04-04-23 |
860 рет қаралған
Діни алауыздыққа жол жоқ.
Діни алауыздыққа жол жоқ

Дін – өте нәзік тақырып. «Қамысты бос ұстасаң қол кеседі» демей ме халқымыз. Сол айтпақшы, дінді де бақылаусыз қалдырудың қаншалықты қауіпті екенін көпшілік біліп, көріп отыр. Әсіресе, Алматы сияқты миллиондаған тұрғыны бар қаланың діни ахуалына ерекше мән берген орынды. Міне сондықтан да оңтүстік астанамызда дін саласындағы саясатқа жіті көңіл бөлінеді.

          Діни алауыздықтың туындап, жат ағымдардың жандануына халықтың діни сауатының кемдігі ықпал ететіні талассыз. Сондықтан әкімдік тарапынан жүргізілетін жұмыстардың дені ең алдымен діни сауатты көтеруге бағытталады. Мысалы тек 24 сәуір мен 28 сәуір аралығында Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша тұрғындар арасында 18 іс-шара өткізген екен. Көптеген мектеп, колледж, жоғары оқу орындарында ұйымдастырылған дәрістерге екі мыңға жуық адам қатысқан. Тыңдаушыларға мемлекеттің зайырлы құрылымының құндылықтары, деструктивті діни ағымдардың белгілері, экстремистік және террористік ұйымдарға тартудың психологиялық әдістері және шетелде рухани білім алу барысында деструктивті идеологиялық ықпал ету қаупі туралы айтылды

– Мұндай жиындарда діни сауатты арттыруға, дін білмеудің теріс салдарын нақты мысалдармен түсіндіруге басымдық беріледі. Өкінішке орай, бізде ғаламтордағы уағыздарды тыңдап, өз бетінше діни білімін жетілдіріп жатқан азаматтар баршылық. Сауатты бағыт-бағдар берілмеген соң олар өзінің оқыған, көрген ақпараттарын шындық деп қабылдайды. Соның кесірінен қаншама білімді мамандар дәріс өтсе де пікірін өзгертпейді, керісінше өзіне түзу жолды нұсқап отырған адамдарды жау көруі мүмкін. Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған шаралар нақты өмірдегі жағдайларды мысал ете отырып, дұрыс жол нұсқауымен құнды, – дейді Алматыдағы №12 мектептің дінтанушы маманы Мақпал Мәлікқызы.

           Дін істері жөніндегі басқармасының жұмыстарын жоғары бағалаған маман әсіресе мектепке хиджаб киіп келген қыздарды жөнге салуда бұл құрылымның ықпалы зор екенін алға тартты.

– Қыздар кейде ата-анасының нұсқауымен, кейде айналасына еліктеп хиджаб киіп жатады. Сонда байқағанымыз, күнде жанында жүрген соң ба, біздің айтқан кеңесіміз оларға айтарлықтай әсер ете қоймайды. Ал басқарма мамандары арнайы келіп түсіндіру жұмыстарын жүргізген соң жасөспірімдер өз әрекетінің еліміздің заңдарына, білім мекемелеріндегі ортақ тәртіпке сай еместігін ұғынып, қалыпты өмірге оралып жатады. Бұл Дін басқармаларының елдің діни сауатын көтеруде мол тәжірибе жинақтап қоймай, өз сөзіне ұйытып, сендіре алатын біліктілікке ие екенін аңғартады, – дейді мектеп дінтанушысы.

⠀         Дін істері басқармасының жұмысы мекемелерге барып дәріс оқумен, көпшілік тарапынан қойылатын сауалдарға жауап берумен шектелмейді. Қоғамның діни сауатын көтеру үшін басқарма түрлі әдіс-тәсілдерді тәжірибе жүзінде оңтайлы қолдануда. Мысалы,  жақында басқарманың қолдауымен Алматыдағы Орталық мешіт жамағаты арасында «Ерлік пен елдікті ту еткен қазақ батырлары» тақырыбына арнайы сауалнамалық сайыс өткізілді. Сұрақ-жауап барысында мешітке жиналған қауым қазақ халқының батырлары туралы арнайы дайындалған сұрақтарға жауап берді. Тарихты жақсы білетін, сауалдарға мүдірмей жауап бергендер басқарма тарапынан тағайындалған арнайы сыйлықтарға ие болды. Бұл шараның негізгі мақсаты тарих арқылы халықтың өзін тануына ықпал ету. Ал тарихын білетін адамның қаншама жалған ақпарат алдынан шықса да адаспасы белгілі. Өйткені, тарихына үңілген адам өзі оқыған ақпараттың шынайылығына да көз жеткізіп, дерек пен дәйекті саралай алады.

          Алматы қаласының әкімдігі діни сауатты көтеруде психологтардың, заңгерлердің де көмегіне жиі жүгінеді. Мәселен, таяуда қала әкімдігінің ұсынысымен психолог Лола Шакимова тікелей эфирде халықпен жүздесіп, сұрақтарына жауап берді. Лола Сергейқызы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің доғарыстағы полковнигі. Жат ағымның жетегінде кеткен, діни экстремистердің сауатсыз уағызынан санасы уланған жандармен жылдар бойы жұмыс жүргізген білікті маманның дәрісін Алматы қаласының жұрты үлкен қызығушылықпен тыңдады.  Әсіресе Лола Шакимованың Сириядан «Жусан» операциясы бойынша елге оралған азаматтарға қатысты айтқаны аса өзекті болды.

– Біз жат елге барып, түрлі сұмдықты көзімен көрген жас балалармен жұмыс істедік. Қанша жылдық тәжірибемде мұндай жағдаймен бірінші рет кездескен екенмін. Балалардың жанарындағы қорқынышты, жүрегіне орныққан үрейді ұмыттыру оңай болған жоқ. Оларды қалыпты өмірге оралту үшін бізге көп еңбектенуге тура келді, – деген психолог діни фанаттарға тосқауыл қоюда азаматтардың белсенділігі маңызды екенін алға тартты.

            Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы мұрындық болған бұл жүздесуде Лола Шакимова көптеген құнды мәліметтермен бөліскен. Соның ішінде жат ағымдардың арбауынан қалай сақтану керек, ғаламтордағы ақпараттарды қалай іріктеген жөн, қандай діни кітаптарды оқу қажет деген сияқты көпшілік көкейінде жүрген сауалдарға жауап беріп, сауатты жол көрсетті.

          Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы діни сауатты көтеріп, діни алауыздыққа тосқауыл қою мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарымен етене жұмыс жүргізуде. Төртінші билік өкілдері де басқарма тарапынан атқарылған игі істерді көпшілікке көрсетуде, насихаттауда белсенділік танытып келеді. Өйткені, мемлекетте тұрақтылық пен тыныштықтың орнап, діни келіспеушіліктің орын алмауына Алматыда тұратын әрбір азамат мүдделі. Сондықтан, азамат ретінде әрбір журналист әкімшіліктің дінге байланысты іс-шараларына бір кісідей қатысып, айналасын жат ағымдардың ықпалынан таза ұстауға көмектесуде. Соның ішінде Алматы қаласының Дін басқармасы мен Алматы қаласының прокуратурасы тұрақты ұйымдастырып келе жатқан діни тақырып бойынша эссе байқауының да орны айрықша. Бұл байқау журналистердің дін тақырыбында терең ізденіп, салмақты көпшілікке салмақты материалдар ұсынуына ұйытқы болып келеді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.