27-11-19 |
510 рет қаралған
Биліктің әрекеті популизм бе әлде әлеуметтік толқудың алдын алу ма?.
Биліктің әрекеті популизм бе әлде әлеуметтік толқудың алдын алу ма?

Үкімет тағы да 57 мың адамның несиесін жабуға көмектеспекші. Мұны кеше еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.

«Бұл жұмысты біз 1 қарашаға дейін ұзарттық. Сөйтіп несие жабу жеңілдігіне 57 мыңдай адам үміттене алатынын анықтадық.  Біз 9,4 млрд теңге қосымша қаражат бөлуді сұрадық. 1 қарашаға дейін құжаттары дұрыс 57 мың адамның несиесін жабамыз» деді министр.

Салық төлеушілердің есебінен құралатын бюджет қаражатына «атымтай жомарттық» жасап, салық төлеушілердің есебінен 57 мың адамның несиесін жауып жатқан еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік проблемаларды шешуге қауқарсыз екенін тағы бір айғақтады. Жарайды, министрлік прьемер-министр кеңсесінің мақұлдауымен осындай қадамға барып отырғаны белгілі. Демек Асқар Маминнің үкіметі әлеуметтік саясатты дұрыс құра алмай отыр. Соның салдары тұрмысы нашар, төлем қабілеті төмен адамдардың несиесін мемлекет есебінен жабуға әкелді. О баста президент Қ.Тоқаев 500 мың адамның несиесі кешірілетінін айтып, ол жүзеге асқан. Сол кезде «мұндай шара бір реттік қана нәрсе» екенін қадап айтқан. Енді міне, тағы 57 мың адамның несиесін кешірмекші үкімет президентті өтірікші ғып шығарды.

Президент Тоқаевтың 500 мың адамның несиесі кешіру туралы мәлімдемесі қоғамда екіұдай пікір туғызған. Біріншіден, азаматтардың белгілі бір бөлігінің несиесін кешіру халықты алалау болса, екіншіден, билік несиесін кешірген адамдарды масылдыққа өзі үйретіп отыр. Мәселен, 500 мың адамның несиесін кешірген соң, соңғы тоқсанда кепілсіз несие алу күрт өсіп, барлық несиенің 53,2 пайызын алып, жиыны 3,7 трлн теңгеге жеткен. Міне, билік несие кешіріп, бедел мен ұпай жинаймыз деп қоғамның белгілі бір бөлігін масылдыққа өзі үйретіп отыр. Яғни, несиені кешіреді деген дәмемен жұрт банктерден үстемемен қарыз алуды көбейткен.

Әрине, несиесін үкімет кешірген әлеуметтік топ биліктің бұл әрекетін «халықтың қамын ойлайды-ға» балайды. Ал билік мұндай арзан әрі қауіпті әрекеті арқылы елдің сеніміне кіріп, ұпай жинауға ұмтылды. Ол ойы іске асқанда шығар, бірақ бұл елдегі қымбатшылық қысқан әлеуметтік наразылықтардың күшейіп келе жатқан ішкі наразылығын тоқтау бола алмайтыны анық. Билік әлеуметтік саясатты дұрыс әрі жүйелі құра алмайтын қауқарсыздығынан айғайлағанның бәріне ақша беріп (несиесін жауып) әлек. Бұл – қазіргі биліктің әлеуметтік саясаттағы жеңілісі. Бірақ оны біздің билік өліп кетсе де мойындамайды.

Айтпақшы, ең қызығы, билік әлеуметтік жағдайы нашар, табысы төмен адамдардың несиесін кешіріп жатырмыз деген желеумен банктерге көмектесіп отыр. Яғни, несие жабу үшін банктерге бюджеттен миллиардтаған теңге бөлініп, банктер баяғыша бюджеттің мойнына мініп, масыл болып отырғаны жасырып емес. Мәселен, экономист Тимур Жақсылықов өзінің телеграм каналында осы мәселеге арнайы тоқтала келіп бүй дейді: «Несиелер қалай берілді, банктер несиені қалай берді, несиені кешіру қайталана бермес үшін қандай шара қолданылуы керектігі жайында сараптама жасалуы тиіс. Банктердің тәуекел менеджменті кезекті рет өзінің қаурқарсыздығын танытты. Президент нақты әрекет жасамаса, көп ұзамай ұлттық қор таусылады».

Міне, гәп қайда! Ал билік несие кешіру секілді бір жағы популизм, бір жағы банктерге көмектесу, бір жағы елдің сеніміне кіру секілді үш жақты ойнын тоқтатар емес. Үкіметтің ойыны осылып жүрмесе болды…

Өміржан Әбдіхалық, arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.