28-11-18 |
770 рет қаралған
Ақ үй: Трамп Аргентинада Путинмен келіссөз жүргізеді.
Ақ үй АҚШ президенті Дональд Трамп Аргентинада өтетін «Үлкен жиырмалық» (G20) елдерінің саммитінде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесетінін растады.

Қарашаның 27-сі күні АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон Трамп пен Путин биыл шілде айында Хельсинкиде кездескенде бастаған келіссөзін жалғастыратынын хабарлады. Болтонның сөзінше, Трамп Ресей президентімен «қауіпсіздік, Украина мен Таяу Шығыстағы жағдайды және қаруға бақылау жасау мәселелерін» талқылайды.

Болтон «Трамп Ресейдің Керчь бұғазында Украина кемелерін тұтқындағаны жөнінде мәселе көтере ме?» деген сұраққа Ақ үйдің ұстанымын бұған дейін БҰҰ-дағы АҚШ елшісі Никки Хейли білдіргенін айтты. Никки Хейли БҰҰ-да Ресейдің әрекетін сынға алған.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс Трамп Аргентинада Путиннен басқа Германия канцлері Ангела Меркельмен, Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен және Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуді жоспарлап отырғанын айтты.

Әлемнің экономикасы қуатты жиырма елі басшыларының саммиті 30 қараша мен 1 желтоқсан аралығында өтеді.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.