04-09-19 |
910 рет қаралған
Тоқаев: «Азия алыбы» халықаралық сыйлығын тағайындаған жөн.
Тоқаев: «Азия алыбы» халықаралық сыйлығын тағайындаған жөн

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Азия қаламгерлерінің I форумы өтіп жатыр. Оған президент Қ.Тоқаев қатысып сөз сөйледі. Президент өз сөзінде «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындау керектігін айтты. Президенттің сөйлеген сөзін президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли фейсбук парақшасында жария етті.

 

«Соңғы жарты ғасырда Азия қайта түлеп, қарқынды дамып келеді.
Шығыс мемлекеттері әлемдік алпауыттар қатарынан нық орын алды.
Бүгін мен осы форумға өзек болатын бірқатар маңызды мәселелерге тоқталғым келеді.
Бірінші. Жаһанданудың шығыстық дәстүрі нақты сипатқа ие болып, кеңейе түсуде.
Мысалы, қазір Ұлы Жібек Жолының экономикалық мән-маңызы ғана көбірек айтылады.
Шын мәнінде, оның тұтас өркениеттерді тоғыстыратын күшке ие болғаны ескеріле бермейді.
Бүгінде Азияның озық экономикасымен бірге әдебиеті, өнері, білім жүйесі де алдыңғы қатарға шықты.
Азия халықтарының Сөз өнері бай, тамыры тереңде.
Жер бетіндегі жазу-сызудың Шығыстағы Шумерде, Мысыр мен Қытайда пайда болуы – соның айқын дәлелі.
Түркі, қытай, үнді, араб, парсы елдерінің көптеген көне жәдігерлері дәуір сынынан сүрінбей өтіп, бүгінге дейін жетті.
Бұл мұралардың құндылығы неде?
Көне ескерткіштердің негізінде жатқан жалпы адамзаттық құндылықтар әдебиет арқылы әлемге таралды.
Әр оқырманның көкейіндегі сауалдардың жауабы мен жаһандық мәселелердің шешімі де дәл осындай туындылардан табылады.
Екінші. Азия әдебиетінің өрісі айтарлықтай кеңейіп келеді.
Шығыстан шыққан қаламгерлер күллі дүниені мойындатып отыр.
Бұл ретте, Азия әдебиетін әлемге әйгілеп, дәріптей түсу – форумның тағы бір маңызды міндеті деп санаймын.
Шығыс даналығының дәстүр сабақтастығы Сіздердің туындыларыңыз арқылы жалғасын табады деп ойлаймын.

Еуразия жүрегіндегі Қазақ даласы батыс пен шығысты жалғайтын дәліз ғана емес.
Ұлы Дала Елі – сан тараптағы ғылым мен білімнің, өркениеттердің тоғысқан тұсы.
Бүгінгі форум қазіргі заман үрдістерінің адам әлеуетін дамытуға қызмет ететінін көрсетіп отыр.
Рухани кемелденуге ұмтылмай, өркендеу болмайды. Ондай дамудың ешқандай маңызы жоқ.
Бұл ретте, Сіздердің еңбектеріңіз Азияның ұлы мәдениетін жаңғырту ісіне елеулі үлес қосып келеді.
Азия әдебиетін одан әрі дамыту үшін біз мынадай маңызды мәселелерге назар аударуымыз қажет.
Алдымен, Азия қаламгерлері форумы шығармашыл қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керек.
Бұл маңызды шара Азия елдерінде тұрақты түрде өтуі қажет деп санаймын.
Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс.
Азияны бүкіләлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды.
Сондықтан әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау – басты міндеттердің бірі.
Осы мақсатта «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындаған жөн.
Әлемдегі әйгілі сыйлықтар секілді бұл марапаттың да беделін арттыруға күш салуымыз керек.
Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құратын уақыт жетті.
Бұл Азияның теңдессіз дүниетанымы жинақталған баға жетпес асыл қазынаның есігін жер жүзіне айқара ашатын құнды дүние болары сөзсіз.
Осындай игі бастамаларды іске асыру жұмысы қаламгерлерімізді біріктіріп, Азия әдебиетін жаңа белеске шығарады деп сенемін», деді президент Қ.Тоқаев.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.