05-09-18 |
9010 рет қаралған
Ахмет Байтұрсынұлы. Мектеп керектері.
Ахмет Байтұрсынұлы. Мектеп керектері

5 қыркүйек «Алаш» қайраткері, ғалым, аудармашы, ақын, ағартушы ұстаз, публицист, Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Осыған орай А. Байтұрсынұлының мектеп керектері туралы жазған мақаласын жариялап отырмыз. Ұстаз бұл мақаласында мектеп сапасы, ұстаздардың біліктілігін қалай арттыру керектігі туралы, білім беру жүйесін жақсартуға қатысты ойын жазады.

МЕКТЕП КЕРЕКТЕРІ

Өткен нөмірде қазаққа қандай бастауыш мектептер керегін жазып едік, енді ол мектептерге не керек, сол жайынан жазбақшымыз.

Қазақ балаларын ана тілінде төте жолмен, қолайлы құрал- дармен оқыту жайын жақсы білетін мұғалімдер үш жыл оқытқандабірталайбілімүйретугеболады.Анатіліндежазылған кітаптар, газеталар, журналдар о ғайри ана тіліндегі жазу-сызу бастауыш мектептен шыққандардың  мүлкінде болады, яғни солардың бəрінен де пайдалануға қолынан келетін болады. Біздің қазіргі ел ішіндегі мектептерімізде жоғарғы айтылған шарттардың біреуі-ақ бар, ол бар дегеніміз – ана тілімен оқыту. Басқа шарттары орнына келмеген соң, үйренерлік білімнің көбін білмей, балалар азын ғана біліп шығады. Бізде қазірінде төте оқу жолымен оқыта білетін педагогика, методикадан хабардар мұғалімдеріміз жоқ қасында. Бастауыш мектепке керек құралдарымыз сайлы емес. Кесіп-пішкен программа жоқ. Сондықтан қазаққа қандай мектеп керектігін сөйлегенде, ол мектепке не керек екендігін де айту тиіс.

Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қанадай болса, мектебі һəм сондай болмақшы, Яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең əуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта  білетін  мұғалім.  Екінші,  оқыту  ісіне  керек  құралдар қолайлы һəм сайлы болуы. Құралсыз іс істелмейді һəм құрал қандай болса, істеген іс те сондай болмақшы. Істің толық жақсы болуына, құралдар сайлы һəм  жақсы болуы шарт.  Үшінші, мектепке керегі белгіленген программа, Əр іс көңілдегідей болып шығу үшін оның үлгісі я мерзімді өлшеуі боларға керек. Үлгісіз я мерзімді өлшеусіз істелген іс лопы-солпы, я артық, я кем шықпақшы. Керексіз нəрселерді үйретіп, балалардың өмірін босқа өткізбек үшін, үйретерге тиісті білімді кем үйретпес үшін, балалардың күші жетпейтін өте алысқа сүйреп кетпес үшін, бастауыш мектепке үйрететін нəрселердің кесімі- пішімі болуға тиіс. Сол пішім программа деп аталады.

Өткен нөмірде біз айтып өттік, қазақ үшін ашылған орыс школаларының мұғалімдері, оқу құралдары сайлы деп. Біздің ана тілімізде оқылатын мектептеріміздің құралдары, мұғалімі сондай сайлы болуға тиіс. Сонда мектеп программасын үлгеріп, орнына келтіре алады. Мектепке керек нəрсенің бəрі сайлы болмаса да мектеп ақсайды, программа бойынша үстіне артқан жүкті дұрыс алып жүріп, мерзімді жеріне мезгілінде жеткізе алмайды. Сондықтан мектеп керек болса, мектепке нəрселері де сайлы болуы керек.

Мұғалім сайлы болу үшін, мұғалімге керек білімді үйрететін орыннан оқып шығарға тиіс. Ондай орын қазақ түгіл, қазақтың бұрынырақ қимылдап жатқан ноғай бауырларымызда да жоқ. Қазақтардың өздері дарилмұғаллимат (педучилище – ред.) ашып, мұғалімдерін сонан оқытып шығаратын заман алыс жатыр. Қолдан келмейтіндерін қоя тұрып, қолдан келерлігін дұрыстау тиіс. Орыс мұғалімдік школаларынан шығып, учитель болып жүрген қазақ жастары бар, мұсылман медреселерінен оқып, мұғалім болып жүрген қазақ жастары бар. Осылардың екеуі де толық мұғалімдікке жарайды, егерде бұлардың біреу- лері мұсылманша хат білу жағынан, екіншілері педагогика, методика жағынан кем соқпаса.

Осы күнгі орысша оқығандардың көбі мұсылманша хат білмейді, мұсылманша оқығандардың көбі педагогика, мето- дикадан хабардар емес. Қазақтан тəуірірек школ һəм медресе бітіргендер аз. Ол аздың үстіне орысша оқып, мұсылманша да білетіндері аз. Мұсылманша оқып, педагогика білетіндері аз.

Жұртқа тəртіпті мектеп керек. Мектепке сайлы мұғалімдер керек. Мектептерге мұғалім боларлығымыз жоғарыда айтыл- ған екі түрлі жастарымыз. Олардың сайлы мұғалім болуына жетіспей тұрған жерін бітегене жетістіру ғана қажет. Орысша оқығандардың мұсылманша хат білуіне бір-екі-ақ ай үйрену қажет, мұсылманша оқығандар педагогиканы дұрыстап үйрен- бегенменен методиканы біліп, жаңа усулдармен танысуына оған да бір-екі ай үйрену керек. Бұл бір-екі ай үйрену қайсысына да болса, қолдан келмейтін іс емес.

Мұғалімнен соңғы сайлы болуға тиісті нəрсе оқу құралдары. Оқуғакерекқалам, қағаз, қарасия, сауыт, отыруғакерекнəрселер пұлға табылатын заттар. Қазірінде пұлға табылмайтын: қазақ мектебінде қазақ тілінде оқытуға керек кітаптар. Өткен нөмірде қазақ бастауыш мектебінде үйретілетін білімдер мынау дедік: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, шаруа-кəсіп, жағрафия, жаратылыс жайы. Осыларды үйретуге керек кітаптар қазақ тілінде жоқ. Міне, қазір іздесек ақшаға табылмайтын құралдар осы. Осыларды дүнияға шығару керек. Біз бұларды уақыт жетуінше қолға алып істеп жатырмыз. Бірақ, бір жағынан, басқа жұмыспен байланулы болғандықтан, бір жағынан, басы ашық мəтбуғамыз болмағандықтан, тез үлгеріп бола алмай жатыр. Шыға бастағандарына өкпесі бар кейбіреулер сын таққан болып жатыр. Сынағанда біреулері тіпті қолына алып қарамай, екіншілері қараса да танымай сынап жатқан көрінеді. Əркім сынау керек өзінің жақсы білетін нəрсесін. Білмейтін нəрсені сынаймын деп, құр өзінің  білмегендігін көрсетеді. Біреудің бір нəрсенің білетін, білмейтіндігі істегенде ісінен көрінеді.

«Айқап» журналында «Оқу құралы» есімді қазақ əліппесіне сын тағып отырғандар жаңа усулдарды  білмейтін  адамдар. Ол əліппе жазылған жаңа усулдардың ең жақсы – усул сотие жолымен. Оқу кітаптары жазылады оқыта білетін, усулдармен таныс мұғалімдер үшін. Машина һəм басқа құралдар жасалады сол машина құралдардың тетігін біліп пайдаланатын адамдар үшін. Жұмсауын білмей кінə қою көзілдірікке кінə қойған маймыл сияқты болады я аузы қисық бола тұрып айнаға өкпелеген сияқты болады. біз оқу құралдарының подретін алып істеп жатқанымыз жоқ. Біздікі жаман болса, жақсысын шығарыңдар. Жақсы шықса, жаман қалатын.

 Бұл оқыту жайының таласы ақыретте не болады деп таласу емес, қазақ жерді олай я бұлай алса, түбінде пəлен болады деп таласу емес. Олар  алдағы нəрселер. Оқыту  жайын кім жақсы, кім жаман білетіндігін көзге көрсетуге болатын нəрсе – педагогика, методикаларды кəміл білетін адамдардың алдында əліппе шығарушы һəм сын тағушы, екі жағы сынға түссін, тұтынған усулы бойынша балаларға сабақ беріп көрсін. Таласпайтын орында талассын, ауыз ауыртпай соны істеу керек. Əйтпесе, біліп сын таққанымды, білмей сын таққанымды жұрт қайдан білсін деп мінеу – жұрттың бəрі жақсы мен жаманды айырмайтын ақмақ деп ойлаған болады ғой. Бұ жағын «Айқап» ойлап я ойламай орын беретініне түсініп жете алмаймыз.

Петербургта оыс күні болып жатқан кеңесте рухани істермен қатар мектеп мəселелері де қаралып жатыр, соңыра Думада да солай қаралмақшы. Ана тілімен оқытамыз деген пікір – кіли орыстан тегі басқа, тілі басқа жұрттың бəрі қуаттайтын пікір. Ана тілімен оқу  бізге де керек екендігінде еш талас болмасқа керек. Назаров кеңесінде қазақта ана тілімен оқуға оқу кітаптары жоқ деп, бірден орысша оқытуды қуаттаушы чиновниктер болған. сондай сөздер болмас үшін ана тілінде оқытатын кітаптарымыз бар деп айтуға жарарлық болуымыз тиіс.

«Қазақ» газетасы, 1914 жыл, 17 май, № 62.

А.Байтұрсынұлы / «Ел – шежіре»

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.