Абай – Алаш баласының ары мен абыройы, ұлттың ұяты мен ұстыны. Ол жайында әр дерек құнды, өзі ғұмыр кешкен сайын дала төсіндегі тауы мен тасы да қастерлі. «Жазғаны осы ғана ма?» деп бәзбіреулер қомсынатын, азсынатын бар ғұмырында хатқа түсіп бізге жеткен 176 жыры да қасиетті, 3 поэмасының да мазмұны терең, 45 қара сөзінің мағынасы да бай. Хакім хақындағы естелік пен ел ауызында айтылып, санаулы жанның санасында сақталып, жұрт жадында жатталып «Абай айтыпты» дейтін әр екі жол сөз де аяулы. Ол сол үшін де асқақ, сонысымен данышпан Абай.
Абай дәуірін тануда, ойшыл ақынның өмір сүрген ортасы мен қала мәдениетіне бой ұруы, меңгеруі деген мәселеде, жалпы, абайтану ғылымында американ жазушысы әрі көсемсөзшісі Джордж Кенанның (1845-1924) «Сібір және Сүргін» кітабы өте қымбат дүние. Бұл кітапта жиһанкез жазушы Кенанның Сібір аймақтарын аралаған, қазақ жерінде, Ертіс бойындағы қалалар Өскемен мен Семейге келген сапары сөз болады. ХІХ ғасырдың сексенінші жылдары американ жазушысы Семейде болған кезінде Ресей патша үкіметіне қарсы шығып, саяси қылмыскер ретінде қуғынға түскен хакім Абайдың етене жақын араласып пікірлес болған адамдары һәм достары, орыс оқымыстыларымен танысқанын әңгімелейді.
Дж.Кенанның «Сібір және Сүргін» кітабында Абай Құнанбайұлы туралы әңгімеге қанығып, оның саяси сүргінге ұшыраған достарының қазақ ойшылын биікке көтеріп, құрметтегенін аңғаруға болады. Осы кітап Абай оқыған әлемдік деңгейдегі авторлар мен оқулықтар хақында қызықты деректер мен мәліметтер береді.
Жазушы Кенанның «Сібір және Сүргін» туындысында автор Леонтьев мырзамен пікірлесіп, Семей кітапханасының пайда болу тарихы туралы әңгімелесіп, кітапқұмарлар жайлы сөз болғанын айтады. Тіпті бір әңгіме орайында шетелдік жазушы Абайдың пікірлес досы Леонтьев сөзінен: «Осындағы адамдардың кітапқа қызығушылығы керемет. Милль, Бокль, және Дрепер іспетті авторларды іздеп оқитын осы кітапхананың тұрақты оқырманы Ибраһим Құнанбаев қартты білемін. Алғаш кездескенде ол менен индукция мен дедукцияның өзара айырмашылығын түсіндіруді өтінуімен таңғалдырды. Содан кейін мен оның ағылшын ойшылдарының еңбегін түбегейлі оқып, үйреніп жүргеніне және мен атаған авторлардың бәрін оқығанына көзім жетті» – деген үзінді келтіреді. Бұл мұқым қазақ баласы үшін ыстық әрі жақын сөздер дейтініміз анық.
Қазақтың кемеңгер ойшылы, хакім Абай Құнанбайұлы жайында мағлұматты қамтыған «Сібір және Сүргін» еңбегі 1886-1991 жылдары Абайдың көзі тірісінде Нью-Йорк, Париж, Лондон қалаларында жарыққа шықса, орыс тілді оқырмандар үшін Санкт-Петербург қаласында 1906 жылы тағы бір мәрте басылып шығады. Дәл осы кітап бүгінгі күні Абай музейінің қорында сақтаулы тұрған сирек кездесетін аса бағалы жәдігерлердің бірегейі екеніне сенім кәміл.
Бұл кітап ақынның жер басып тірі жүрген күнінде жарияға шығып, кітап болып басылуымен қадірлі. Басқа емес шетелдік қаламгердің әлемнің әр түрлі тілінде жарық көрген кітабында біз биікке көтеріп, тәу ететін Абай есімінің алғашқы аталуы да осы. Шын мәнінде сырына құмартатын бұған қоса баға жетпес жаңалық болатын…
Қуат ҚИЫҚБАЙ,
жазушы, әдебиеттанушы,
Абай музейінің ғылыми қызметкері
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024