15-02-21 |
1400 рет қаралған
«Elorda Jastary»: Жаңа мүмкіндік алаңы.
«Elorda Jastary»: Жаңа мүмкіндік алаңы

Елордалық жастар қолжетімді баспана, жұмыспен қамту мәселесін талқылады. «Elorda Jastary» бағдарламасының мүмкіндіктері түсіндірілді.

Елорданың белсенді жастары, мемлекеттік мекемелердің басшылары және мәслихат депутаттары 2021-2023 жылдарға арналған «Elorda Jastary» бағдарламасын талқылады. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен елорда жастарына жан-жақты қолдау көрсететін бағдарламаның маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінгі кездесуіміздің мақсаты – жастарға арналған ауқымды бағдарламаны талқылау. Қала басшысы жастарға арналған осындай бағдарламалардың құрылуын әрдайым қолдайды. «Elorda Jastary» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – кәсіби білім, жұмыспен қамту және жастарға арналған қолжетімді баспана. Бағдарлама аясында осы үш бағытты дамытуымыз керек. Соның ішінде салауатты өсір салтын ұстану жөніндегі бағытты да ескерген маңызды», – деді Бақтияр Мәкен.

Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров аталған бағдарламалардың бағыттары туралы толығырақ айтты.

Жастардың қажеттілігі негізінде әзірленген «Elorda Jastary» бағдарламасы Нұр-Сұлтан қаласының 2050 жылға дейінгі стоатегиялық даму жоспарына сай жасалды.

Басқарма басшысының айтуынша, бағдарлама 4 бағыттан тұрады. Оның біріншісі – сапалы әрі қолжетімді білім. Бұл тұрғыда жаңа Оқушылар сарайы салынбақ. 2021-2023 жылдары жоғары оқу орындарында білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау желісі бойынша 2 142 грант бөлінбек.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 жыл ішінде 3 150 кадрды дайындау көзделуде.

Екінші бағыт – кәсіби бағдар, жұмыспен қамту және жастар кәсіпкерлігі. Бұл ретте «Жаңа мамандық атласы» енгізілмек. 1 500 түлек дуальді оқыту бағдарламасы бойынша жұмыспен қамтылмақ.

«Жастар тәжірибесі» жастар бағдарламасы бойынша жұмыспен қамтуды 50 пайызға арттыру көзделуде.

29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерге бөлінетін грант көлемін 45 млн теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр.

Үшінші бағыт – жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету. «Жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалға беру» бағдарламасы аясында 1 000 пәтер бөлінбек. Сонымен қатар «Отбасы» банкімен бірлесіп елорда жастарына жеңілдетілген несиемен 600 пәтер бөлінеді деп жоспарлануда.

Сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балаларға арналған пәтер квотасын 20 пайызға жеткізу көзделуде.

«Отбасы – бақыт мекені» неке және отбасы институтын нығайту жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сол сияқты студенттер жатақханасын салу үшін 19 гектар жер бөлінбек.

Төртінші бағыт – салауатты өмір салтын ұстану және бос уақытты тиімді пайдалану. Бұл ретте «Жастар» театры ашылмақ.

15 аула клубы, 6 жастарға арналған денсаулық орталығы, 4 денешынықтыру-сауықтыру кешені, жаңа кітапхана, тегін коворкинг-орталық ашылады деп жоспарлануда.

Спорт шеберлеріне берілетін ай сайын төлем көлемі 100 АЕК-ке дейін көбейтілмек.

Сонымен қатар 14 пен 29 жастағы жастарға спорт нысандарына барған жағдайда 50 пайызға дейін жеңілдік берілмек.

Сол сияқты жастардың жаппай спортпен айналысатын аумақтарында спорт алаңдары мен workout-алаңдар саны артады деп жоспарланып отыр.

«Бағдарлама жобасын әзірлеу барысында қала басшылығымен 12 офлайн және онлайн кездесу өтті. Сондай-ақ үкіметтік емес жастар ұйымдарынан, студенттер қауымдастығы өкілдерінен, қоғам белсенділерінен, волонтерлік ұйымдар жетекшілерінен, жас кәсіпкерлерден, ең табысты спорт өкілдерінен, сарапшылар мен интернет қолданушыларынан 3 мыңнан аса сұрақ келіп түсті», – деді Қамбаров.

Кездесу кезінде жастарға арналған қолжетімді баспанаға қатысты мәселеге ерекше көңіл бөлінді. Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының айтуынша, «Elorda Zhastary» аясында енгізілетін жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша 10 пайыздық үстемеақымен 35 жасқа дейінгі азаматтарға 25 жылға дейінгі мерзімге несие арқылы баспаналы болу мүмкіндігі берілмек.

«Аталған бағдарламаны қала әкімі Алтай Сейдірұлы қолдады. Қазіргі уақытта Экономика және тұрғын үй басқармасымен бірлесіп, пәтер ережесі бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Одан кейін бұл істі қалалық бюджеттік комиссияың қарауына жібереміз», – деді Қайрат Қамбаров.

Жиын барысында жастар ұйымдарының өкілдері бағдарлама жобасын жақсарту жөнінде өздерінің пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.

Кездесу соңында қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен белсенді жастар тарапынан түскен ұсыныстарды енгізіп, бағдарлама жобасын 26 ақпанға дейін өзгертуді тапсырды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.