Ағылшын жазушысы Джон Рескиннің «Ұлы халықтар тарихын ісімен, сөзімен және өнерімен жазады» деген дана сөзі бар. Расында, тарихын ұмытып, өткенінен қол үзген ел тамырынан ажырайды. Міне, сондықтан да елімізде тарихтың сауатты жазылуына, тарихи тұлғалардың еңбегін есте қалдыруға қатысты жұмыстар жүйелі жүргізіледі.
Десек те, ғаламтордың дамуы, әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың көптігі тарихи деректерді жинақтау, жазу ісін кенжелеткені рас. Әсіресе, радио, телеарналардағы тікелей эфирлер заманауи қажеттілік болғанымен, дауыс пен деректің тасқа басылмауы қалыпты үрдіске айналғанын көзіміз көріп жүр. Бұл тарихи жылнамаларды таспалауға кедергі.
Тарихи құндылықтарға көңіл бөлмеудің кесірінен қаншама тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына қатысты деректер қара сөзбен кестеленсе де, дауысы мен бейнесі алтын қорда сақталмады. Алтын қорға жүгінгенде бұрынғы таспаларға көп иек артқанымызбен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы дауыстық, бейнелік қорлардың жұтаң екенін байқап, көңіліміз құлазиды. Барды бағалау қажетін, қолда бардан айырылғанда ғана ойлайтынымыз өкінішті. Жақында «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы жарыққа шығарған «Асыл мұра» аудиожинағы осы олқылықтың орнын толтыруға жасалған игілікті қадам болды. Құнды жәдігерлер жинақталған бұл жинақты халық қуана қабылдады.
«Асыл мұра» жинағы алты бөлімнен тұрады. Осы алты бөлімде ұлттық ән-күйлер мен жыр-термелердің жауһарлары жан-жақты іріктеліп, топтастырылған. Ең бастысы 1500 аудиошығарма біріктірілген жинақ әлемдік музыкалық платформалардан да орын алмақ. Бұл ел тарихын түгендеуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ең нәтижелі жұмыс деуге болады.
«Алтын қорда» сақталған 400 күй, 300 жыр-терме, 400 халық және халық композиторларының әндері, 100 ертегі, 50 бесік жыры, 250 ретро ән – ел үшін құнды жинақтың өзегіне айналды. Бұл таспалардың халыққа берері мол. Себебі, құрастырушылар аудиожинаққа 1500 шығарманың ең көне түпнұсқаларын, ең алғышқы орындаушылар орындаған шығармаларды іріктеуге күш салған. Жауһар өнердің үздік туындыларымен танысқысы келгендерге таспаны сатып алу міндетті емес. Өйткені аудиошығармалар жүзден астам әлемдік жетекші музыкалық платформаларға жүктелгенін айта кеткен орынды. Сонымен бірге, көне туындыларды тыңдағысы келгендер өзіне керекті шығарманы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының altynqor.com сайтынан да оңай жүктеп ала алады.
«Асыл мұра» жинағын шығаруға Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мұрындық болған. Ерлан Тынымбайұлы мұндай бастама халықтың музыкалық мұрасын түгендеп, ұлттық мәдениетке жаңаша серпін береді дейді. Мемлекет тарапынан көне жәдігерлерге назар аударылуы, халықтың өткенін түгендеп, барын бүтіндеуге жол ашады.
Жалпы биылғы жылы Көкшетауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ұлттық цифрлық мұрағат құрудың маңызын атап өтіп, барлық салада тиімді қолдану керектігін алға тартқан болатын. Шындығында, тарихымызды заманауи сандық технология көмегімен таспалаудың тиімділігі зор. Бұл бұған дейін әр жерде сақталған жыр жауһарларын бір ортаға жинауға, ұмыт қалған туындыларды іздеп табуға, ән-жыр, күйлерді сақтауда кеткен олқылықтарды жолға қоюға көмектеседі. Ал бұған дейін тек «Алтын қорда» сақталып келген 1500 түпнұсқа туындыны әлемдік музыкалық платформаларда жариялау қазақтың өзі үшін де, әлем үшін де маңызды. Себебі, ел көзінен жырақ сақталған бұл туындыларды ашық жариялау халықтың ұлттық өнерге деген құрметін оятып, сонымен бірге әлемнің қазақ халқының тарихы, өнерімен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді.
– Бұрын көнекөз қариялар пластинкаларға жазылған жырлар мен әндерді, күйлерді бірге отырып тыңдап, балаларға ұлттық болмыс-бітімімізді таныстырып отыратын. Кейін пластинка тұрмақ, оны ойнататын музыкалық құралдардың өзі көннің көзі болып қалды. Қайта Қазақ радиосынан өзіміз пір тұтатын ақындардың дауысын, әншілердің әнін, күйшілердің өзі орындаған күйін тыңдап құлағымыздың құрышы қанатын еді. Бірақ, арнайы дайындалып отырмаған соң кейде әннің ортасынан естіп, кейде соңғы жағын құлағымыз шалып, қап деп қалатын кезіміз аз болмайтын. Ал балам «Асыл мұра» жинағын әкеп бергенде өте қуандым. Мемлекеттің осы мәселеге көңіл аударып, алтын қордағы алтын дауыстарды күнделікті тыңдауымызға мүмкіндік беріп жатқаны қандай жақсы, — дейді ардагер ағаларымыздың бірі Нұрымхан Мешелов.
Осы ретте Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің «Асыл мұраны қолға алудың арқасында жыр-термелерді, халықтың және халық композиторларының үздік туындыларын, бұған қоса, ертегілер мен бесік жырларын миллиондаған тыңдаушы кез келген уақытта кедергісіз тыңдауға мүмкіндік алды. Бұл – ұлттық өнерімізді жаһандық мәдени кеңістіктің төріне шығаруға бағытталған тағы бір үлкен қадам. Жасанды интеллект дәуірінде мұндай жобалар ұлттық мәдени контентті жүйелеуге қызмет етіп қана қоймай, жас буын өнерпаздарға, келешек ұрпаққа сенімді дереккөз болады», — деген сөзімен келіскен жөн. Расында, аталмыш жинақ көне жәдігерлерімізді түгендеп қана қоймай, келер ұрпаққа да тарихты, халықты тануға жол ашатын дереккөз болары талассыз.
Жинақтың құндылығы жоғары. Себебі мұнда аты аңызға айналған күй анасы Дина Нұрпейісованың орындауындағы 12 күй енгізілген. Сонымен қатар Тәттімбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Мәмен сынды талантты күйшілердің көзін көрген өнерпаздар үздік шығармаларды халыққа ұсынған. Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменовтердің дауысы да халықты өткен күндердің тамаша туындыларымен қайта қауыштырады.
«Асыл мұра» жинағын дайындау бір күннің шаруасы емес. Бұл маңызды таспаға іріктелетін шығармаларды іздеу, жинау жұмысына аттай бір жарым жыл уақыт кеткен. Елуден астам маман топтастырылған шығармашылық ұжым жинаққа енетін туындыларды үлкен сүзгіден өткізген. Мұндағы шығармалардың қазақтың ән-күй тарихында алар орны бөлек. Мәселен, жинақтағы ең көне шығарма Әміре Қашаубаевтың орындауындағы «Балқадиша» әні осыдан бір ғасыр бұрын таспаланған болатын. Ең қызығы, Алтын қорда «Балқадиша» әнінің 24 нұсқасы сақталған. Осы туындылардың арасынан ең көнесін таңдаудың өзі мамандарға оңайға соқпағаны анық.
Ел игілігіне жарайтын үлкен істің басында «Қазақстан» ұлттық арнасының ұжымы тұрғанын да айтпай кетуге болмайды. Басқарма төрайымы Ләззат Танысбайдың айтуынша: «Асыл мұра» жинағын шығарудағы негізгі мақсат –халықың мәдени мұрасына деген құрмет, ұлт мұрасы алдындағы жауапкершілікпен сабақтас. Сол асыл мұраны заман талабына сай сақтау мен насихаттау да біздің Ұлттың арнаның маңызды миссиясы». Ең бастысы, Ұлттық арна өзіне жүктелген миссияны сәтті орындап, халық алдындағы аманатына адалдық танытты.