09-10-18 |
1640 рет қаралған
Ішкі істер министрлігінің тағы екі шенеунігі ұсталды.
Қазақстан Ішкі істер министрлігі көліктегі ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары қамауға алынды. Бұл туралы қазанның 9-ы күні Астанада Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова хабарлады. Агенттік өкілінің сөзінше, министрлік шенеунігі жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінген. Ұсталған шенеуніктің аты-жөні жарияланбады.

Бастарованың айтуына қарағанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы жедел іздестіру шаралары барысында департамент басшысының орынбасары «Қазақстан» жылу-энергетикалық кешені» фирмасының аймақтық басшыларына Алматы, Қарағанды, Қостанай облыстары мен басқа да облыстарда жанармай ұрлауда қамқорлық танытқанын анықтаған. Тергеу кезінде топ адамның алдын ала сөз байласып, ай сайын «Қазақстан» жылу-энергетикалық кешен» фирмасының қоймаларындағы «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясына тиесілі дизельді ұрлағаны анықталған.

Шенеунік аталған фирманың аймақтық басшыларынан шілде-қыркүйек айларында қамқорлық танытқаны үшін 2,4 миллион теңге алды деген күдікке ілінген. Министрлік шенеунігі мен фирманың Қостанай облыстық филиалының және жанармай қоймасының директоры сот санкциясымен қамауға алынған. Бұл факт бойынша соталды тергеуі жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің арнайы тіркеуге алу бөлімінің басшысы «пара алу сәтінде» қолға түскен. Бастарова күдіктінің аты-жөнін және қашан ұсталғанын айтпады. Тергеу барысында күдікті «Ақтөбе облысында түрмеде отырған сотталушыны Ақмола облысындағы түрмеге ауыстыру үшін пара талап еткені» белгілі болған. Шенеунік кінәсін мойындап, тергеуге болысуға ниет білдірген соң сот оны үйқамаққа алған.

Қазанның басынан бері Ішкі істер министрлігінің осымен үшінші шенеунігі сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысты күдікпен ұсталып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 3 қазан күні министрліктің көліктегі ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының басшысын пара алды деген күдікпен ұстағанын хабарлаған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.