің ақшасымен іске асады.

Облыс әкімі 2-3 сұраққа жауап бере отырып тағы бірнеше сұрақ тудырды. Мәселен Қордай ауданына 35 млрд теңге бөлініп, тұрғындарды газбен қамту 47-ден 95 пайызға жеткенін айтты. Шыны керек, ауданда қарқынды жұмыс істелгені аңғарылады. Алайда бұл жұмыстар неге дүнген дүрбелеңінен кейін ғана іске асты? Сондай-ақ Қордайдан басқа аудандарда газбен қамтудан бастап мәселе – жетерлік. Өзге аудандарға жағдай жасау үшін міндетті түрде Қордайдағыдай жанжал болу керек пе?

Сондай-ақ әкім қос монументке байланысты «барлығына қарайлайтын болсақ, онда біз ешнәрсе жасамай отыруымыз керек» дейді. Жұмыс жасаңыз. Алайда облыстың өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйренбесе, мың монумент ашсаңыз да одан пайда жоқ. Өйткені Тараз қаласындағы аралас және орыс сыныбында оқитын диаспораларды айтпағанда, қазақ балаларының өзі мемлекеттік тілді білмейді. Мұндай жағдайда 158 млн теңгеге «Қазақ еліне мың алғыс» атты монумент ашу «ақымақтық» емес пе?

Коронавирус инфециясы әлі толық аяқталмай жатып «Біз – біргеміз» монументін ашу – Қожанасырдың әрекетін еске түсіреді. Қазіргі таңда облыста 4 467 адам ауырып жатса, кеше тағы 15 адам қауіпті індетті жұқтырған. Ал сіз, еш саспастан монумент ашып жүрсіз. Ең сорақысы –қоғамдық пікірден қорқып «Біз біргеміз» монументіне қанша қаржы жұмсалғанын жасырып отырсыз.

Содан кейін онсыз да карантиннен титықтап отырған кәсіпкерлерге салық салуды доғару қажет емес пе? «Монументке бюджеттен бөлек кәсіпкерлердің ақшасы кетті» деген сөз – онсыз да титықтап отырған азаматтарға соққы болып отыр. Әрі-беріден соң кәсіпкердің ақшасы жаудың ақшасы емес қой. Оны да тиімді мақсатқа пайдаланған жөн шығар?

Айтпақшы, бұған дейін arasha «Сапарбаев уәдесін орындамады» деген тақырыпта мақала жазған. Өйткені әкім ақпанның 19-күні халыққа берген есебінде Тараз қаласынан Алаш мұражайы ашылатынын айтқан еді. Жалпы қазір жұрттың көзін бақырайтып қойып алдау мүмкін емес. Мәселен JAMBYL TV (төмендегі видеоның 27 минутынан бастап көріңіз) телеарнасының тікелей эфирінде әкім «Қазақ хандығы ескерткішінің артынан Алаштану орталығының құрылысы салынады» деген анық.

Алайда әкім Таразда берген уәдесінен Астанада тайқып кетті. Соған қарағанда, Бердібек Сапарбаев монумент ашуда ғана емес, өтірік айтуда да алдына жан салмайтын көрінеді.

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ, arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.