Ақ үй Қытайдан келетін импортқа тарифтерді қосымша 50 %-ға арттыратынын хабарлады. Нәтижесінде жалпы мөлшерлеме 104 %-ға жетеді.
Жаңартылған баж салығы сәрсенбі, 9 сәуірден бастап күшіне енеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Қытай импортына қосымша тарифтер енгізу туралы айтқан болатын. Оның айтуынша, егер Бейжің 8 сәуірге дейін АҚШ тауарларына енгізілген 34 пайыздық жауап тарифтерінен бас тартпаса, Вашингтон баж мөлшерлемесін арттырады.
Қытай билігі АҚШ президентінің мәлімдемесіне жауап беріп, «бопсалауға» көнбейтінін және «соңына дейін күресетінін» мәлімдеді.
«Қытайға қатысты тарифтерді көтереміз деген қауіп – ең жоғары деңгейдегі қателік. Бұл – америкалық тараптың бопсалаушы табиғатын тағы бір мәрте көрсетеді. Егер АҚШ осындай жолмен әрекет етуді жалғастырса, Қытай соңына дейін күреседі», – деді ҚХР Сауда министрлігі.
Ақ үй баспасөз хатшысы Кэролайн Левиттің айтуынша, тарифтердің екінші рет көтерілуі – Қытайдың енгізген жауап шараларына байланысты.
Трамп бұл жоғары тарифтерді ұзақ уақыт сақтап қалуды көздеп отыр ма, әлде бұл басқа елдерге қысым көрсету арқылы өзіне тиімді сауда шарттарын жасау үшін жасалған уақытша амал ма – әзірге белгісіз.
Қазақстанға қатысты АҚШ 27 пайыздық баж салығын енгізді.