16-05-23 |
2150 рет қаралған
Бейбіт өмір сүре білу мәдениетін меңгеру маңызды.
Бейбіт өмір сүре білу мәдениетін меңгеру маңызды

Әлемде әрбір он адамның сегізі дініи наным-сенім бостандығына қатысты қысым көреді екен.

Бұл туралы заң ғылымдарының кандидаты, философия магистрі Қазыбек Дәуітәлі айтып берді.

Атеистік идеологиядан шыққан посткеңестік Қазақстанда бұл сұрақ өте күрделі даму үстінде. Соңғы кездері – мектепке орамал (хиджап) тағып баруға рұқсат берілуі керек пе, әлде жоқ па деген сұрақ қайта-қайта көтеріліп,  қоғамда өзектілік танытып отыр.

Бұл жерде қайсыбір қоғам мүшесінің субъективті қалауы – қолдауы не қарсы болуы  маңызды емес. Бастысы бейтарап құқық қандай пәтуа шығарады, оның мазмұнымен қабыса ала ма, сол шешуші рөл атқарады. Егер өзгенің құқығын бұзбаса, бостандығына нұқсан келтірмесе, әркім өмір сүру образын еркін таңдай алады. Бәрінің біркелкі болуы міндеттелген тоталитарлық қоғам енді қайтып келмейді. Қазақтардың өзі – ішінен тіліне (шалақазақ, таза қазақ), дініне (монотеизм, политеизм, пантеизм, атеизм), саяси ұстанымына (солшыл, оңшыл) және т.б. белгілер бойынша түрлі бағытта топтаса беретін болады. Мемлекеттің міндеті – қайсыбіріне артықшылық бермей не кемсітпей ортақ азаматтық ұлт қалыптастыру саясатын ұстануы тиіс – дейді ол.

Зайырлылық – билікке дін белгісі бойынша іріктеуге тыйым салады. Ал мемлекеттік мекемеде жұмыс істеу, оқу және басқа да өмірмәнді қызметтерді алуы – адамның діни бостандығын шектемеуі тиіс. Бұл –  конституциялық аксиома.

Конституциялық сот тәжірибесінде бұл сұрақ әзірге қаралған жоқ, алайда жуық арада қойылу ықтималдығы жоғары. АҚШ-та пандемия дүрілдеп тұрған кезде еврейлер діни жиын өткізді. Жиынды өткізуге атқарушы билік тиым салғанымен, Жоғарғы сот діни бостандықтың құқықтық табиғаты конституциялық мәртебе арқылы анықталатындықтан, оған қатысты әкімшілік тиымдар мен шектеулердің қолданылуы заңсыз болып табылады деген шешім шығарды. Оның үстіне осы күнгі адам құқықтарының ІV кезеңі – мәдени және рухани құқықтар мен бостандықтарды, соның діни наным-сенім бостандығын нақты қорғауға бағытталып отыр. Оқшауланып оғаш, құқыққа қиғаш шешім шығаратын ХХ ғасыр артта қалды. Әлеммен бірге кеңейіп, түрлі көзқарас иелерімен бейбіт өмір сүре білу мәдениетін меңгеру тәуелсіз Қазақстан үшін де аса маңызды – дейді Қазыбек Дәуітәлі.

Arasha.kz

ФОТО: turkystan.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.