07-11-18 |
1520 рет қаралған
Лукашенко: Беларуське Ресей әскери базасы керек емес.
Беларусь президенті Александр Лукашенко ел аумағында Ресей әскери базасын құрудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, Беларусьтің өз-өзін қорғауға шамасы жетеді. БЕЛТА агенттігінің хабарлауынша, Лукашенко бұл жайында америкалық сарапшылармен кездесуінде айтты.

Лукашенко Беларусь аумағында Ресей әскери-әуе базасын құруға үзілді-кесілді қарсы екенін айтты. «Қажет болса, кез келген ұшақ Ресей аумағынан 3-5 минутта-ақ ұшып келе алады. Ондай болса, бұл жерде базаның қажеті қанша?» деді Беларусь президенті.

Қазір Беларусь аумағында Ресейдің екі әскери базасы бар. Олар – зымыран шабуылын алдын ала ескертетін жүйе құрамындағы «Волга» радиолокациялық станциясы және Ресей әскери-теңіз флотының 43-байланыс торабы.

Бұған дейін БАҚ Беларусьте Ресей әуе базасы құрылуы мүмкін екенін туралы бірнеше рет хабарлаған. Кейін екі жақ бұл мәселе бойынша келіссөз жүргізіліп жатқанын мәлімдеген.

Биыл мамырда Польша АҚШ-қа ел аумағында бронды танк дивизиясын орналастыруды ұсынып, бұған екі миллиард долларға дейін қаржы бөлуге даяр екенін мәлімдеген. 4 қарашада Лукашенко Польша билігіне бұл ұсынысы мен ниетінен бас тартуға кеңес берген. Оның сөзінше, Польша бұл ойынан бас тартпаса, Мәскеу мен Минск жауап қайтаруға мәжбүр болады.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.