21-05-23 |
1640 рет қаралған
Дін ұстай алсаң – қасиет, қадірін білмесең – қасірет.
Дін ұстай алсаң – қасиет, қадірін білмесең – қасірет

Дін – ғасырлар бойы адамзатқа қызмет етіп, адами қасиеттің, терең тағылымның айнасы болып келеді. Бірақ, дін ұстай алсаң – қасиет, қадірін білмесең – қасірет. Оны әсіредіншілдер әрекетінен, жат ағымдар жетегінде кеткендердің  таным-түсінігінен байқау қиын емес. Дін ел игілігіне, халықты тәрбиелеуге қызмет етуі үшін жат пиғылды топтардың жымысқы әрекетіне тегеурінді тосқауыл қойылуы керек. Ал бұл қызмет тек теріс жолға түскендерді әшкерелеп, айыптаудан тұрмайды. Асыл дінімізді насихаттау жұмысы әртарапты, сапалы болуы керек. Алматы қаласының әкімдігі, Дін істері жөніндегі басқармасы бұл іске ерекше көңіл бөліп отыр.

Діннің алтын діңгек ретіндегі қызметін көрсетуде басқарма тарапынан қолға алынған жұмыстардың, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан атқарылған іс-шаралардың  орны бөлек. Дегенмен, діннің маңызын түсінетін мамандарды оқыту, білімін жетілдіріп, білікті кадрлар шоғырын қалыптастыру қажетті шараның бірі. Осыған орай Алматы қаласының Дін басқармасы «Адам және қоғам» үкіметтік емес ұйымымен бірлесіп 12 сағаттық оқыту семинарын өткізді. Екі күнге созылған бұл дәрісте діннің негіздері, жастарды жат ағымның жетегінде кетуден сақтандырудың тетіктері, азаматтармен сөйлеу, өз пікіріңе сендіру әрекеті жан-жақты, нақты мысалдармен баяндалды. Жалпы білім беру мекемелері мен колледждердің мұғалімдеріне  елімізге белгілі дінтанушы, теолог, психолог, философ мамандар дәріс оқыды. Жалпы 100-ге жуық адам қатысқан бұл шараның маңыздылығы – өзара диалогтың орын алуынан көрінді. Мұнда ұстаздар оқушылар тарапынан жиі қойылатын діни сауаттылық бойынша сауалдарға жауап алды. Сонымен бірге, лекторлар мұғалімдердің тәжірибеде кездесетін қиындықтарды оңтайлы шешуіне бағыт көрсетті.

– Біздің мектепте жоғары сынып оқушысы хиджаб киіп келе бастады. Өзі жақсы оқиды, айналасына ықпалы да керемет. Орамал әдемі жарасып тұрғандықтан, басқа оқушылардың да оған қызығушылықпен қарап, көңіл аудара бастағанын байқадық. Егер қызды ақылға шақырып, білім беру мекемелерінде сақталуы тиіс талаптан хабардар етпесек, мұның соңы қиынға соғарын болжадық. Ақыры, қызбен оңаша сөйлесіп, өзінің ортаға теріс әсер етіп жүргенін айтып, хиджабын шештіруге ықпал еттік. Ал мына дәрісте осындай қиын жағдаймен бетпе-бет келгенде не істеу керегін лекторлар анық, нақты айтып берді. Семинарға қатысып, діни сауатымды көтергеніме, дінге қатысты көп мәселені түсінгеніме қуаныштымын, – дейді Алматы қаласы №172 мектеп-гимназияның дінтанушы маманы Мақпал Мәлікқызы.

Семинар соңынан сертификатқа ие болған әрбір мұғалім деструктивті діни ағым идеологиясының қоғамға қауіптілігі, оған қарсы қолданылатын әдіс-тәсілдер, зайырлылық түсінігі, ғаламтор кеңістігінде күмәнді діни ақпараттардың таралуына жол бермеу, оған қарсы тиімді насихаттық жұмыстарды жүргізу әдістері бойынша кең көлемді мағлұмат алды. Бұл шара діннен хабары бар, сауатты мұғалімдердің қалыптасуына оң әсер еткені талассыз.

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы «Адам және қоғам» қоғамдық ұйымымен бірлесіп жақында Д.А Қонаев атындағы және Байкен мешіттерінде «Батырлар – ел қорғаны», «Қазақ халқының ойлау ерекшелігі» тақырыптарында арнайы викторина өткізді. Бұл шараға қарап Дін басқармасы неге тарихты түгендеп кеткен деген қате пайым қалыптаспауы керек. Діннің өзі барды бағалауды, батырды дәріптеуді, халықты жақсы іске ұйытуды мақсат етеді. Ал мұндай насихат жұмыстары тек дәріс, сабақ түрінде ұйымдастырылмайтыны түсінікті. Өйткені, адам естігеннен гөрі көргенін, өзі белсенділік танытып бел ортасында жүрген шараларды есінде көбірек сақтайды. Викториналық байқау ұйымдастырудағы басты мақсат та осы.

Бұл іс-шараға дәріскер ретінде тарихшы Мадияр Қасымов пен Руслан Сейтқазиев арнайы шақырылған болатын. Студенттер мен мешіт жамағаты арасында патриоттық сезімді күшейту және Қазақстан тарихы туралы танымды кеңейтуді көздеген викториналық ойынның сауалдары ой саларлықтай. Тартысты, қызықты өткен шарада шешімін таппаған сауал қалған жоқ. Қатысушылар қиналған, таба алмаған сауалдарға тарихшылар өздері жауап беріп, қатысушылардың көкірек көзін оятуға барын салды. Одан бөлек, викторинаға дәріскер ретінде қатысқан тарихшы Руслан Сейтқазиев қазақ батырларына қатысты қосымша қызықты мәліметтерді ортаға салды. Қызықты өткен додада ұтылғандар жоқ. Дұрыс жауабымен топ жарғандар бағалы сыйлыққа ие болса, тиісті ұпай жинай алмағандар өзі бұрын білмеген талай мәліметтерге қанық болды.

Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы мұндай игілікті істерге мұрындық болуға әбден төселген.  Олардың «JASTAR» дамыту орталығы»  қоғамдық бірлестігімен бірлесіп байқау ұйымдастыруының да мәне тереңде. Бұл байқау дін тақырыбында сауатты, көркем, ұғынықты, жан-жақты жазуға бейім жастарды ынталандыруды мақсат етіп отыр. «Бірнеше номинация бойынша дін саласының өзекті мәселелері туралы үздік материалдар, мақалалар, әлеуметтік роликтер ұсынғандарға байқау жариялаған басқарма бұл шараның дінді зерттеуге, осы салада жүрген мамандармен сұхбаттасуға, білімді мамандарды танытуға, дінге қатысты түйткілдерді бірігіп шешуге мүмкіндік тудыратынына сенімді.

Күні кеше байқаудың талаптарын таныстырып Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма арнайы брифинг өткізді. Ережеге сәйкес байқауда 4 номинация бойынша жүлдегерлерді анықтау жоспарланып отыр. Қатысушыларға берілетін жүлде қоры да қомақты.  Ең бастысы, бұл шара дінге қатысты қоғамның оң көзқарасын қалыптастыруға, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде діни тақырыптардың кең көлемде жазылып, насихатталуына ықпалын тигізері анық.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.