29-08-23 |
2470 рет қаралған
Мүфтият: Гүленшілер мақсатына толықтай жетпей тұрып, шынайы келбетін ашпайды.
Мүфтият: Гүленшілер мақсатына толықтай жетпей тұрып, шынайы келбетін ашпайды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында діни оңалту бөлімі «Гүленшілер» атты материал жариялады.

Онда «гүленшілер жамағаты» делінетін діни топқа қатысты шағын түсініктеме берілген.

«Саид Нұрсидің идеялары негізінде әрекет ететін гүленшілер жамағаты, негізінде, «Хиз­мет» қозғалысы деп аталады. «Хизмет» – түр­киялық жазушы, дін және қоғам қайраткері Фетхулла Гүленнің (1941 ж.т.) идеялары мен бағыт-бағдар көрсетуінің негізінде құрылған діни-әлеуметтік қозғалыс» – деп діни басқарма гүленшілерге сипаттама береді.

Одан әрі материалда қозғалыстың таралуы, құрылымы мен қызметі туралы қысқаша баяндалады.

«Хизмет қозғалысы әлемнің 140-нен астам елдерінде өз білім беру мекемелерін орналас­тыруға қол жеткізген. Сондай-ақ олар медиа, емхана, қаржы салаларына да жеткілікті ин­вестиция жасаған. Сонымен қатар, Фетхулла Гүленнің бірша­ма кітаптары қазақ және орыс тілдеріне ауда­рылып, халық арасында таратылды. Отандық ғалымдардың діни тақырыпта жазған кітап­тары тапшы болған кезде амалсыз Гүленнің кітаптары да оқылды»,- деп жазады діни оңалту бөлімі.

Материалда одан әрі қозғалыстың негізіне және оның әрекет ету формасына, жұмыс жүргізу ерекшелігіне тоқталады.

«Қозғалыс негізі «нұршылар» жамағатынан бастау алғандықтан, негізгі әрекет ету форма­сы мен методологиясы нұршылар жамағаты­на өте ұқсас. Алайда нұршылар жамағаттары оларды өздерінен бөлек өзге жамағат ретінде қарайды. Түркияда және әлемнің барлық мемле­кеттерінде өз мүшелерінен шыққан ықпалды немесе дарынды тұлғаларға барынша қолдау көрсетуге тырысады. Зайырлы сипаттағы мектептер ашып, сол мектептерде өздерінің қызығушылығына қарай оқушылар бойында діни түсініктердің қалыптасуына күш салады. Мектеп бітіріп кеткен түлектерімен жүйелі түрде қарым-қатынас орнатып, іс-шаралар ұйымдастырып, түлектердің бір-бірімен мы­ғым байланыста болуына ықпал жасайды. Әрбір аймақтағы білім беру орталықтарының артында гүленшілер идеологиясының тара­луына жауапты әртүрлі қорлар немесе фир­малар тұрады. Гүленшілер топтық ұйымшылдық түсінігін қалыптастырады, яғни әр ортада өз жақтаста­рын іздеу, өздерінен еместерді шеттету арқы­лы жамағат арасында жікшілдікке жол бас­тайды. Дегенмен мемлекет ішінде, әлеуметтік топтарда, қоғамдық ортада өте мұқият және артық әрекетсіз, байсалды жұмыс жүргізеді және өздерін қоғам өкілдерінен бөле-жарып ұстамайды», – деп көрсетеді мүфтият.

Сондай-ақ, гүленшілер қатарына кімдердің түсетінін де діни басқарма материалда көрсеткен.

«Гүленшілер өздерінің мақсатына толықтай жетпей тұрып, шынайы келбетін ашпайды. Мысалы, мұсылмандықты сыртқы келбеті­мен танытуды, нақтысы ер адамның мұртын қысқартып, сақал қойғанына, әйел кісінің орамал тартып оранып жүргеніне аса маңыз бермейді. Тіпті діни терминдерді ашық қол­данбайды, мысалы, дәретті «билет», намазды «ұшу» секілді басқа сөздермен ауыстырып айтады. Бұл жамағаттың ықпалына көбінесе ұлттық-патриоттық санасы төмен және ұлт­тық идентификациясы қалыптаспаған адам­дар түседі», – делінген материалда.

Мүфтият материал соңында гүленшілердің бірқатар елдерде «террористік ұйым» деп танылғанын да жазған.

«2016 жылы Түркия үкіметі гүленшілер қозғалысын FETÖ террористік ұйымы деп жариялады. Сонымен қатар Пәкістан, Сол­түстік Кипр, Парсы шығанағы елдері және Ислам ұйымы бірлестігінде де гүленшілер қозғалысы «террористік ұйым» деп танылған», – делінген материалда.

«Гүленшілер» жамағаты деп сипатталып отырған қозғалыс Феттулах Гүлен есімімен байланыстырылады. Түркия президенті Ердоған билігі күшейген соң, Гүлен мен Ердоған арасында қақтығыс күшейді. Түркияда көп адам қудалауға түсті.

Ал ҚМБД-ның арнайы материал шығаруының ақыры неге ұласатыны әзірге белгісіз.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.