04-10-18 |
1490 рет қаралған
ХОК Рахимовтың AIBA басшылығына кандидат болғанына алаңдайды.
Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) Өзбекстан бизнесмені Гафур Разимовтің Халықаралық бокс ассоциациясының (AIBA) президенті қызметіне жалғыз үміткер болып тіркелуіне алаңдап, бокстың олимпиададан алынып тасталуы мүмкін екенін ескертті.

AIBA қазанның 3-і күні Гафур Рахимовті ассоциация президенттігіне жалғыз кандидат қылып тіркеген. AIBA басшысын сайлайтын конгресс 2-3 қараша күндері Мәскеуде өтпек.

Бұған дейін ұйым басшылығына кандидат ретінде Рахимовпен қатар ұйымның вице-президенті Серік Қонақбаев та ұсынылған еді. Бірақ ол кандидаттар тізіміне енбей қалған.

Гафур Рахимов 2018 жылдың шілдесіне дейін Өзбекстан Ішкі істер министрлігінің іздеуінде жүрген.

Бұған дейін ХОК Рахимов бокстың олимпиада бағдарламасында қала беруіне ықпал етуі мүмкін деп, оған өз кандидатурасын ұсынбауға шақырған. АҚШ Қаржы министрлігінің шетелдік активтерді қадағалау департаменті Рахимовті Өзбекстандағы ең үлкен қылмыскерлердің бірі ретінде санкция тізіміне енгізген. Қаржы министрлігі сонымен қатар Рахимовтің АҚШ долларымен кез-келген қаржы операциясын жасауына тыйым салған. Рахимов өзіне тағылған айыпты мойындамайды.

Рахимовтың AIBA президенттігіне бір өзі кандидат болғаны хабарланған соң ХОК «Бұндай іс-әрекет AIBA мен бокстың ғана емес, жалпы спорттың беделіне нұқсан келтіруі мүмкін» деп мәлімдеді.

«AIBA басшылығы ХОК өтінішін ескермеген жағдайда, бокс олимпиада ойындарынан алынып тасталуы мүмкін» деді Халықаралық олимпиада комитеті.

ХОК биыл жыл басынан бері бокстың 2020 жылы Токиода өтетін олимпиада ойындары шығарылуы мүмкін екенін ескертіп келеді. Бокс олимпиада ойындарына 1920 жылы қосылған.

2017 жылдың соңында AIBA президенті Ву Чинг Куо қаржылық қитұрқылықтарға қатысты қызметінен қуылғаннан бері Гафур Рахимов бұл ұйымды уақытша басқарып отыр.

AIBA-ның атқару комитеті таяуда Гафур Рахимовтың ассоциация ішіндегі ең ықпалды бәсекелестерінің бірі Франко Фальчинеллиді Еурпоа бокс ассоциациясының басшысы қызметінен босатқан.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.