05-07-23 |
1120 рет қаралған
Ерлан Қарин Хан Кененің құранын ҚМДБ-ға тапсырды.
Ерлан Қарин Хан Кененің құранын ҚМДБ-ға тапсырды

Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қарин Кенесары ханның Құранын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына табыстады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Кенесары ханның Құраны табылғанын мәлімдеген болатын. Құранды толықтай зерттеген отандық және шетелдік жоғары білікті, тәжірибелі мамандар оның Кенесары ханға тиесілі екенін анықтады. Атап айтқанда, Ресейдің Мемлекеттік тарих музейінің сарапшылары Құран қолжазбасына ғылыми түсініктеме берді. Ал танымал көне қолжазбалар маманы, тарих ғылымдарының докторы, профессор И.В. Зайцев құнды жәдігерді зерттеп, өз қорытындысын жасады – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, еліміздің «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының» ғылыми қызметкерлері де Құранның толық сипаттамасын жасап шықты.

Құранның түпнұсқа қолжазбасы қатты шығыстық мұқабамен түптелген. Оның көлемі 16х23 см, кітап ақшыл-сары түсті 744 беттен тұрады, әрбір бетке 12 жолдан түскен. Көркем безендірілген парақтардың басы, ортасы және соңы қолмен жазылған. Сондай-ақ, парақтар алтын, көк, жасыл және қызыл түсті өсімдік суреттерімен әдіптелген. Ал әр жолдың арасы алтын жалатылған сынаппен көмкерілген. Қағаз бен сия пигменттеріне жүргізілген химиялық-технологиялық зерттеу жұмыстары олардың XVIII ғасырдағы Шығыс қолжазба кітаптарын жасауда қолданылатын материалдармен бірдей екенін көрсетті – дейді Ерлан Қарин.

Құран қолжазбасы мен миндаль секілді мөрлер бояуларына хроматографиялық тәсіл арқылы зерттеу жүргізу барысында олардың ХХ ғасырдың ортасына дейін қолданылған бояғыш заттан жасалғаны анықталды.

Құран қолжазбасының ортасында қазақ тілінде «Қазақ ханы Кенесары. Оған Алланың көмегі болсын. Аллаға үміт артқан (Аллаға қайтатын) кедей құлдың дұғасымен. Мулла Марал ибн Құрбан баба…» деген жазу мен Ишанның мөрі бар. Қасына Хан Кененің де мөрі басылған.

Ұзақ уақыт бойы шетелдік жеке адамдардың қолында болған қасиетті кітап меценаттардың арқасында Қазақстанға қайтарылды.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, Құранның бұл нұсқасы қазақ халқының тарихи жәдігері екені сөзсіз. Сондай-ақ оның тарихи және музейлік құндылығы өте жоғары.

Бүгін Президенттің тапсырмасы бойынша Кенесары ханның Құраны Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына табысталды. Солайша, Киелі кітап құтты орына қайта оралды.

Arasha.kz

ФОТО: Ақорда

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.