Ұлттық құндылықтар – халықтың болмысы мен рухани байлығын, тарихын, дәстүрін, тілін, мәдениетін айқындайтын басты негіз. Қазақ халқының қонақжайлығы, дәстүрге беріктігі мен салтқа адалдығы бүгінгі ұрпаққа үлгі. Жаугершілік заманда өмір сүріп, тар жол тайғақ кешуді өткерген халқымыздың тарихы тұнып тұрған өнеге. Ұлтарақтай жері үшін қасық қаны қалғанша күрескен ата-бабаларымыздың бізге қалдырған өнегесін келер ұрпаққа жеткізу әрқайсымыздың міндетіміз. Тілімізді шұбарламай, дінімізді алаламай, салт пен дәстүрге берік болсақ, ұрпағымыздың да ойының дұрыс, мәдениетінің жоғары болатыны анық.
Дәстүрді дәріптеу, салтты ұмытпау – ұлтты сақтап, ұлттық бірегейліктен айнымаудың кепілі. Осы орайда ел Президентінің жарлығымен Наурызнама онкүндігінің бекітілуі барымызды бүтіндеп, жоғымызды түгендеуге тамаша мүмкіндік. Наурыз мейрамының бұлай атап өтілуі ұлық мерекенің мән-мағынасы мен мазмұнын арттырып, өз құндылығымызға деген сүйіспеншілігімізді оятты. Көрісу күні – Амал мерекесінен бастау алатын Наурызнаманың «Қайырымдылық» күніне жалғасып, «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» күніне ұласуы өзіндік үйлесім тауып тұр. Одан кейінгі күндердің «Шаңырақ», «Ұлттық киім күні», Жаңару, Ұлттық спорт күні, Ынтымақ күні, Жыл басы және Тазару күні болып белгіленуінің де өзіндік мәні бар. Міне, осы онкүндікті өз тұғырында атап өтуге әр ұжым, әр мекеме өзінше атсалысуда.
Айталық Алматы қаласы, Медеу ауданындағы №172 мектеп-гимназиясының үш мың оқушысы мен 100-ге жуық педагогы ұлттық киім киіп, бір мезетте хормен Наурыз әнін шырқап, Қазақстан бойынша рекорд орнатты. Мектеп ауласына ұлттық киіммен шыққан оқушылар мен ұстаздар Наурыз сөзіндегі әріптердің бойымен сап құрды.
Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы Ақнұр Оразханқызының айтуынша, Алматы қаласы білім басқармасы басшылығы «Наурызнама» күнтізбесіне орай «Ұлттық киім күнінде» челленджге бастама көтерген. Бұл челленджге 3000-нан астам оқушы мен 200-ден астам мұғалім жұмылдырылған. Сонымен бірге шараға білім саласының 70-тен аса ардақты ардагерлері мен ауданның барлық мемлекеттік мекемелерінің басшылары қолдау білдіріп, бірге тамашалаған.
Оқушылар ұлттық нақышта тігілген киімдерін киіп, «Наурыз» сөзін әріптермен құрастырып шықты. Челлендждің мақсаты ұлттық киімдерімізді дәріптей отырып, күнделікті өмірде киіп жүруге насихаттау. Болашақ ұрпаққа ұлттық киімдеріміздің рөлін түсіндіру және құрметтеуге шақыру, — дейді Ақнұр Оразханқызы.
№172 мектеп-гимназия директоры Әлия Чорманованың айтуынша, челленджді ұйымдастыру идеясы ұстаздардан болғанымен, шараның сауатты, сапалы өтуіне оқушылар белсенділік танытқан.
Біздің мектеп ұлттық киім күні белгіленбей тұрып-ақ қазақы салт-дәстүрді ұлықтауды жолға қойған. Мектебіміз алғаш ашылған кезде арнайы «Мұрагер» сыныптары құрылып, дарынды балаларға домбыра үйрету ісі қолға алынған. Соның арқасында біздің балаларымыз қазақтың қара домбырасымен еліміздегі талай тартысты додаларында топ жарды. Тіпті, шетелдерге барып, меткептің намысын қорғап, домбыраның әуезді үнін өзге жұрттарға танытуда да алдыңғы шепте жүрді. Оның үстіне, бірлігі бекем ұжымымыз әр жұманы ұлттық киім кию күні етіп бекіткен. Сондықтан әр жұмада мұғалімдеріміз бен оқушыларымыздың ұлттық киіммен келуі қалыпты жағдай. Бізде қазақы құндылықтарды дәріптеуге бұрыннан басымдық берілген» дейді №172 мектеп-гимназия директоры.
Ал үш мың адам бірігіп ұлттық киіммен алаңға шығып қоймай, бір сәтте Наурыз әнін шырқау бастамасын ұстаздар мен оқушылар құп алды. Мектептегі үш мыңға жуық оқушының бірі қалмай бұл челленджге бір кісідей қатысты. Мұндай ауқымды шараны атқару оңай емес. Әр адамның өзіндік пікірі, ойы болады. Бірақ, ұжым бастаманы бірден қолдады.
Қолдағаны сол, аз ғана уақыттың ішінде мектеп ұжымы мен сынып жетекшілерінің қарқынды ұйымдастыруының арқасында оқушыларға бірдей ұлттық киім тіктіріліп, дайындалды. Қыздардың шаштарын келістіре өріп, шашпау мен шекелік тағуы дағдыға айналды.
Жалпы ұстаздар тарапынан көтерілген кез келген бастамаға үнемі қолдауын білдіріп келе жатқан ата-аналарға зор алғысымды білдіргім келеді. Ата-аналардың ешқайсысы балаларға бірдей ұлттық киім тіктіруге қарсы болмады. Бұл біріншіден мектептің соны идеяларын қолдау болса, екіншіден, ұлттық дәстүрге деген адалдық деп түсінуге болады. Соның арқасында мектеп ауласында бірдей киінген оқушыларымыз ортаны көркем суретке айналдырып жіберді. Ерекше көркем киінген шәкірттерімізге өзге түгіл, өзіміз тәнті болдық. Ал сонша бала мен ұстаздардың Наурыз жырын әуелете шырқауы мектептің музыка пәні мұғалімдерінің біліктілігі мен талантына байланысты екені талассыз», — дейді Әлия Чорманова. Директор осы ретте ардагерлердің де еңбегін елеусіз қалдырмады.
«Ұлттық дәстүрімізді ұлықтаудың тағы бір тамаша тұсы – бұл ауданымыздың ардақты ардагерлерінің тынымсыз еңбек етуі. Олай дейтін себебім, мектебімізде үздіксіз ұйымдастырылатын шараларда үлкендеріміз батасын беріп, ақ тілектерін жаудырудан аянған емес. Реті келсе, әжелеріміз ұмыт болып бара жатқан ұлттық өнерімізді дәріптеп, ұршықты шыр айналдырып, текемет пен сырмақтың сырылу жолдарын түсіндіріп отырады. Ауызға салса еритін құрттың, ірімшіктің, сары май мен айран, қатықтың маңыздылығын дәріптеп отырады. Ал аталарымыз қайыстан қамшы өрудің сырын ұқтырып, үлкенге ізет, кішіге құрмет екендігін тілге тиек етеді. Қарап тұрсаңыз мақтануға тұрарлық жайттар өте көп. Қартын сыйлаған қазыналы ел, батамен көгеріп, көктейтінін әсте ұмытқан емес. Мұның өзі тұнып тұрған құндылық пен таптырмас тәрбиенің бастауы.
№172 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аманғалиев Шынболат та шараның өте есте қаларлық дүниелерге толы болғанын атап өтті.
Біз мектебіміздің қазақилығы үшін мақтанамыз. Ұлттық киім киген үш мың оқушымыздың ұлттық болмысымызды ұлықтауы өзгелерге тамаша үлгі болғаны анық. Үш мың оқушы Наурыз әнін 4 минутта әуеле шырқап болды. Ал осы төрт минуттық көріністі қоюға қаншама еңбек, ұйымдастыру шаралары кеткенін сырт көз біле бермейді. Басшымыз айтып өткендей, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу әр азаматтың міндеті деп білемін. Тәрбиенің тал бесіктен басталатыны секілді, бала кішкентай күнінен көргенін бойына сіңіріп өседі. Ғылым мен техниканың дамыған заманында санасын телефон улап жатқан балаларымызды домбыра үйірмелеріне, ұлттық спорт түрлеріне беру керек. Бос уақытын тиімді пайдалануға бағыттаған дұрыс. Тоғызқұмалақ арқылы логикасын дамытсақ, атқа мініп, көкпар тарту арқылы жылдамдық пен күшті болуға шақырамыз. Тағы айта кетерім, осы онкүндік аясында қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Мектеп оқушыларынан құралған топ ұйымдасқан түрде Думан ықшам ауданында тұратын жалғызбасты ардагер әжеміздің үйіне барып, толыққанды тазалық жұмыстарын жүргізіп берді. Үйдің ішінен басталған тазалық жұмыстары үй ауласына ұласып, мұнтаздай етілді. Әжеміз балаларға ақ батасын беріп, ыстық бауырсақпен рақметін білдірді» дейді Шынболат Аманғалиев.