19-11-21 |
560 рет қаралған
ЭКСПО-2020: Қазақ павильонын көруге жұрт кезекте тұр.
ЭКСПО-2020: Қазақ павильонын көруге жұрт кезекте тұр

Биыл Дубай қаласында ЭКСПО-2020 көрмесі өтіп жатқаны белгілі. Бұл көрме Біріккен Араб Әмірліктеріне барған әр адам ат басын тірейтін айтулы орынға айналып отыр. Аумағындағы сан алуан ғимараттар мен пальмалардың көлеңкесін паналап, Қазақстан павильонын мен де іздеп келемін. Көк аспанда күн күйдіріп тұрса, жердегі асфальт пен тас төсемдер адамның аяғын балқытатындай. Дегенмен жергілікті тұрғындар мен ыстық елдерден келген азаматтар күн астында емін-еркін жүр. Кенет домбыраның күмбірлеген қоңыр үні естілді. Жүрекке жылу ұялап, музыка шыққан жаққа қарай беттедім. Қазақ елінің еңселі ақшаңқан ғимараты АҚШ пен Италия павилиондарына көршілес әрі дүкен мен сән-салтанатты шаралар өтетін алаңқайдың жанында – өте ұтымды орналасқан екен. Алпауыт АҚШ пен сәнді Италияны көруге келгендердің назарын қазақтың ұлттық киімін киген әншілер мен бишілер еріксіз тартып әкетіп жатқандай. Қазақстан павильонының алдында түрлі елдерден келген халық нөпірі байқалады.

«Ғимараттың сырты да, іші де ғажап! Маған өте ұнады. Әсіресе соңғы шоу-бағдарлама қатты әсер етті. Басқаларға ұқсамайды. Қазақстан туралы бұған дейін көп еш нәрсе білген жоқ едім. Енді қазақ елінің мәдениеті мен тұрмысы жайлы біршама ақпарат алдым. Бұл павильон шынымен де осы ЭКСПО-2020 көрмесіндегі ең үздіктердің бірі», – деп алған әсерімен бөлісті Румыния елінен келген Малина аты бикеш.

Кейбір келушілер Қазақстанды сағынғаннан келген екен. Олардың қатарында егде тарқан Питер мен Ангела да бар.

«Көрмелерді аралап жүріп, жолай кірдік. Негізі осы павильонды әу бастан көргіміз келген. Өйткені Алматы қаласына осыдан отыз жыл бұрын бір рет барған едік. Сол саяхатымыз есімізге түстіп кетті», – деп ағынан жарылды Германия азаматтары.

Келушілер павильон ішіне кірген кезде лазерлік шоу жарық шашып қарсы алады. Сол бөлмеде Қазақстан туралы жалпы түсінік берілгеннен кейін, жусан исі аңқыған бөлмеге кіреді. Ары қарай Ұлы дала еліне саяхат басталады: еліміздің бай тарихына шолу, қазба байлығы, тәтті алмасы мен басқа да жетістіктері көрнекі түрде таныстырылады. Соңында бәрі күткен негізгі шоу өтеді. Шоу аяқталғаннан кейін барлық келушілер ғимарат артындағы алаңға шығады. Қалаған адам қазақ ресторанына барады немесе үлкен қағазға сурет салады. Бұл сурет әлемдегі ең көп суретші бірігіп салған сурет атанып, Гиннесс рекордтар кітабына енбек.

Эксподағы бір мәселе – кезек күту. Әрине музейге немесе сувенир сататын дүкенге ұқсайтын павильондарда еш кезек жоқ. Ал көрсетері бар елдерге кіру үшін кезекке тұру қажет. Мәселен Жапонияға кіру үшін павильон алдында 1,5-2 сағат сарылып тұруға тура келеді. Ал жерлестеріміз бұл мәселені сәтті шешіпті. Павильонға кіре беріс алаң сахна тәрізді жасалған, ол жерде ұлттық киім киген өнерпаздар ән салып, би билейді. Бір жағынан концерттік бағдарламаларға халық жиналса, екінші жағынан кезек күткендерге ән-күйімізді таныстырады.

«Мен Қазақстан көрмесіне кіру үшін жарты сағаттан астам кезекте тұрдым. Дегенмен әншілер, бишілер көңіл көтерді, олар демалған кезде қазақша музыка ойнады. Кезекте тұрған уақытым тез әрі қызықты өтіп кетті. Басқа елдерде осындай концерт тамашалайтын кезек көргем жоқ. Көрмеде Қазақстанның тарихы, мәдениеті туралы біршама ақпар алдым. Соңғы шоу ұнады», – дейді Үндістандық Маниш.

Ал Қазақстаннан келген Ақмарал мен Айнел есімді арулар қазақша әндерді естігенде рухтанып, күш-жігер алғанын айта отырып, көрмеден алған әсерімен бөлісті.

«Осы елге саяхаттап келгеннен кейін өзіміздің павильонымызды көруге келдік. Өте тамаша, жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бәрі қазіргі ХХІ ғасырға сай, әсерлі. Павильонымыз мықты елдердің қатарында», – дейді отандастарымыз.

Халық лек-легімен көрмеге кіріп жатқанда, еліміздің әр өңірінен келген кәсіпкерлер ғимаратының басқа бөлігінде бас қосып жатыр екен. «КІТ» бизнес қауымдастығы өкілі Гүлжан Смағұлованың сөзінше, қауымдастық кәсіпкерлерді бір алаңда жинап, әртүрлі іс-шаралар өткізуде.

«Дубай Экспосында осымен бесінші рет бас қосып отырмыз. Бұл жолы елден елу кәсіпкер алып келдік. Мақсатымыз іскер адамдар өзара тәжірибе алмасып, ісін жандандыра түссе дейміз. Шағын кәсіптен ортаға, орта кәсіптен іріге өтуіне қолдау көрсетеміз. Қауымдастықта сарапшыларымыз бар. Осындай іс-шараларда кәсіпкерлер сарапшылармен бірге бизнес құрал жасап, кәсібінде қолданады. Ол құралдар бизнесті алға жетелейді. Мәселен ертең жергілікті араб кәсіпкерлерімен кездесу өтеді», – деп атап айтты бизнес қауымдастық өкілі.

Яғни павильонымызда тек еліміз ғана таныстырылып қоймайды, сонымен қатар әртүрлі бизнес кездесулер, презентациялар өтіп, сурет галареясы да ұйымдастырылады. Кешке қарай EXPO-2020 халықаралық көрмесі аумағында әлемге танымал сахна жұлдыздарының концерттері, басқа да шоу-бағдарламалар өтеді.

Нұржан Көшкін, Дубай

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.