13-05-18 |
3560 рет қаралған
Заң әйелдер жағында.
Заң әйелдер жағында

Елбасымыздың Қазақстан халқына жолдауында, оның ішінде әйелдерге айтқан үндеуінде «Мемлекет үшін және менің жеке өзім үшін де ананы қорғау – ерекше мәселе. Қымбатты ханымдар! Сіздер – отбасының, демек, мемлекеттің тірегісіздер. Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты. Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары» деп өте әдемі айтып отыр. Сонымен қатар Елбасымыздың үндеуінде «Мен ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені, оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегеді. «Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді». Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті» екенін де ерекше атап көрсетті.

 «Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» деп ата-бабамыз айтып кеткендей, отбасын сақтап отан болып кету негізінен әйел кісіге көп байланысты. Ер адамдарға қарағанда әйел үй жұмыстарының көбісін атқаратыны сөзсіз, тамақ істеу, бала тәрбиелеу, кір жуу, үй тазалау жұмыстарының барлығы да негізінен әйелдердің еншісінде екені белгілі. Осының барлығын көре, біле тұра көп жағдайларда ер азаматтары әйеліне сыйластықпен, түсіністікпен қарамастан, ішкілікке салынып, ұрыс-жанжал, ұрып-соғумен, күш көрсету арқылы отбасының берекесін қашырып, некелері бұзылып жататын жағдайлар соңғы жылдары көбейіп барады.

Некені бұзуға талап арыз беретіндер негізінен жастар, нақтырақ айтқанда отандасқандарына небәрі 5 жылды төңіректеген ерлі-зайыптылар екені анықталған. Ал, сотқа түсетін талап арыздарды саралағанда, мұндай қадамға бірінші баратындардың басым бөлігі әйел азаматшалар.

«Елімізде толық емес отбасылар көп. Біз әйелдер үшін икемді еңбек түрлерін қалыптастырып, үйде жұмыс жасауларына жағдай туғызуымыз керек. Заң, мемлекет және мен біздің ханымдарымыздың жағындамыз. Біз бұдан әрі де елімізде әйелдердің рөлі артуы үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз. Қазіргі замандағы қазақстандық әйел қызмет істеуге ұмтылуы керек. Әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық басқару ісіне белсене тартқан жөн, әсіресе, жергілікті деңгейдегі өңірлерде. Олардың бизнес ашып, оны жүргізуіне де қолайлы жағдай жасаған абзал» екенін де атап өтті Елбасы. Сонымен қатар баланы қорғауға ерекше ден қою керектігін ескерткен мемлекет басшысы: «Бейбіт өмірдің өзінде бізде мыңдаған жетімдер бар – балалар үйлері толы. Бұл, өкінішке қарай, жалпыәлемдік үрдіс және жаһанданудың сынағы. Бірақ біз бұл үрдіспен күресуіміз керек. Мемлекетіміз бен қоғамымыз жетімдерді асырап алуды және отбасы типіндегі балалар үйлері салынуын көтермелеуі қажет. Ерлердің әйелдер мен балаларға мүлдем жауапсыз көзқарас танытқан оқиғаларының саны өсуде. Бұл біздің дәстүрімізге, мәдениетімізге тіптен жат. Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар құқықсыз болуға тиіс емес. Елбасы ретінде мен әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап ететін боламын. Біздің топырағымызда туған кез келген сәби – қазақстандық. Және мемлекет оны қамқорлығына алуға тиіс», – деп барлық қамқорлығын көрсетуде.

         Елбасы және мемлекет тарапынан әйелдерге осыншама қолдау көрсетіп жатқан уақытта еліміздегі ер азаматтарды қиыншылықтарды жеңе біліп, отбасыларының тірегі, үйдің егесі болуға, әйел үйдің мықты шегесі болып, некелеріңізді сақтап қалудың, балалардың көз жасын төкпеудің қамын жасауға шақырамын.

Ильяс ТОҒЫЗБАЕВ,

Оңтүстік Қазақстан облысы

Қазығұрт аудандық

сотының судьясы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.