27-10-18 |
1010 рет қаралған
Ресей зымыран бойынша талқылауды БҰҰ-ның күн тәртібіне енгізе алмады.
Ресей 1987 жылғы ядролық қару туралы келісімге қатысты талқылауды БҰҰ-ның күн тәртібіне енгізе алмады. 26 қазан күні аталған мәселенің БҰҰ-да талқылануына 55 ел қарсы дауыс беріп, 31 ел қолдаған. 54 мүшесі қалыс қалған. Осылайша Бас ассамблеяның қарусыздану бойынша комитеті резолюцияны БҰҰ-ның күн тәртібіне қоюдан бас тартқан.

Қарусыздану комитетінің жиынына АҚШ тарапынан қатысқан Роберт Вуд Ресей ұсынысы «қатты саясиланғандықтан» және мерзімінен кеш ұсынылғандықтан қабылданбады деген. Ал Ресей өкілі Андрей Белоусов қалыс қалған мемлекеттердің басым бөлігі тіпті, дауыс бергендердің елеулі бөлігі қарусыздану саясатын қолдайтынын айтып, олардың не үшін бұлайша дауыс бергенін түсінбейтінін айтқан.

БҰҰ дипломаты сәл кейінірек ақпарат құралдарына Еуропалық одақ пен НАТО-ға мүше елдердің Ресейге қарсы дауыс бергенін айтқан. Ол сонымен бірге АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынасты ушықтырмас үшін және бұл екі елдің өзара келісімге келуіне жағдай жасау үшін мемлекеттерден қалыс қалуын сұрағанын жеткізген. Ал Андрей Белоусов мемлекеттерге бұл бойынша ұсыныстарын қарусыздану комитетіне емес, тікелей Бас ассамблеясына жеткізуге шақыратынын айтқан.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімнен шығатынын мәлімдеген. Ол келісімнен шығуға Ресейдің келісім шарттарын бұзып отырғаны себеп екенін айтқан. Ал Ресей келісімді бұзбағанын, АҚШ-та бұған еш дәлел жоғын айтады.

 

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.