15-03-19 |
970 рет қаралған
Қатесін мойындағандардың жазасы жеңілдейді.
Қатесін мойындағандардың жазасы жеңілдейді

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентінің Жарлығымен бекітілген 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасының бір бағыты қылмыстық сот ісінің оңтайлы моделін жасауға негізделген. Осы құжатқа сай күштік құрылымдардың жұмысына серпін беретін бастамалар қолға алынып, елімізде бірталай заңнамалар жаңа сипатқа ие болғаны белгілі. Әсіресе, азаматтардың құқықтық санасын және заңдық сауаттылығын арттыру мақсатында процессуалдық келісім институтын дамыту керектігі басты талапқа айналған еді. Жалпы, қазақтың кешірімшіл, ымырашыл, ынсапшыл екені ешкімге жасырын емес. Ендеше, процессуалдық келісімнің заңдық сипатқа ие болуын кешірімшілдікті, мәмілегерлікті дәріптеген қазақы құқықтық норманы жаңғырту деп бағаласақ қателеспейміз.

Қылмыстық іс жүргізу заңнамаларында осы мәселелерді қарастыру керектігі кеше ғана сөз болған жоқ. Ескі кодекс дамыған елдердің сапына қосылғалы отырған Қазақстандағы құжаттардың халықаралық талаптарға сай еместігін дәлелдеді. Осылайша өзге озық елдердің тәжірибесі ескеріле отырып жаңа Қылмыстық процестік кодекске процессуалдық келісім жасау тетігі енгізілген болатын. Процессуалдық келісім жасау біраз мемлекеттерде қолданылып келе жатыр.  АҚШ секілді заңнамасы жетілдірілген мемлекеттерде процессуалдық келісім – «кінәсін мойындау туралы мәміле» деп аталады. Бұл мәміле айыпталушының, оның қорғаушысының прокурормен келісімі. Айыпталушы мен прокурор мәмілеге келген жағдайда АҚШ-та қылмыстық істі алқабилер соты емес, судьяның жеке өзі қарайды. Кінәсін мойындау туралы мәмілеге келу АҚШ, Англия, Үнді, Италия, Франция, Эстония, Израиль және Грузия сияқты мемлекеттерде кеңінен қолданылатынын да айта кеткеніміз жөн. Енді бізде де сол алдыңғы қатарлы елдердің озық тәжірибесі қолданылып жатыр.

Мысалы, Қылмыстық процестік кодекстегі тағы бір жаңалық 615-баптан көрінеді. Осы бапта кінәні мойындау туралы мәміле жасалған жағдайда процестік келісім жасаудың заңдық тетігі дәйектелген. Айыпкердің өтінішхатын қарау тәртібі де осы бапқа сай реттеледі. Құжаттағы өзгеріске сәйкес, күдiктi болсын, айыпталушы мен сотталушы болсын қылмыстық iс бойынша кез келген уақытта кiнәнi мойындау туралы процестiк келiсiм жасасу туралы өтiнiш беруге құқылы. Бір ескерерлігі, мұның барлығы сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін жасалып үлгеруі керек. Осы кодекстің 618-бабына сәйкес процестік келісімнің прокурордың және күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының арасында жасалатыны айқындалған. Бұл мүмкіндік шалыс басқан азаматтың өз еркімен айыбын мойындап, түзелуіне мүмкіндік беруді көздейді.

Сонымен қатар, процестiк келiсiм прокурордың бастамасы бойынша да жасалуы мүмкiн. Мұнда қылмыстық процесті жүргізетін органға да үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Себебі қылмыстық процесті жүргізген орган қызметкері күдіктіден өз кінәсін мойындау туралы мәмілеге келіп, процестік келісім жасасу туралы өтінішхатты алған соң, Қылмыстық процестік кодекстің 613-бабында көзделген негіздерді ескере отырып, өтінішхатты қылмыстық іс материалдарымен бірге прокурорға жібереді. Және бұл шара үш тәулік ішінде жасалуы шарт.

Әрине, қылмыстық процесс кезінде ең алдымен жәбірленушінің моральдық зиян шекпеуіне, құқығының қорғалуына басты назар аударылады. Осыған орай, егер жәбірленуші келісім бермеген жағдайда процестік келісімнің жасалмайтынын жадымызда ұстауымыз керек. Яғни, процесстік келісім жасаларда күдіктінің түзелуге ниетінің болуы, шын көңілмен өкінуі басты назарда ұсталмайды. Ол үшін алдымен жәбірленушінің пікірі сұралып, егер жәбірленуші келіскен болса, онда оның қылмыспен келтірілген зиянды өтеу мәселесі жөніндегі пікірі ескеріле отырып, прокурор және қорғаушы тарап қисынды мерзімде процестік келісім жасасады. Және бұл келісім жазбаша түрде жазылып, оған қатысушылар қол қояды.

Жайық Жанболат

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.