25-03-24 |
5070 рет қаралған
Жаңаөзендегі мұнайшылар талабы орынсыз.
Жаңаөзендегі мұнайшылар талабы орынсыз

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрсейіт Союнов «West Oil Software» ЖШС заңсыз ереуіліне қатысушыларға бейнеүндеу жолдады. Үндеуінде ол келіссөздер барысында жұмысшылардың ҚМГ құрамына қабылдауды, оларды ұлттық компанияда қабылданған бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесіне өткізуді және кәсіпорынның жабдықтарын жаңартуды талап еткенін атап өтті.

ҚМГ ереуілшілердің соңғы талабымен келісті, құрал-жабдықтар әзірленген бағдарламаға сәйкес үш жыл ішінде толық жаңартылады. Алайда West Oil Software ұжымын «ҚазМұнайГаз» құрамына беру және бірыңғай еңбекақы жүйесіне көшу талаптарының орынсыз екенін және олардың орындалмайтынын айтты.

Союновтың айтуынша, мекеменің көлік паркін жаңғырту бағдарламасы бойынша оны жаңарту бастамасын ҚМГ көтерді. Қазірдің өзінде жаңа техниканы сатып алу бойынша келісімдер жасалды – жыл соңына дейін 70-тен көп техниканы жаңарту жоспарлануда, барлығы 200-ден астам техника жаңартылады.

– «Жұмысшылар қойған негізгі талаптарға сәйкес, мекеменің құрал-жабдықтарын жаңартып, жоғары сапалы еңбек жағдайын қамтамасыз ету мақсатында үш жылдық мерзімге 202 бірлік техниканы жаңарту жоспары бекітілді. Жаңарту кестесіне сәйкес кәсіпорынға жаңа техникалар келе бастады. 2023 жылы 17 бірлік техника және 2024 жылдың басынан бастап 4 бірлік техника алынып, іске қосылды, осы жылдың соңына дейін барлығы 70 бірлік техниканы жаңарту жоспарлануда. Сонымен қатар, қазіргі уақытта өндірістік ғимаратты жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде», – деді Нұрсейіт Союнов.

Сондай-ақ, Союнов ақпан айында ереуілден кейін қызметіне қайта оралуға шешім қабылдаған 143 қызметкерге наурыз айында жалақы төленгенін атап өтті. Олар еш кедергісіз, штаттық режимде жұмысын жалғастырды.

– 3 дәрежелі жөндеушіге – 413 мың теңге есептелді (қолға алғаны 328 мың теңге); 4 дәрежелі жөндеушіге – 499 мың теңге есептелді (қолға алғаны 396 мың теңге); 5 дәрежелі жүргізушіге – 1 млн. 156 мың теңге есептелді (қолға алғаны 918 мың теңге); 6 дәрежелі жүргізушіге – 1 млн. 196 мың теңге есептелді (қолға алғаны 949 мың теңге) берілді», – делінген үндеуде.

Сонымен қатар, компания қызметкерлеріне мереке күндерінде 50 АЕК мөлшерінде сыйақы, 125 АЕК мөлшерінде демалыс ақысы, 13-ші жалақы, балабақша мен лагерьге жұмсалған шығындарды өтеу, үйлену, баланың дүниеге келуі және тағы басқа жағдайларда әлеуметтік төлемдер көзделген. West Oil Software компаниясының әлеуметтік пакеті «ҚазМұнайГаздан» еш айырмашылығы жоқ.

– «Аталған деңгейде жалақы мен әлеуметтік пакеттері бар жұмыс табуға өңірдің біршама тұрғындарының қолы жетпей жүргенін жақсы білесіздер. 11 наурыздан бері ереуілге шыққан жұмысшылардың өкілдерімен бірнеше рет келіссөздер жүргізіліп, еңбек дауы төңірегінде орын алған жағдайлар талқыланды. Заңсыз ереуілге қатысушылардың өтініші қаралып, ҚР Еңбек кодексінің 173-174 баптарын қолданудың мүмкін емес екендігі жеткізілді. Ереуілді заңсыз деп тану туралы сот шешімі бар. West Oil Software ұжымын «ҚазМұнайГаз» құрамына беру және бірыңғай еңбекақы жүйесіне көшу талаптары мүмкін емес», – деп түсіндірді «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрсейіт Союнов.

«ҚазМұнайГаз» өкілі заңсыз ереуілге қатысушыларды жұмыс орындарына оралуға шақырып, жұмыссыз қалудың табыссыз қалуға әкеп соғатынын атап өтті.

– «Мені білесіздер, мұнай-газ саласында ұзақ жылдар бойы жұмыс жасап жүрген киелі Маңғыстаудың жергілікті азаматы ретінде, Сіздерге күнделікті өндірісте өздеріңізбен жұмыс жасап, қайтадан қызметтерін бастаған 143 азаматпен бірге болып, жұмыс орындарыңызға оралуға шақырамын. Қазақта «бір күн ұрыс болған жерден қырық күн береке кетеді» – деген қанатты сөз бар. Жанұя кішкентай мемлекет болса, Сіздердің әрқайсыларыңыз бір отбасының тұғырлы тірегі, арқа сүйер өзегі – азаматысыздар. «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» демекші, қолымызда бар құндылықтың қадірін білейік! Арандату мен алауыздықтың жарға жығып, опық жегізетінін тарихтан сан мәрте көріп келеміз. Өйткені елдің де, жердің де, үкілеп өсіріп отырған ұл-қыздарымыздың да болашағына қызмет ету азамат ретіндегі бәріміздің қасиетті борышымыз. Сөзге тоқтаған текті бабалардың ұрпағы, киелі өлкенің азаматтары ретінде ешбір арандатуға түспей, жұмысымызға оралып, адал табыс тауып отырған қызметтеріңізге білек түре қайта кірісу қажет деп санаймын, деді Нұрсейіт Союнов.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.