Интернетте тараған «иттердің шабуылын тоқтатқан тұрғын жауапқа тартылды» деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
«Иттердің шабуылын тоқтатқан азаматты жауапқа тарту туралы интернетте тараған ақпарат шындыққа сай келмейді. Аталған азаматқа қатысты ешқандай процессуалдық шешім қабылданған жоқ. ҚР Қылмыстық кодексінің 32-бабы («Қажетті қорғаныс») негізінде оның әрекеттері өзін-өзі қорғау мақсатындағы заңды әрекет ретінде бағаланады. Заң бойынша өмірге, денсаулыққа немесе мүлікке нақты қауіп төндірген шабуыл кезінде қажетті қорғаныс шеңберінде зиян келтіру қылмыс болып саналмайды», — деді Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осылайша, департаменттің мәліметінше, кәмелетке толмаған баланы иттердің шабуылынан құтқарған азамат заң талаптарын бұзбаған, оның әрекеттері ешқандай құқықтық жауапкершілікке әкеп соқпайды.
Сонымен қатар, иттердің иесінің әрекеттері толыққанды сотқа дейінгі тергеу аясында қаралады. Егер заң бұзушылықтар анықталса, иесі заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Еске сала кетейік, 1 шілдеде Алматы облысында балаға иттер шабуыл жасаған соң қылмыстық іс қозғалды. Кейінірек бұл істі облыстық прокуратура ерекше бақылауға алғаны белгілі болды.