08-09-21 |
1430 рет қаралған
«Иіс, маса болмайды»: Кіші Талдыкөлдегі тіршілік жандана түседі.
«Иіс, маса болмайды»:  Кіші Талдыкөлдегі тіршілік жандана түседі

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Кіші Талдыкөл мәселесіне қатысты пресс-конференция өткізді. Елорда халқы мен табиғат жанашырларын алаңдатқан мәселенің шешілу жолын Нұр-Сұлтан қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаева және «Байтақ болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Азаматхан Әміртай түсіндірді.

Елордада Кіші Талдыкөлді заиянды заттардан тазартуға дайындық жұмысы басталып кетті.

«Талдыкөл көлі мен сулы-батпақты Кіші Талдыкөлін шатастырмау керек. Елорданың бас жоспары бар. Қаланың шығысында жатқан Талдыкөл көлінің бойына көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Тұрғын үйден бөлек, мектеп, балабақша, емхана және басқа да әлеуметтік нысандар тұрғызылады. Осы тұста айтарым, көлдің өзіне тиіспейміз, керісінше, оның маңына үй салып, инфрақұрылымды дамытамыз. Сол сияқты батпақты лас суды тазартуды көлді жою деп түсінетін секілді. Бізде көлді жою мақсаты жоқ, керісінше оның лас батпақтан тазартып, сақтап қалмақпыз. Себебі экологиялық көрсеткіштер бойынша оның сулы-батпағы лас әрі зиян»,- деді Нұр-Сұлтан қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.

Шаруашылыққа жауапты мамандар Талдыкөл мен сулы -батпақты Кіші Талдыкөлдің жер үсті суларымен өзара байланыспайтынын айтты. Бұл жерде жер асты сулары арасында байланыс жоқ екеніне сендірді.

«Кіші Талдыкөл – баяғыдан батпақты жер. Оның аумағына Целиноград кезінде кәріз қалдықтарын тастаған. Эколог ретінде айтарым, қаланың ішінде немесе жақын жерде жағымсыз иісі бар объект болмауы керек. Бұл туралы БҰҰ-ның да тиісті стандарты бар. Бұл жерде қала әкімдігі көлді сақтап қалудың қамын жасап жатыр. Яғни, тұрғын үйді салушы компанияға көлді тазартып, сақтап қалу талабын қойып отыр. Жасанды бассейн болмақ, оның аумағы – 20 гектар. Оның үстіне маңында саябақ болады. Егер расымен көл тазартылып, сақталып қана қоймай, ондағы инфрақұрылым реттелсе, бұл – сол көлдің болашағы үшін күрескен экологтардың жеңісі деп білемін», – дейді «Байтақ болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Азаматхан Әміртай.

Құрылыс жұмыстары кезінде Кіші Талдыкөлде мекендейтін құстардан айрылып қалуымыз мүмкін деп алаңдаған астаналықтардың сұрағы да жауапсыз қалған жоқ. Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаева Кіші Талдыкөл әдемілене түсетінін айтты. Аймақ экологиялық тұрғыдан тазара түспек. Жергілікті тұрғындарды алаңдатқан жағымсыз иіс мәселесі де шешіледі.

«Саябақ салынады, Кіші Талдыкөлдің су беті сақталады. Тазалау жұмыстары жүргізіледі. Ешкім ештеңені қиратпайды, аумақ әдеттегідей абаттандырылады. Тиісінше, иіс, масалар және басқа зиянкестер жойылады», – деп түйіндеді Әлия Қожабаева.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.