03-10-18 |
1080 рет қаралған
Арменияда наразылықтан соң бірнеше министр отставкаға кетті.
Армения президенті Армен Саркисян Еревандағы митингіден соң алты министрді отставкаға жіберді. Бұл шенеуніктер – заңға мерзімінен бұрын сайлау өткізуді қиындататын түзетулер енгізуді қолдаған «Гүлденген Армения» және «Дашнакцутюн» партияларының мүшелері.

Парламентті таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізуді премьер-министр Никол Пашинян қолдап отыр. Парламент жұмысын реттейтін заңға түзетулер енгізу жобасы дауысқа салынған соң ол өз жақтастарын Ереван орталығына наразылық акциясына шығуға шақырған.

Азаттықтың Армян қызметінің хабарлауынша, митингіде Пашинян парламент жұмысын реттеуге қатысты мәселені шешуде өз ұсынысын білдірген. Пашиняннің ұсынысы бойынша, ол премьер-министрліктен отставкаға кетеді және егер парламент өзін екі ретте де премьер-министр қылып сайлай алмаса, онда конституция бойынша парламент тарайды да, мерзімінен бұрын сайлау өтеді.

Армения парламенті 2 қазан күні кешке өткен кезектен тыс жиынында парламенттің жұмыс тәртібі туралы заңға өзгерістер енгізуді мақұлдаған. Парламенттегі Армения республикалық партиясы, «Дашнакцутюн» партиясы мен «Царукян» блогы ұсынған өзгерістер бойынша, төтенше жағдай немесе депутаттардың жұмысына кедергі келтіру салдарынан парламентте қандай да бір мәселе талқыланбай қалса, онда парламент жиыны өтпеді деп емес, тоқтатылды деп саналады.

Премьер-министр Никол Пашинян қабылданған өзгерістер парламентті тарату мүмкіндігін айтарлықтай азайтатынын мәлімдеген. Ол заңға түзету енгізуді қолдаған депутаттар мен саяси күштерді «контрреволюционерлер» деп атады.

Қазанның 2-сі күні кешке наразылар парламент ғимаратына кіреберіс жолды жапты. Парламент алдындағы Баграмян даңғылына заңға енгізілетін даулы өзгерістерге қарсылығын білдіру үшін премьер-министрдің шақыруы бойынша шыққан халық жиналған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.