Ұлттық банк төрағасы алдағы үш айда азық-түлік бағасы қымбаттамайды деп уәде берді. Бұл туралы “Информбюро” бағдарламасы хабарлады.
Елде азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер бес айға жететін қор сатып алу керек деген ұсыныс жасады.
Естеріңізде болса, қоймаларда сақталып тұрған картоп пен сәбіз көктемге дейін жеткен жоқ. Өйткені әкім-қаралар халыққа қажетті қорды ескермеген. Амал жоқ, көрші елдерден сатып алып, ақыр соңы сәбіздің келісі сегіз жүз елу, картоптың келісі бес жүз жетпіске барды. Қазір баға көктемдегіден біршама төмен. Алайда азық-түлік бағасы қысқа жақын қайтадан қымбаттауы мүмкін.
“Осы жылдың соңына қарай 8%-ға дейін төмендету үшін үкімет пен әкімдер реттеушілік сипаттағы және монополияға қарсы ықпал етудің тиімді уақытша шараларын негізге алып, жекелеген нарықтарда маусымдық күтпеген өзгеріс мен теңгерімсіздікті жою бойынша жедел шаралар қабылдайды”, – дейді ҚР Ұлттық Банк Төрағасы Ерболат Досаев.
Азық-түліктің бағасын аспандатпай ұстап тұру оңай шаруа емес. Ол үшін Үкімет пен әкімдер жабыла жұмыс істеу керек. Әйтсе де үкімет өзімізде егілетін бидай, картоп, сәбіз бен қызанақ, күріш пен қарақұмықты молынан өндіру керек дегеннен басқа жаңа ештеңе ойлап таппаған сияқты. Ал Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі әдеттегідей бес айға жететін азық-түлікті қорын сатып алайық деген ұсыныс тастады.
“Маусымаралық кезеңде өңірлердің тұрақтандыру қорларында картоп, сәбіз, қырыққабат және пияз бойынша қала халқы қажеттілігін, қарақұмық жармасы мен күнбағыс майы бойынша бүкіл халық қажеттілігінің 30% көлемінде бес айлық қорын қалыптастыру ұсынылады”, – дейді ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров.
Министрлік қажетті азық-түлік қоры қалыптасатын болса, қымбатшылықтың алдын алу мүмкін екенін айтты.
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024