Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Іс-шарада коронавирус пандемиясының салдары ұзақ жылдарға созылуы мүмкін екені айтылды, деп хабарлайды Arasha.kz
Жиында талқыланған мәселелер Elbasy.kz сайтында жарияланды. Онда елдің 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының негізгі бағыттары мен Қарулы күштерді қайта жарақтандыру мен қорғаныс өнеркәсібін дамыту жоспарлары қаралғаны жазылған.
– Біз біртұтас мемлекет және ұлт ретінде бетбұрыс кезеңіне келіп жеттік. Бұл өзгеріске коронавирус пандемиясы түрткі болды. Оның әсері алдағы онжылдыққа созылуы мүмкін. Қазірдің өзінде ұлттық қауіпсіздікке қатысты қалыптасқан сын-қатерлер трансформацияға ұшырап, ассиметриялық әрі гибридтік қатерлер туындап жатыр, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы мен қазақстандық қоғамның қазіргі жағдайларға жауап бере алатын жаңа ұлттық қауіпсіздік архитектурасын жасау қажеттігін атап өтті.
– Экономикалық, технологиялық, әлеуметтік ахуал мен сыртқы жағдайлар қалай өзгерсе де, біздің ешқашан мызғымайтын ұлттық мүдделеріміз бар. Бұл – Қазақстанның егемендігі, аумақтық тұтастығы, бірлік, саяси тұрақтылық, азаматтардың әл-ауқаты және әлеуметтік әділдік. Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы осы құндылықтарды қорғауға, биыл 30 жылдығын атап өтіп жатқан Тәуелсіздігімізді нығайтуға негізделген, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев биологиялық қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен ұзақ уақытқа дейін түспейтініне назар аударды, себебі инфекциялық және басқа да аурулар жаһандық сын-қатерлерге айналды. Осыған орай Елбасы биологиялық қауіпсіздік пен қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы басты қауіп-қатерлерге тойтарыс беру үшін тиімді шаралардың маңыздылығын атап көрсетті.
– Енді денсаулық сақтауға ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі компоненті ретінде қарау керек. Пандемия кезінде әлеуметтік-экономикалық тежелістер болады. Ол – бірінші кезекте, халықтың табысының азаюы, өңірлердің, салалардың, қалалар мен ауылдардың арасындағы теңсіздіктердің өсуі. Бұл бағытта мақсатты түрде жұмыс істеу керек. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға кешенді қолдау көрсету қажет, – деді Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024