27-04-21 |
480 рет қаралған
Қарызға батқан қорғаныс министрлігінен шу шықты.
Қарызға батқан қорғаныс министрлігінен шу шықты

Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйым сексеннен астам жеке компанияға 1 миллиард теңге қарыз.

Қорғаныс министрлігінің маңына 85 мердігер компанияның өкілдері жиналды. Мердігерлер министрліктен 1 миллиард теңге алашағы бар екенін мәлімдеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Оқиға орнына министрлік өкілдерінен бұрын әкімшілік қызметкерлері мен полицейлер жетті.

«Құрметті азаматтар! Мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің қызметкерімін. Сіздерге ҚР митингілерді, шерулерді өткізу тек жергілікті атқарушы органмен келісілетінін хабарлаймын», – деді әкімдік қызметкері.

Бірақ, жиналғандар өздерінің шерушілер емес, тендер жеңімпаздары екендіктерін полицейлерге түсіндірді. Сөйтті де, министрліктің «Әскери Құрылыс» атты еншілес компаниясы жасатарын жасатып алып, қаржысыз қалдырды дегенді айтты.

«Біздің айтарымыз, мынау қарызды төлесін деп. «Әскери Құрылыс Астана» ЖШС бар, «Әскери Құрылыс» АҚ бар, біздің қарызды өтеп берсін. Бәріміз кредит алып, машинасын тігіп, квартирасын салып, өз қаражаттарына жұмыс жасады. Сол жұмыстың қаржысын күте алмай жатырмыз»,- деді кәсіпкер Ерлан Шілдебаев.

Қарулы күзеті бар, стратегиялық нысан маңына құжыныған жұртты көргенде Нұрлан Ермекбаевтың қоластындағылар да далаға шықты. Шенділер 1 миллиард теңге төңірегіндегі былыққа «Әскери Құрылыс» жанынан құрылған «Әскери Құрылыс Астана» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктегілер кінәлі екенін айтты. Қазір министрлік ішінде тергеп-тексеру де басталыпты.

Нұрлан Ермекбаевтың орынбасары мердігерлер қалайда ақшаларын алады дейді. Бірақ ол үшін уақыт керек. Сондай-ақ Мұхамеджан Таласов «Әскери Құрылыс Астана»-дағы проблема 2016 жылы басталғанын айтады. Компания соңғы төрт жылдан бері ішкі қаржылық проблемасын шешіп келіп, биыл тығырыққа тірелген. Мұны ұйымның су жаңа директоры да растады.

85 мердігер мыңнан аса жұмысшысына әзірге өз қалталарынан қаржы төлеп отыр. Араларында мүлдем ақшасыз қалып, нәпақасын ала алмағандардан қоқан-лоқы көріп отырғандар да бар екен. Тендерде жеңгендер, әсіресе, кірісті санайтын органдар есепшотты бұғаттап, қинап жатыр, дейді. Ал, министрліктегілердің жеке кәсіпті тексеруге мораторий болған соң, уақтылы «Әскери Құрылыс Астана»-ның қызметіне араласып, тексере алмадық, «сәл күте тұрыңыздардан» басқа айтары жоқ.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.