Әйел-ана, әйел-жар, әйел-қайраткер. Әйелдің жанкештілігін, жауаптылығын, жанашырлығын қалай дәріптесек те, қалай мақтасақ та жарасады. Өйткені, бүгінгі біздің заманның батырларының арасында да әйел-аналар баршылық. Бірақ, сол әдемі, мейірбан, нәзік әйелдің жүрегіне, жан жарасына, қиындығына үңілген жан бар ма?
Қоғамның жүгін ер-азаматтармен қатар көтеріп келе жатқан қызкеліншектердің отбасындағы орны да ерекше. Әйел болмаса отбасының берекесі кетеді, әйел жоқта баланың да тәрбиесі ақсайды. Үйдің де жылуы кемиді. Өйткені, «үйді он еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады». Содан болар, шаңырақтың шайқалуына, азаматтың теріс жолға түсуіне, баланың бақылаусыз қалуына тек әйелді кінәлап жатады. Кеткен кемшілікке ер-азаматтың қатысы жоқтай, оларды шарасыз, бейкүнә етіп көрсету жағы басым. Жігіттер жұмыс таппаса да, жұмысынан шығып қалса да, ортасымен араласа алмаса да, әйелі қолдау көрсетпеген, көңіл бөлмеген болып шығады. Алайда, барлық бейнетке әйелді айыптау дұрыс бола қоймас. Өйткені, мұндай қамқорлықты әйел емес, ер-азаматтар көрсетуі тиіс емес пе? Жалпы, біз отбасымыздың жылуын сақтап, материалдық мұқтаждықты басымыздан кешірмеу үшін өзімізге көп жауапкершілік алып жүрген жоқпыз ба? Ерлермен қатар қызмет ете аламыз деп азаматтарды ығыстырып, олардың әйел, бала, отбасы алдындағы міндетін төмендетіп жібермедік пе осы?! Өткенде баламның сынып жиналысына бардым. Жиналысқа қатысып отырған азаматтардың қарасы қалың. Кейіннен сауалнама толтырғанда байқадым, солардың көпшілігі жұмыссыз екен, әйелдері жұмыста болғандықтан, үй шаруасын, бала тәрбиесін өз міндетіне алған. Міндетіне деген әшейін сөз. Әйтпесе, балаға бас-көз болғаны болмаса сол еркектердің үй жинап, тамақ жасап, баланың сабағын оқытпайтыны түсінікті. Сол көзге көрінбейтін жұмыстың бәрін күндіз тепеңдеп жұмыс істеген әйелдер түн ауғанша өздері істеп жатады. Отбасының тыныштығы, балалардың, әсіресе, ұлдарының тәрбиесін ақсатпау үшін кейбір келіншектерге ерлерінің осындай еркелігін көтеруге тура келеді. Ажырассақ балалардың ертеңіне қиын болар деп қорғашақтайды көпшілігі. «Бір әкенің берген тәрбиесін, он мектеп бере алмайды» деген мақал бар. Алайда, әйелінің мойнына мініп, тапқанын жеп отырған еркек баласына қандай тәрбие беруі, үлгі болуы мүмкін. Өзі масыл әке балаларын масылдық санаға үйретпесіне сенім жоқ.
Осындайларды көре тұрып біз ажырасушылар саны неге өсіп кетті деп таңдана сұраймыз. Еркегінің қырсыздығына, жауапсыздығына, масылдығына, сонысымен қоймай, талапшылдығына, намыссыздығына, озбырлығына шыдамағандар ажыраспағанда қайтеді? Қазір жалғызбасты аналардың тәрбиесінде өсіп жатқан ұрпақ көп. Бұл жай жаба салатын мәселе емес. Үлкен қасірет. Әйел қанша тырысса да, қанша жанталасса да әкенің орнын толтыра алмайды. Одан бөлек, екінші рет отбасын құрған әйелдердің өз бақыты үшін алғашқы некеден туылған балаларын құрбандыққа шалатын кездері көп. Өгей әкесінің таяғын жеп көнбіс, ез боп өскен ұл балалардың обалы да анаға емес, әкеге болуы керек. Анасының таңдауына қарсы келмей, үйге енген бөтен еркекті өз әкесіндей жақын тартқан қызды қарабет жасап, жүкті еткен өгей әкелерге де жазаны қалай қатайтсақ жарасады. Бұл енді қоғамдағы өзекті мәселер.
Ал енді өзім қызмет ететін соттағы қаралатын істерді сараптағанда, ерлерден гөрі әйелдердің жауаптылығы жоғары екенін топшылау қиын емес. Олай дейтініміз, сот мәжілістері басталарда әйелдер үнемі ерте келіп, процестің тәртіпке сай өтуіне кедергі келтірмеуге тырысады. Ғимаратқа кіру талаптарына да сөзсіз бағынады. Ал, ер азаматтардың сот процесі болатын уақытты өткізіп алатын, кешігіп келетін, сотқа келмеу себебін ескертпейтін кездерін жиі байқаймыз. Сотта адам тағдыры шешіледі. Мұны түсінгендіктен әйелдер қауымы өзінің айтқысы келгенін қорытып, сөзін қағазға түсіріп, кәдімгідей дайындалып жатады. Бұл өз кезегінде сот мәжілісінде ойын шашыратпай жеткізіп, іске қатысы бар, көмегі тиетін деректерді нақты ұсынуына көмектеседі. Ал, ер азаматтардың сотқа еш дайындықсыз келетіні, судьялардың істің түйінін тарқатуға көмектесетін деректерді қайтақайта сұрақ қою арқылы ғана әупірімдеп алатыны да күнделікті тәжірибеде бетпебет келетін көп қиындықтың бірі. Соңғы кезде отбасы, бала алдындағы жауапкершілігін ұмытып, алимент төлеуден қашатын әкелердің көбеюі де азаматтық қасиеттің кеміп, әйелдерге артылар жүктің еселенгенін байқатады. Ең сорақысы, ажырасуға бел буған азаматтарды ұлқызының ертеңгі тағдырынан гөрі, жиғантерген дүниесінің таласқа түсетіні алаңдатады. Ажырасып, ортақ мүлікті бөліске салуға келген әйелдердің бұрынғы ерінің басындағы үй мен көліктің, жер телімінің қайда кеткенін білмей, дағдаратын кездерін де көріп жүрміз. Мұндайда алдын ала қам жасап, басындағы мүліктің бәрін жақындарының атына жазып тастаған азаматтарды кейде азамат деуге аузың бармай қиналасың. Сонда дүние, материалдық игілік бала болашағынан артық болғаны ғой. Кейінгі жылдары ажырасу бойынша істердің көбейіп кеткені рас. Бүгінгі статистика Қазақстанда тіркелген некенің әрбір үшіншісінің бұзылатынын көрсетіп отыр. Яғни, әрбір үшінші отбасындағы бала жетімдіктіктің тақсіретін тартуда. Әрине, әйелдің балаға барлық жағдай жасайтыны, бірнеше жерде жұмыс істесе де ұлқызын қатарластарынан қалдырмауға тырысатыны түсінікті. Олар ұрпағы үшін өзін, жастық шағын құрбан етуге бар. Бірақ, жалғыз өзі күнітүні тынбай жұмыс істеген әйелдің бала тәрбиесіне көңіл бөлуге күшқуаты жете қояр ма? Ал, жас кезде берілмеген тәрбиенің салдары ауыр. Оны ештеңе түзей де, ақтай да алмайды. «Әйелдің қырық жаны бар» дегенді жиі айтамыз. Бірақ, сол жаны сірі әйелдің де сыр беретін, көмек күтетін кезі болады. Ер-азаматтар сыйламаған жылуды кейде олар жақындарынан, әріптестерінен, достарынан іздейді. Сондықтан, отбасылық өмірде жолы болмаған жандарға қол ұшын беріп, қолдау көрсету баршамыздың парызымыз.
Р.САРТАЕВА,
Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024